Болашақ ұрпақ тәрбиесі – ата-бабамыздан келе жатқан рухани мұралардың бірі. Себебі, артта қалған ізі қандай болса, ұрпағымыздың болашағы да сондай болмақ. Мектепке дейінгі тәрбие қызметкерлері балабақша табалдырығын жаңа аттаған бала бойына адамгершілік қасиетін сүттей сіңіріп, болашақтың үлкен есігіне, жақсы тәрбиемен жетелеуіміз керек.
Қазақта «Сүтпен сіңген, сүйекпен кетеді» деген мақал бар. Жас шыбықтай иілген жас бала адам болып шығу үшін «жан тәрбиесінің» орны ерекше. Өйткені, ол – бала келешегінде үлкен әріппен жазылатын қажеттілік.
Атадан балаға жалғасып келе жатқан халықтың тәлім-тәрбиесінің жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы өте зор.
Халық тәрбиесінің мақсаты – ары-жаны таза,әке-шешесі мен ағайын-туғанын, туған елі мен жерін сүйетін нағыз патриот, ұлтжанды азамат тәрбиелеп шығару.
Халық педагогикасында тұрмыстық ереже болып, халықтың санасына еніп, салтына айналған әдеп-ғұрыптардың тәрбиелік мәні қашан да асқақ.
Халықтың тұрмыстық іс-әрекет дағдысында үлгілі істер, әуелі дағды, содан соң ол дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, салт-санаға айналып, өмір заңдылығы болып қалыптасқан. Осы зандылыққа сүйене отырып, балаларды инабатты, кішіпейіл, кешірімді, әр нәрсеге адалдықпен қарауға тәрбиелеуде имандылық сабағын жүргіземіз.
Бала негізгі өнегені алдымен отбасында ата-атанасынан көріп, естіп өседі. Әрине, әркім өзінің баласын жаман болсын демейді, баласының тәрбиелі, білімді болғанын қалайды, әрі еңбек сүйгіш, жақсы адам болса, еліне, халқына пайдасын тигізетіндей бір маман иесі болса екен деп тілейді.
Жақсы тілек пен ниеттің орындалуына мүмкіндік жасайтын ата-ананың өзі. Бала тәрбиесі бесіктен басталады демей ме? Бала дүниеге келген күннен бастап ерекше көңіл бөліп, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, оны өнегелі қасиеттерге отбасынан қалыптастырған орынды. Осы орайда ойға оралатын алтын әріппен айшықталған мына әдемі асыл сөзді: «Балаға білім беру үшін, ең алдымен оны тәрбиелеген жөн, тәрбиесіз берілген білім бір апатқа әкеп соғады» деген Әбу Насыр Әл-Фараби.
Баламызды балабақшаға жіберіп, тәрбие, білім береді деп, бар ауыртпалықты тәрбиешіге салып қойғанымыз жеткіліксіз. Баланы балабақшаға берген соң, ата-ана тәрбиешімен тығыз қарым-қатынаста болып, оның дұрыс өркендеуі, дамуы, болашағы, қазіргі жас ұрпағымыздың тәрбиелі, жан-жақты білімді болуына көп байланысты.
Тәрбие ісінде тәрбиешінің рөлі, орны қандай дегенге жүгінуге тура келеді. Балабақшаға таңертең ата-анасы баласын әкеліп тастайды да, кешке бір-ақ алады. Таңертеңгі 08:00-ден бастап кешкі 18:00-ға дейін бала тәрбиешінің қарауында. Бала тәрбиешінің әр сөзін қалт жібермей тыңдап, қабылдауға тырысып отырады. Жақсы сөз айтсаң да, келеңсіз сөз айтсаң да – бала назарынан тыс қалмайды. Себебі, сіз – тәрбиеші, балаға үлгісіз. Сондықтан әр тәрбиеші ең алдымен өзі тәрбиелі, білімді, ақыл-ойы жоғары, парасатты болуы тиіс. Ересектердің осындай сәттерде баланың әрбір іс-әрекетіне назар аударып, дұрыс жолға салып отыруының нәтижесі зор екені белгілі. Ақын ағамыз Мағжан Жұмабаев: «Бала бір нәрсеге ұмтылса, сол нәрсеге баланың денесі, жаны, ақылы, сезімі, қайраты — бәрі бірдей жұмсалады» — дейді. Ендеше, осы балалық шақта балабақшада алған баланың әсері оның алдағы уақытта адамгершілігі мол азамат болып қалыптасуының негізгі тұтқасы болмақ. Қазақстанда тұрған соң, қазақ болып туған соң, сол ұрпақ қандай болып өскенін қалар едік? Ендеше, барлық балаларға да сондай көзқараспен қарауға міндеттіміз. Менің түсінігім бойынша, «адамгершілік» дегеніміз – адалдық жолында құрбан бола білетін адамның қасиеті. Егер де біз бойында адамгершілік қасиеті бар адам тәрбиелесек, ол адам өмір кемесінен өз орнын тауып, өзгеге де өнеге болары хақ.
Тәрбиеші үнемі ата-аналарға – әдет-ғұрып, әдемілік отбасында ананың мейірімімен, ананың сөзімен, ананың қылығымен, іс-әрекетімен, ананың көзімен, ананың жылуымен, ананың шуағы мол нұрымен – баланың бойына үнемі сіңіртіп отыратындары туралы айтып отыруы қажет.
Такибаева Жанар,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы,
№103 санаториялық бөбекжай — балабақшасының тәрбиешісі