Home » Мақалалар » Бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлі

Бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлі

        Қазіргі таңда бойында намысы мен жігері бар, өзінің қаны мен жанынан жаратылған, артындағы асыл ұрпағының алдына да қадір-қасиетін жоғалтпай, әкелік міндетін абыроймен атқара алмай жүрген әкелер саны көбейіп бара жатқандығы мені көп алаңдатады. Отбасы мүшелерінің тірегі, үйелменнің басшысы болатын әкенің ұл-қыз алдындағы ар-абыройы, борышы неге босаңсып кетті?

Қазіргі кездегі әкелердің беделі неге төмен? Біз қай жерден қателесіп жүрміз? Менің пікірімше:

1. Ішкіліктің салдарынан;

2. Тепсе темір үзетін әкелердің жұмыс көзін таппай сенделіп бос жүруінен.

3.Сөзінде бәтуа жоқ, ісінде береке жоқ, тиіп-қашып әр нәрсенің басын шалып жүрген, қоғамда өзіндік орны жоқ әкелердің беделі төмендеп кетті деп ойлаймын.

Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат, азаматша болса, оның әкесі немесе отбасы жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой деп мадақтайтыны: «Әкеге қарап ұл өсер», «Әке жолы –ұлына мақтаныш» деген мақалдарды қуаттауға неге дәрменсіз болдыңыздар? – деген ой мазалайды.

Тәрбие арқауын тереңінен алып қарасақ, балаларға әке тәрбиесінің қаншалықты әсерлі екенін айта отырып, өздеріңізбен ой бөлісуді жөн көрдім.

Қай ұлт, қай ата-ана болмасын ұл –қызының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Біз көп жағдайда баланың жеке басының адамгершілігін елемей, ескермей, олардың таңдау еркіндігіне қысым жасау арқылы өзімізді тыңдамайтындыққа, дөрекілікке және өз құқығына тыйым салынған әдістермен қорғауға итермелейміз.

Оқушы мен ұстаз, ата-ана мен бала арасында бір қалыпты қарым-қатынас орнағанда ғана олардың өзін еркін ұстау мүмкіндігіне сенім артады. «Отан отбасынан басталады» — дегендей, отбасы – тәрбиенің алғашқы баспалдағы. Бұрын қазақ баласы негізгі тәрбиені отбасынан алса, қазір ол қоғамдық тәрбиемен ұштасып отыр. Ата-ананың борышы баланы дүниеге әкелумен ғана шектелмейді. Дүниеге келген перзенттерін жақсы тәрбиелеу, діні мен Отаны үшін пайдалы етіп өсіру міндеттері тұрады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Перзенттеріңді жақсылап бағыңдар, оларға жақсы тәрбие беріңдер», — деп баланың көз алдындағы үлгі өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы отбасы екенін дәлелдегендей. Біз бүгінде бар ауыртпалықты тұрмыс тауқыметіне жауып, ғасырлар бойы адамзат баласы жасаған «адамшылық заңдарынан» ауытқып кеткен жоқпыз ба деген сұрақ мені көбірек ойландырады. Бұрын бала тәрбиесін ғасырлар қойнауында бай, білімді отбасында қалай жүргізді? Жүргізілсе, «ғасырлар қойнауындағы балаға деген ата, әке тәрбиесінің қазіргі кезбен байланыс, ұқсастықтары бар ма?» деген заңды сұрақ туындайды.

Мысалы, өткен тарихымызға көз жүгіртсек, ақын Абайдың әкесі Құнанбай ұлдарының ішінде Абайдан көп үміт етіп: «Не күтсеңдерде, осы жаман қарадан күтсендерші», — дегені баланы ел басқару ісіне баулып тәрбиелеудегі еңбегі немесе Абайдың өз баласы Әбдірахманды: «Балам ақ зат асыл ма, әлде қара зат асыл ма?» — деп сынауы ұлының берген жауабына риза болып, көңілі толуы, әке мен баланың арасындағы нық байланысты көрсетеді. Соңғы кездері бала тәрбиесінде әкенің рөлі ақсап қалды деуге болады. Түрлі отбасында — түрлі тәрбие.

Көбінесе ата-ана: «Балам аш-жалаңаш емес, қолымнан басқа не келеді?» — дейді. Материалдық жағдайы жақсы болғанымен, оның рухани жан-дүниесі кемтар болуы мүмкін. Бүгінде жастар әкелерін қаржының көзі деп есептейді. Бұрын отбасында әкелері немесе аталары өз өнерлерін балаларына үйретіп, олардың өзіндей мерген, аңшы, құсбегі, қол өнері шебері немесе әнші, күйші, ақын етіп тәрбиелеуге көп көңіл бөлген. Ата өнерін баласының қууы, оны мирас етуі ежелгі елде дәстүрлі болған. Қазақ ауылында бала тәрбиесіне бүкіл ауылдың үлкендері, әсіресе қарттары араласқан. Үлкендер ауылдастарының балаларының өрескел мінез-құлқын көрсе, ұрсып, зекіп тыйым салуға, ақыл айтуға, тіпті керекті жерінде ұруға да құқылы болған. Ал шәкірттің ұстазын әкесіндей сыйлауы, оның өнерін жалғастырып, көпке тарату немесе жақсының жанында жүріп, өнегелі қариялардың батасын алу олар үшін парыз болып есептелген. Өнегелі, өнерлі «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат тәрбиелеу жастарға да үлкен сын болып саналған. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал соны меңзейді. Адам тәрбиесі – киелі ұғым. Араға әлденеше ғасыр салып, жеткен тәуелсіздік тұсында егемен еліміздің жеткіншек ұрпақтарының тәрбиесі кім-кімді де ойландырады. Біз, аталар мен әкелер, тәуелсіз еліміздің шаңырағына уық болып шаншылатын, босаға болып қадалатын, табалдырық болып көлденең түсетін нағыз ұлтжанды, халқын сүйген, отаншылдық сезімі жоғары ұрпаққа көңіл аударуымыз қажет.

Қазақстан Республикасының Ата Заңының 27-бабының 2-тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» делінген. Ойланарлық мәселе баршылық. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген ұлағатты сөздердің астарында тұқым бұзылмасын, ұрпақ азбасын, тәрбие бетімен кетпесін деген ізгі ниет бар.

Жалпы отбасындағы әке тәрбиесіне келсек, бүгінгі таңдағы әке түрлі себептерге байланысты өзінің отбасындағы патриархалды күшін жоғалтқан. Сонымен бірге балаға әке тәрбиесі жетіспейтін отбасы кездесуде. Қазіргі таңда жауапкершіліксіз ата-ана көбейіп кетті. Бала тәрбиелеуде ана мен бала арасындағы сұхбаттасу жетіспейді.

Баланың әлеуметтік даму деңгейі қала береді. Әлеуметтік даму деңгейі дегеніміз не? Ол мінез-құлқы қоршаған ортамен қарым-қатынаста сұхбаттасу жетіспейді деген сөз. Отбасы тәрбиесінде, әсіресе жастар арасында имандылық, мейірімділік, адамгершіліктің төмендеуі салдарынан әр түрлі жағдайлар туындауда. Жастар бұзылып барады. Бұрын жігіттеріміз-жайсаң, қыздарымыз-қылықты еді. Енді «жігіттеріміз жетесіз өсіп, қыздарымыз некесіз бала табатын болды» дегенді үлкен кісілер көбірек айтады. Қай ғасырда да аға ұрпақ жас ұрпаққа күдікпен, күмәнмен қараған. Көңілдері толмайтын болған, жастар бұзылып барады дегенді жиі-жиі айтады екен. Бірақ, қай кезеңде болмасын, қоғамды алға апаратын сол жастардың өзі. Оны айтасыз, жеткіншек ұрпақ өзінің алдындағы аға ұрпақтан ғылым, білім жөнінен, әдебиет пен мәдениет жағынан да қашанда алға жүретін жағы бар. Демек, жастар жетесіз емес, жетесіздік деген ұғым біз беріп жатқан тәрбиенің деңгейінде жатуы мүмкін.

Ашық айтар болсақ, осы тұста баланы емес, оның әкесін, былайша айтқанда ештемеге көңілі толмайтын аға ұрпақты тәрбиелеу, тіпті тәртіпке шақыру дұрысырақ болатын шығар.

