Мықты отбасы — кез-келген мемлекеттің мызғымас тірегі. Шаңырақ тұтастығы оның әрбір мүшесіне де байланысты. Олардың ауызбіршілікте болып, кіші үлкенді сыйлап, үлкен кішіге ізет көрсетіп тұрса бақытты жанұя деген сол емес пе? Еліміздегі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қарасты білім ошақтарының барлығында бір демде ұйымдастырылған «Берік отбасы» жобасы БҰҰ бірлесіп, Ұлыбританиядағы атақты Оксфорд университетінің ғалымдары дайындаған бағдарламасының негізінде жүзеге асуда. 10-14 жас аралығындағы жасөспірім кезеңнің өтпелі проблемаларын жеңуге тәрбиелейтін жоба аясында мектептің педагог-психологы, педагог-ұйымдастырушы-кураторы, ата-аналар, оқушылар әр апта сайын бас қосып, тараптарға ортақ мәселе жайлы ой қорытты.
— «Берік отбасы» жобасы 7 тренингтен тұрады. Әр апта сайын мектебімізге келген ата-аналар отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты өздерін мазалаған сауалдарына нақты жауап алып, психологтардың ақыл-кеңесіне жүгіне алады. Жобаның негізгі міндеті – жасөспірімдер тәртібіне қатысты факторлар санын азайту немесе қателіктердің алдын алу. Бүгінге дейін 2 тренинг өткізілді. Нәтижесі жоқ емес. Мысалы, алғашқы кездегідей емес, бала мен ата-ана арасындағы байланыс, қарым-қатынас көп өзгерді. Біз оларды екеуара сөйлескенде, әңгімелесу барысында көріп байқап жүрміз. Жасыратыны жоқ қазіргі ата-аналардың көбі жастар. Олардың дені жұмысбасты, балаға көңіл бөлу кемшін. Қадағалау азайған соң бала еркінсіп, өзгелерге жиі еліктеуі болмаса әлеуметтік желіден көрден дүниелерін жасауға тырысады. Бұл бала тәрбиесіне кері әсер етері сөзсіз. Сол үшін оларды дұрыс бағытта тәрбиелеуде осы жобаның берері мол деп ойлаймын, — дейді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлігінің педагог-психологы Жанар Мұхаметқалиева.
7 аптаға жоспарланған тренинг түрлі тақырыптарды қамтиды. Мәселен ата-аналар үшін: «Отбасылық құндылықтар мен тәртіп», «Жақсы тәртібі үшін ынталандыру», «Жазалау», «Отбасы қолдауына аса зәру жағдайлардағы жанұя көмегі» сынды естен шығаруға болмайтын тәрбие барысынан бөлек ата-ананың өзін теріс әдеттердің бірі ішімдіктен сақтанудың жолдарын үйретеді.
— Жасөспірімдік шақ – бала өміріндегі ең құбылмалы кезең. Дәл осы сәтте оларға дұрыс бағыт-бағдар сілтей білсек, саналы азамат болып өсері сөзсіз. Біздер ұстаздар әр баланың мектептегі өміріне жауапты болған соң, олардың сапалы білім алып, жан-жақты тәрбиелі болып жетілуіне күш саламыз. Тренинг барысында оқушылар үлкенге құрмет, сыйлау, қайырымдылық, жанашырлық сынды қасиеттерді бойына сіңіруді түрлі ойындар арқылы жүзеге асырады. Түрлі рөлдерді сомдап, ата-ананың жауапкершілігі үлкен екенін түсініп келеді. Осының барлығы жанұя жарастығына септігі тиетініне сенімдімін, -дейді педагог-ұйымдастырушы-куратор Меруерт Биахметова.
Тренингк е өз өтініші бойынша қатысуға ниет білдірген ата-аналардың бірі — Индира Саханова. Үйдегі сәби нәрестесінің бар екеніне қарамастан келуге уақыт тапқан ана мектеп ұжымы өткізіп жатқан тренингтен түйгенім мол, алған сабағым аз емес деп отыр. Дәл осындай пікірді тағы бір әке қуаттады. Бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ол тренингтің жиі өтіп тұруы пайдалы боларына сенімді.
-Тренинг маған қатты ұнады. Жақсы ұйымдастырылған. Мектеп мұғалімі, психологымен әңгімелесе отырып, ұрпақ тәрбиесі мен отбасылық қарым-қатынаста жай күндері аса мән бермейтін түрлі жайттарға көз жеткізіп отырмын. Менің ойымша, бұндай тренингтер осы жермен ғана шектелмеу керек. Қазақстанның әр мектебінде өткізілсе, артықтық етпейді деп ойлаймын, -дейді Асхат Оспанов есімді әке.
Тренинг алдағы уақыттарда өз жалғасын тауып, оған жүйелі түрде қатысушы 10 отбасыға әлі талай құнды кеңестер беретін болады. Бұл өз кезегінде «шағын мемлекет» шаңырағының шайқалмауына оң әсер етеді.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі