Home » Балабақша » Бала тәрбиесіндегі ұлттық ойынның ролі

Бала тәрбиесіндегі ұлттық ойынның ролі

Бала психикасының дамуындағы басты фактордың бірі – оның өзіндік танымын дамыту, оған үнемі көңіл аудару. Баланың жан-дүниесімен сырласу арқылы еркелетіп, нәзіктік сезімге бөлеу арқылы оның бойында ұнамды қылық пен жағымды мінез-құлық қалыптастыру, сөйтіп жас ұланның маңындағы адамдардың оның түлеп өсуіне пайдалы әсер етуіне жету керек. Көңілі көтеріңкі бала өзі істеген әрекеттерді сенімділікпен орындайды, шаттық сезімге бөленеді. Ойын әрекетінде балалардың бойындағы барлық дерлік психикалық ерекшеліктері көрініс беріп, ерік-жігер қасиеттері шыңдалады, мінез-құлық сипаттары айқындала түседі, ішкі дүниенің сыры ашылады, бала психологиясының өзіндік ерекшеліктері байқалып, олармен оқу-тәрбие істерін жүргізудің тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану мүмкіндіктері туады. Бала әр қилы нәрселерге еліктеп, өз бойындағы сезім мен қабілет ерекшеліктерін аңғартады. Оның мінезіндегі ұнамсыз қылықтар мен жағымсыз көріністер байқалып, ондай кемшіліктерді жөндеудің әдіс-тәсілдері белгіленеді.

Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.

Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады.

Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады.

Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар тәрбиеленеді. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды рөл атқарады.

Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтар мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және өнер қайраткерлері мен бала тәрбиесін зерттейтін ғалымдар да шұғылданды. Көптеген балалар жазушылары бала ойынының психологиялық мәнін және ойынға тән ерекшеліктерді көркем бейнелер арқылы суреттегені де мәлім.

Халық жасаған мұралар сан алуан. Аға ұрпақ өз білгенін, өз көкейіне тоқығанын кейінгі буынға мирас етіп, іс-әрекет үстінде көзін қанықтыра беруден бастаған. Солардың бірі – ұлт ойындары халықтың сәби шағымен бүгінгі өскелең дәуірінің куәсі ретінде, адам баласының фантазиялық ой-жүйесінің заңды жалғасы ретінде оны үйретудің тәжірибеде пайдаланудың үлкен білімділік, тәрбиелік маңызы бар.

Ойынға тек ойын деп қарамай халықтың асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қараған орынды. Бұл пікіріміз жалаң болмас үшін заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы ойшылдарымыздың бірі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің мына бір пікірін еске ала кетейік: «Біздің заманымыздың өмір кешкен ұзақ жолында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше, көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір мағыналары болған». Халқымыз ұлт ойындарында ұрпақ қамын ойлаған, бір жүйеге келтіріліп өрнектелген ой мен әрекеттің, құпия философияны түсінуге жетелейтін адамгершілік үлгі-өнегенің желісі бар. Жас бала ойынға алдымен үйренуші, көруші өсе келе соған белсенді қатынасушы келесі кезеңді үйретуші, жаттықтырушы, ұлғая келе көруші жанкүйер ретінде қатынасады. Кейінгі кезде ұлт ойындарына көңіл бөлмеу нәтижесінде, көбі ұмыт болып, мүлде жоғалуға жуық.

Ұлт ойындарын жанұя тәрбиесінен бастап, балабақшада түрлі тәрбиелік шараларда қосымша материал ретінде пайдаланып келеміз.

Ұлттық мұраның бай қазынасының бірі – халықтың ұлттық ойындары көп салалы, көп қырлы құбылыс, ол тек ойындық сала емес, мәні жағынан да балабақша тәрбиеленушілерінің рухани өресі кең өсіп – жетілуіне, эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелейтін негізгі құралдардың бірі. Фольклортанушы ғалым Ә.Диваев «Қазақ балаларының ойындары» деген еңбегінде адамның жас ерекшелігін үш топқа бөледі: «…өмірге келгеннен бастап жеті жасқа дейінгі бала, жеті жастан он бес жасқа дейінгі балалар, он бес пен жиырма жас аралығындағы жастар…». Осының негізінде қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырып, бірінші топқа, сол жастағыларға лайықты: «санамақ, тәй-тәй, айгөлек, соқыр теке, қуырмаш, алақан соқпақ, ақ серек-көк серек» т.б. ойындарын, ал одан кейінгі топқа: «тақия тастамақ, тартыс, сиқырлы қоржын, бәйге, көкпар, асық, хан талапай, теңге алу, қыз қуу, орамал тастамақ, ақсүйек, күрес» т.б. ойындарын жатқызуға болады. Мұндай ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқастыруға дағдыландырады.

Ұлт ойындары – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз, сондықтан оны күнделікті оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор екендігі сөзсіз. Ұлттық ойындардың адамға тигізетін пайдасын халық ертеден-ақ білген. Алғашқы қауымдық құрылыс, ертедегі тайпалардың одаққа біріккен дәуірлері ұлт ойындарының едәуір дамыған кезеңі болды. Көшпелі өмір кешіп, мал баққан тайпалардың көзін ашқаннан көрген театры да, өнері де, көңіл көтерер қызығы да осы ұлт ойындары еді.

Халық арасында «Денсаулық – зор байлық» деп тегін айтылмаған. Бұл арқылы халық даналығы тіршіліктің негізгі көзі осы денсаулық екенін тағы ескертеді. Адамның денсаулығы жас кезінен бастап қалыптасуы керек. Демек, кезінде ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада, таза ауада жүру – жас организмнің дұрыс та сергек өсуінің көзі. Онымен бірге бүлдіршіндер ойын ойнаған кезде көпшіл, Отанның болашақ азаматы болуға, халқына адал қызмет етуге бағыт алады.

Осындай экономикалық құрылыстың негізінде төрт түліктің қасиеті тек қазақ ауыз әдебиетінде ғана жырланып қоймай, барлық мәдениет пен өнердің, соның ішінде ұлт ойындарының дамуының да негізі болды, келе-келе негізгі бас кейіпкерлері осы төрт түліктен тұратын «ақбайпақ», «көк сиыр», «түйе-түйе», «соқыр теке» т.б. сияқты ұлт ойындары да дами бастады.

Бұл ойындардың барлығы дерлік қазақ халқының төрт түлікті аса бір сүйіспеншілікпен дәріптеп, қадірмен тұтып, жануарлардың бойында адам баласының қасиеттері бар, сондықтан жан-жануарлардың бәрі бірдей деген ұғымнан барып шыққан ойындар болды. Ондай қасиеттерді бірі осы ойындардың көпшілігінде дерлік төрт түліктің қай-қайсысы болмасын, аналықтарының өз төлдерін өлімге қимайтындығын аңғартады. Сондай «Ақбайпақ» ойынында, жоғалтқан ботасын іздеген інген қатты күйзеледі. Ақырында ботасын көріп, жаны жай тауып, ботасымен әңгімелесе келіп өзін тыққан ұрылардың кімнен жақсылық, кімнен жамандық көрдің деп, содан ботаның айтуы бойынша інгеннің бұйрығымен ойнаушылар жазасын алады.

Қазақ халқының малды соншалықты қадірлейтін себебі сол, халықтың саяси әлеуметтік және экономикалық жағдайының даму процесінде осы төрт түлік арқасында жеке адамның қай-қайсысы болмасын өмірден мұқтаждық көрмеді. Сондықтан да төрт түлік қазақ халқының ауыз әдебиетінің, өнерінің, мәдениеті мен ұлт ойындарының негізгі кейіпкері.

«Бесік жырынан» бастап ұлт ойындарының барлығы халық тәрбиесінің көзі. Қай дәуірдің ұрпағына болмасын тіршілік жолына бағыт сілтеп, өмірге аттандырады. Халық жырлары ата-ананың балаға қойған бірінші сенімі, тілек-талабы. Мұның бәрі баланы ойната, көңілдендіре, бойларын сергіте жүріп айтылады да, өміріне рухани азық болатын өнегелі де ілтипатты сөздерді жас кезінен құлақтарына құя береді. Ал ойындар болса баланың осы айтылған өнеге-өсиет сөздерін күнделікті тіршілікте тәжірибе жүзінде іске асырудың құралы болды. Айталық, ойын үстінде осы айтылған өнеге-өсиет бастан аяқ қолданылады, осы негізде оның бойында адамдық қасиеттер қалыптаса бастайды. Демек, ойын әр түрлі әрекетке қозғалысқа, денешынықтыруға ғана төселдіріп қоймай, өмірдің рухани азығы – үлкеннің барлық қасиетін, яғни баланың жан-жүйесіне әсер ететін этикалық, эстетикалық тәрбиені қабылдауға қалыптастырады.

Ұлттық ойынның бірі – «Ұшты-ұшты». Бұл ойынға ересек балалар мен кішкентай балалар да қатысса қызықтырақ болады.

Мысалы, ұшты-ұшты кекілік ұшты, ізінше кекілік ұшты, қарға ұшты – сырға ұшты, көбелек ұшты – ебелек ұшты, тауық ұшты, уық ұшты, қаршыға ұшты, қанжыға ұшты деп жалғаса береді.

Алданған ойыншылардың жазасы өлең айтып би билеп, мақал-мәтел, жаңылтпаш, тақпақ айтады. Алданушылар көбейген сайын ойын қыза түседі, ендеше ойын жүргізуші мен ойнаушылардың арасындағы бірін-бірі аңдаушылық та күшейе түседі.

Бала ойындарының мазмұны байып, түрі өзгеріп отырады. Ата-ананың ойлау, қиялдау, армандау қабілетін қалыптастыру үшін халық ауыз әдебиетінің жанрларын – ертегі, жаңылтпаш, жұмбақтар, санамақтарды айтып үйреткен.

Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным-түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Оның үстінде дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай оларды көзқарасының, мінез – құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған. Қазір бізге жеткен ойындарымыз: тоғызқұмалық, қуыршақ, асық ойындары. Қазақтың көне жыр-дастандарында ұлттық ойындар балаларды тәрбиелеуде ерекше орын алғандығы айқын көрінеді. Мәселен «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» сияқты эпостық жырларда елін сүйген батырлардың, жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген ер жігіттердің ең алдымен ұлттық ойындарда сайысқа түсіп, одан кейін көп кісі қатысқан ойын-сауықтарда өздерінің мергендік, палуандық, шабандоздық шеберліктерін көрсеткендері айтылады. «Домбырамен күй шерту», «Аттың құлағында ойнау», «Аударыспақ», «Күлкі ойыны», «Балалар ойыны», «Ақсүйек», «Тоғызқұмалық», «Жұмбақ айтыс», «Асық ойнау» өте ерте заманда пайда болған. Мұның өзі біздің ата-бабаларымыздың ұлттық ойындарының ғасырлар бойы өмір сүргендігін айқын көрсетеді. Балалардың жиі ойнайтын «Ақсүйек» ойыны байқағыштыққа, қырағылыққа, бытылдыққа, ерлікке, шапшаңдыққа баулиды. Баланың ақыл-ойын дамытатын тәжірибелік маңызы зор тағы бір ойынның түрі – «Он бір қара жұмбақ». Оның басты ерекшелігі есеп сұрақтарын қою арқылы балаңың ойлау қабілетін дамытады. Бөбектерді тәрбиелеуде де ұлттық ойындардың берері мол. «Санамақ», «Жылдам айт», т.б. тартымды ойындарды үйрету,тіл өнеріне негіз салады деп есептелген. Балалар негізінен ойын үстінде бір-бірімен тез тіл табысады. Ойынына қарап баланың психологиясын аңғаруға болады. Бес саусақ бірдей емес дегендей, әр отбасынан шыққан балалардың мінез-құлқы бірдей емес.

Балалар ойынында кейде өлең-тақпақтар жиі кездеседі. Ол өлең-тақпақтардың негізгі мақсаты тапқырлыққа, шапшаңдыққа, ептілікке баулу, қиялына қанат беріп,ойын ұштау, өз бетімен іскерлікке, қысылған жерде дұрыс шешім қабылдауға тәрбиелеу. Бұған қоса кез-келген ойынның аяғында жеңу бар да, жеңілу бар. Жеңгендер әрі қарай өз биігінде қалуға тырысса, жеңілгендер айып тартады. Ол көбінесе тақпақ айту, ән салу, би билеу түрінде болады. Бұдан қай ойынның да түпкі нысанасы – балалардың бойында өнердің, білімнің, тәрбиенің нұрын себу, өлең, тақпақ айтуға төселдіру екенін аңғару қиын емес.

Жалпы ойынның қандай түрі болмасын, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Халық ойындары өмірлік қажеттіліктен туады да, психологиялық жағынан денсаулық сақтауға негізделеді. Тапқыр да алғыр, шымыр да епті, қайратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын отбасы жоқ. Демек, ойынның өзі бала үшін біліктің, тәлімнің қайнар көзі болып табылады.

Ойынды басқара жүріп, тәрбиеші баланың жеке басының ерекшелігіне: оның санасына, сезіміне, ерік-жігеріне, мінез-құлқына ықпал жасайды, ойынды ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және дене тәрбиесінің мақсаттары үшін пайдаланады.

Ойын бала үшін – нағыз өмір. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін ойынның зор маңызы бар: ойын олар үшін – оқу қызметі, ойын олар үшін – еңбек, ойын олар үшін – тәрбиенің маңызды түрі.

Балаларға ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып өткізіп отыруды ата-аналар, тәрбиешілер бір сәт те естен шығармағандары абзал. Өйткені жас өндір бүлдіршіндер ойнай да, күле де, ойлай да білсін!

Ұлттық тәрбиенің құнды бір бөлігі – ұлттық ойын ойнап өскен баланың қазіргі жаһандану әлеміне жұтылмайтындығына сеніміміз мол.

 

Сағындық-қызы Құндыз

Қарағанды қаласы,

№102 «Айсұлу» балабақшасының

тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.