Немесе маскүнемділіктен туындайтын қаталдықты алайық. Үйінен безіп, ел кезіп, көрінген бұрышта тентіреп жүрген балалардың әкесі-көбіне маскүнемдер ортасынан табылады. Осындай жағымсыз іс әрекеттерден қылмыстық жауапқа тартылып, әкелік құқығынан айрылып жатқандары өкінішті-ақ. Ертеде грек ойшылы Платонның «Адамдар адамшылық заңдар аясында ғұмыр кешуге тиіс.Әйтпесе олардың түз тағысынан айырмашылығы қалмайды,» — дегені жоғарыдағы көріністердің айқын айғағы. Жапон мақалы: «Ер балаға жүз мұғалімнен бір әке артық» десе, белгілі педагог В.Сухомлинский:«Ер бала үшін жақсы министрден жаман әке артық» деп түйіндейді. Кейбіреулер кейде былай деп ойлайды. «Мектеп –әрі тәрбие беретін, әрі білім беретін орын. Мұғалім жалақы алады екен, демек баланың тәрбиесіне де жауап берсін» деп. Рас, ұстаздар қауымы да, қазір де, келешекте де жауапкершіліктен қашпайды, қашқан да емес. Бірақ атам қазақ «Тәрбие – табалдырықтан» деп айтпаушы ма еді? Үйдің табалдырығының иесі – әке. «Жөргегінде қағынған» деген сөз қайдан шықты? Демек,тәрбиенің ең мәндісі, ең мағыздысы – отбасынан басталуы тиіс. Ата балаға сыншы дегендей, әкенің бойындағы қатаңдық, шыншылдық ұлға дарыса, шешенің мейірімділігі мен үлгі-өнегесінен, өнерінен қыз бала тәлім тәрбие алады.Ұл тәрбиесі әкеден, қыз тәрбиесі анадан деген сөз осыдан шыққан. Қыз бала әкесіне айта алмаған сырды анасы арқылы жеткізеді.

Қазіргі таңда   ауылдық жерлерде жұмыстың көзі жоқ. Әкелер айлап, ел асып, жер асып нан табу қамымен кетеді де, бар ауыртпалық анасына жүктеледі. Осыдан бір жақты тәрбие қалыптасады. Ер балаға тән өжеттік, қажырлылық, тәрізді мінездер жағы кемшіндеу болатыны осыдан шығар.

Егіннің еңбегін,

Сауданың тегін

Үйреніп ойлап, мал ізде.

Адал бол – нан тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң-қуан сол кезде, — деген Абайдың өлең жолдары осы күнге дейін, тәрбиелік жағынан маңызын жойған жоқ. Ауылдық жерлерде өндіріс орындары, жұмыс көздері жоқтың қасы. Бірен-саран кәсіпкерлер егін, мал шаруашылығымен айналысып, келешек ұрпағын еңбекқорлыққа тәрбиелеуде. Бұл тірліктің бәрі күнкөріс қамы ғана емес, еңбектің көзін тауып, оның рахатына бөленудің де жолы. Ал кейбір кәсіпкерлеріміз саудамен айналысып, балаларын да сол арқылы баюдың жолына тәрбиелеуде. Бірақ ақын айтқандай «Сауданың тегін» үйреніп емес, айлакерлікпен, алдау –арбаумен пайда табуға итермелеуде. Бұл жерде ақын сауданы адал, таза ниетіңмен жаса, дегенді өсиет етеді.

Осы кәсіптің түрімен екінің бірі айналысып жатқан мына заманда ақын өсиетін әр баланың бойына бойтұмарындай сіңіре білейік. Әке тарапынан өмірге көзқарастарына, өзіндік ерекшеліктеріне назар салып отырсақ, олармен барлық уақытта тең дәрежеде қарыс-қатынас орнатылса, балаға деген әкелік   махаббатымыз жанданса, жесір ана, жетім бала деген жағымсыз ұғымдар қоғамымыздан алыстатылар еді.

Қорыта айтсақ, бойында қаны, намысы бар әрбір әкенің ұлт болашағы –балаларымызды адами қасиеттердің биігіне баулу – басты парызы. Елдің көсегесін қайтсек көгертеміз деген ой санасын:

-Мен қамшыласам;

-Сіз баптасаңыз;

-Ол қанат қақтырса, біздің бәрімізге ортақ арман орындалмай жатыр ма?

 

Аблаева Гаухар Мұхамедәліқызы,

жоғары санатты ұстаз

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы,

Сұлутөбе ауылы,

«№ 41 Мұстафа Шоқай атындағы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекеме

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.