Кітапхана – оқырмандар үшін «рух» сарайының кілті
Бала тәрбиелеудегі нәтиже — өзіміздің күнделікті өмірде жасаған жұмыстарымыздың нәтижесі мен болашақтың бағдарын айқындауымыздың жемісі деумізге болады. Сол себепті де біз – бүгіннен, қазірден бастап нәтижелі жұмыстарыдың алғашқы баспалдақтарын адымдауымыз керек. Сонда ғана өскелең ұрпақтың қандай болатынымен қатар, өресінің дәрежесін де бағдарлауымыз қиынға соқпайды. Үлкен өмірге баланы тәрбиелеу әрине, үлкен сенімнен және белсенділіктен туындайтын дүние. Баланың жетістіктері ана құрсағынан бастау алып, мектепалды даярлықпен жалғасатындығын және де ескерген жөн. Баланың санасына күрделі түсініктерді меңгерту қиын. Алайда, мұғалім баланы кез келген ситуациядан алып шыға білуі керек. Сол іс-әрекетке қарап білім алушы да өзін келесі бір жағдайға даярлайды.
Әр сәби ертеңі бізді, яғни тәрбиешілер қауымын толғандыруы керек. Басшыдан бастап қарапайым адамдарға дейін ұстаздан тәлім-тәрбиемен қатар білім нәрімен сусындайтыны анық. Демек, «Ұстаз» атауына лайық болу үшін теориямен қатар руханиятыңның да дәрежесі жоғары болуы тиіс. Мағжан Жұмабаев: «Ұстаз – баланы жетектеуші құл» — демекші, әр баланың тағдырының бастауы мұғалімдерден және ата-аналардан екендігін түсіну керек. Тәрбиенің бірден бірі қаталдық деп танитын адамдар кездесіп жатады. Алайда ол пікірі дұрыс емес. Қазіргі заманның баласын қаталдықпен, қатыгездікпен тәрбиелеймін деу баланың болашағына деген немқұрайлылық деп түсінуміз керек. Ал сол ойдан айнымаспын дер болсаңыз, онда өзіңіздің іс-әрекетіңізді қадағалаңыз. Себебі, қай жастағы бала болмасын, өзінің ата-анасынан немесе айналасында күнде көріп жүрген жандардан тәлім алып, оны іс жүзіне айналдыратынын белгілі. Ғалымдардың зерттеулері бойынша қай заманда болмасын, баланың тәрбиесін рухпен байланыстырған. Яғни баланың рухани әдеміне еркіндік пен кеңістікті беруді ұсынған. Рухани ортаның ең жоғарғысы – кітапхана деп айта алар едім. Себебі, бала өмір мен оның бағыттарын сол кітаптан танып, біледі.
Кітап – адамзаттың жан сарайына арналған дүние. Кітап оқу арқылы көкейдегі сауалға жауап табумен қатар, жаныңның да, тәніңнің де руханияттық дәрежесін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Дүниеде қандай да бір білім шыңына шыққан, не болмаса, өз биігін бағындырған адам болса, оның ең алғашқы баспалдағы кітаппен басталып, сол баспалдақтың шарықтау шегінде де сол қымбат қазынамыз — кітаптың тұрғандығы бес енеден белгілі.
Қазіргі таңда біраз жерлерден жаңсақ пікірлер естіп жатамыз, естіп алып, терең ойға бататынымыз да анық. «Қазіргі жастар кітап оқымайды, кітапханаға аяқ баспайды. Қазіргі жастардың өресі «копировать» пен «вставитке» ғана жетеді деген сияқты мардымсыз пікірлер қайда барсаң да кесе көлденең бола қалады. Енді ғана жалын шашқалы тұрған жастарымыздың алдын осы сынды сыңаржақ пікірлер орай беретін болса, әлбетте сол ойымыз жүзеге аспасына кім кепіл. Жастарды күншілдеуден аулақ болып, керісінше демеу бергеніміз абзал. Қай кітапханаға болмасын бас сұқсаңыз аға буын өкілдері мен жастардың қатарын көптеп көресіз. Тіпті кейде үлкен қарияларды көргенде қуанып таңқалатынымыз тағы бар. Жастардың жаңа заман талабына сай өмір сүруі әрине бізді қуантады. Сондай-ақ, заман ағымына байланысты электрондық оқулықтардың да саны артып келе жатыр. Ғаламтор желісіндегі кітаптарды да жерден алып, жерге салып жататын жағдаяттарға жиірек ұшырасып жатамыз. Ғаламтор ол – уақыттың тиімділігі, ыңғайлы тәсілі екенін де естен шығармағанымыз абзал.
Қандай заман болмасын қазақ жұртшылығының көштен қалмай жүргендігі – әрбір қазақ деп жүректері соғатын жандардың қуанышы, мерейі емес пе?! Өзімізге өзімізден басқа сын айтушыларды көп байқай қоймаймыз. Олай болса, «таза жүректен таза сөз шығады», «жақсының жақсылығын айт нұры тассын» демекші, жүректерімізді кірбіңге толтырмалық!
Турегелдиева Эльмира
Қызылорда облысының білім басқармасының
«дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиешісі