Home » Жаңалықтар » МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ – БАСТЫ НАЗАРДА

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ – БАСТЫ НАЗАРДА

Білім беру және ғылым саласына елеулі өзгерістер енгізіліп жатқан қазіргі кезеңде мектепке дейінгі ұйымдардағы білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Осы өзгерістер білім саласының алғашқы сатысы болып саналатын мектепке дейінгі білім мазмұнында болашақ ұрпақтың дүниетанымын дамытуға, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, сәбилік шақтан бастап толық жағдай жасауды, тәрбиелеу мен оқытуға аса жауапты болуды негіздейді.

Осы ретте Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың 10 қаңтары күні Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы Білім берудің жаңа сапасын құруда: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет» деген ойлары мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен оның басқа да субъектілері үшін бағдарламалық идея болып табылады.

2019 жылдың 30 қаңтарында ҚР БжҒМ №46 бұйрығына сәйкес «Әліппе» оқулығының пилоттық жобаларын апробациядан өткізу үшін бес жастағы тәрбиеленушілерге арналған білім беру бағдарламалары бекітілді. Бес жастағы балалардың сөйлеу әрекетінің түрлері ретінде тілдің  фонетикалық және графикалық жүйесін игеру барысында оқылым мен жазылымның алғашқы дағдыларын меңгеруге дайындау, тыңдалым мен айтылым дағдыларын дамыту сыңды бағдарлама мақсатына орай, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту баланы жас және жеке мүмкіндіктеріне сәйкес, жан-жақты дамытуға, адамгершілік нормаларды қалыптастыруға бағытталған, әлеуметтік дағдыларға қол жеткізуді қамтамасыз ететін білім беру жүйесінің негізі болып отыр.

Аталған міндеттерді шешуде кезек күттірмейтін мәселелердің бірі ретінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жолдарын айқындаудың маңызы зор. Бұл мәселені ғалымдар, білім беру мекемелерінің жетекшілері, мұғалімдер, ата-аналар да көтеріп отыр.

Жаңа жағдайда білім беру жүйесінен, оның сапалы және өмір бойына үздіксіз болуы талап етіледі. Сондықтан қазақстанның білім беру жүйесінің алдына оқытудың қазіргі уақыттағы әдістері мен бағдарламаларын меңгеру, оқыту сапасын арттыру, сұранысқа ие білім мен дағдыларды беру, қоғамдық сананы жаңғырту, функционалдық сауаттылықты, үштілділікті, сын тұрғысынан ойлауды және басқаларын дамыту жолға қойылды.

Мәселен, 2018 жылы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына бірқатар өзгерістер енгізілгені баршамызға белгілі. Стандартта мектепке дейінгі білім беру жүйесі келесі міндеттерді шешуді қарастырады:

-балалардың физикалық және психоәлеуметтік саулығын нығайту;

-балаларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға баулу;

-патриоттық, толеранттық, рухани және адамгершілік негіздерін қалыптастыру («Рухани жаңғыру», «Туған жер», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы);

-балалардың ерте дамуы үшін әлеуметтік дағдылар мен өздігінен үйрену дағдыларын дамыту;

-балалардың дарындылығы мен жеке қабілеттерін дамыту;

-мақсатты түрде балаларды мектепке дайындау.

Мектепке дейінгі кезеңде берілетін білім мен білік дағдылары жаңа заман талабына, болашақ баратын мектеп бағдарламасына бейімделуге сай болса, мектепке дейінгі мекемеден алған дағдыларын мектепте жаңғырта отырып, жаңа білімге ұмтылуға бала бойында қызығушылық  болары анық. Тағы да толғандыратын мәселе білім беру қызметін ұйымдастыру барысында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын; балаларды мектепке сапалы даярлауға бағытталған инновациялық әдістер мен технологияларды қолдана алатын білімді педагог мамандардың алатын орны ерекше. Осы орайда «Өрлеу» БАҰО» АҚ педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттары фасилитациялау жұмыстарын ұйымдастыруда кең өріс алуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі, мектепке дейінгі білім берудегі түбегейлі өзгерістерді жете түсінетін, өз білімін үздіксіз жетілдіруде тынбай ізденетін білікті педагогтан білім алған тәрбиеленуші, қазіргі өзгеріп тұрған әлемде табысты бейімделуге қабілетті тұлға болып қалыптасары анық.

 

А.Т.Туралбаева

«Өрлеу» Біліктілікті Арттыру Ұлттық Орталығы АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»  Басқару және білім сапасы кафедрасының меңгерушісі,

философия (PhD) докторы

Б.Ә.Рахманбергенова

Алматы облысы Жамбыл ауданы МКҚК «Ұлан» балабақшасының педагогы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.