Жалпы адамзат алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі — саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін бәріміз білеміз. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» — деп, бекер айтпаса керек дана халқымыз. Бала –біздің болашағымыз, еліміздің –ертеңі. Ендеше, бала тәрбиесіне бей-жай қарау мүмкін емес, ол әрбір ата-ананы, тәрбие ісімен айналысатын мамандарды толғандырар үлкен жауапты іс. Айналасындағы үлкендердің, ересек балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күйі, жүріс-тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі балаға үлгі-өнеге. Олар айналадағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді, қызығады. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, балабақшаға баратын бала жан-жақты жетіледі, өмірде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінеді және де өзін қалай ұстауды, ойын дұрыс айтуды үйренеді. Білімнің алғашқы негізі де осы балабақшада қаланады. Сондықтан, тәрбиешіге жүктелетін міндеттің де жүгі ауыр екені айтпаса да түсінікті. Мен Панфилов ауданы, Тұрпан ауылындағы «Балауса» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етіп келемін. Осы мамандықты таңдағаныма ешбір өкінбеймін, өйткені, жас бүлдіршіндерге арнаған уақытым өмірімдегі ең бір бағалы, бақытты кездерім болады деп айта аламын. Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың балғын үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін естігенде, бойымды қуаныш сезімі билейді. Олардың тәрбиешілерден күтетіндері өте көп екенін сеземін. Осы жауапкершілік сезімі мені жаңа ізденіске жетелейді. Жас өспірімдерді тәрбиелеуде білімділік пен біліктілік, үлкен ізденіс, шығармащылық қабілет, балаға деген сүйіспеншілік қажет. Қазіргі білім саласындағы жаңашылдық балабақша мекемелеріндегі қызметкерлерді де ойландыруы тиіс. Яғни, қоғамда болып жатқан жаңалықтардан тыс қалмай, өзіндік білімімізді жетілдіре отырып, келешек ұрпағымызды білімді етіп тәрбиелеу. Ендеше, жеке тұлғалық қарым-қатынастар, көшбасшылық, құзіреттілік дағдылырын бала санасына балабақша қабырғасында-ақ сіңіруге ерекше көңіл бөліну қажет. «Баланы бастан…» деп айтылған халықтық қағиданың бала болашағына ықпалы зор екеніне ешкімнің де дауы жоқ.
Оразымбекова Алия,
Панфилов ауданы, Тұрпан ауылы,
«Балауса» балабақшасының тәрбиешісі