Ақыл-парасат — адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш.
Әбу Нәсір әл-Фараби
«Ақыл – жастан шығады, асыл – тастан шығады» дегенді дөп айтқан халқымыздың шешендігі дейміз бе, жоқ әлде көрегендігі дейміз бе, айтеуір қай заманда болмасын осы сөз кез келген қоғамда айқын көрініс беріп қалып жатады. Балалардың жастайынан парасаттылықпен ойланып іс қылуды, пайымдап сөз сөйлеуді үйренуі оның тәрбиешілері мен ата-аналарына үлкен қуаныш сыйлайтыны анық. Баланың логикасы жоғары дәрежеде дамып, тәтті қылықтарымен тапқыр сөз сөйлеуі немесе қарапайым ғана ойыншықтан қызықты бір мағлұмат ала білуі оның үлкен жетістігі деп қаралады.
Бала тәрбиесі – болашақтың тұтқасы болғандықтан, біз тәрбиешілер қауымы өз міндетімізге аса жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз. Біздің мойнымызда тек өзге ата-аналардың балаларына қарап, қамқор болу ғана емес, өз ұлтымыздың, өз халқымыздың, Тәуелсіз Қазақстанымыздың болашақ үлкен тұлғаларының білімі, тәрбиесі, жалпы азаматтық қалыптасу кезеңі тұр. Сондықтан, балалардың бойына жақсы-жаманның ара-жігін ажыратуды, өз беттерінше шешім қабылдау мен тапқырлықты, алғырлықты сіңіруіміз керек.
Бала логикасы – сол баланың ақыл-ой дамуының ең биігі болмақ. Логикалық қабілеті айтарлықтай жоғары дамыған сәбилеріміздің болашақта парасатты азаматтар мен азаматшалар болатынына шүбә келтірмеймін.
Бала логикасы, жалпы логика деген ұғымға түсінік беріп өтер болсақ. Логика гректің logos – «ойлау», «сөз», «ақыл-ой», «заңдылық» деген ұғымдарды білдіретін кең мазмұнды сөзінен шыққан.Осыған сәйкес «логика» термині, негізінен, мынадай үш мағынада қолданылады: 1) шындық дүниедегі заттар мен құбылыстардың заңдылықтарын білдіру үшін; 2) ойлаудың дәйектілігін, айқындылығын, дәлелділігін білдіру үшін; 3) логика ғылымы – ойлау логикасының теориялық, ғылыми бейнесі ретінде қолданылады.
Логика ғылым ретінде дүниеге келіп, қалыптасқан Отаны Ежелгі Грекия деп саналады, ал оның негізін салған ертедегі грек философы Аристотель оны «ойлаудың грамматикасы»деп атаған екен. Ежелгі Грекияда логика саласындағы ғылыми зерттеулерді алғаш бастаған Демокрит. Сондай-ақ, Ежелгі Грекия идеалистері Сократ пен Платон да ғылымның осы саласымен айналысты. Бірақ, олардың ешқайсысы да логика ғылымын жасай алмады. Тек бұл міндетті Аристотель іске асырды. Осылайша, адам баласының ақыл-ой қабілетінің ұшан-теңіз шексіздігі ғылымда дәлелденіп, қолданысқа енгізілді.
Тақырыпқа ойысар болсақ, баланың жас ерекшелігін ескере отырып қазақ тілінен түрлі логикалық тапсырмалар беру арқылы, білімнің беріктігін қамтамасыз ету, баланың шығармашылық қабілетін дамыту, интелектуалдық деңгейін көтеру. «Логикалық тапсырмалар» баланың жас ерекшелігін ескере отырып құрастырылады. Теориялық білімдерін кеңейтіп, оны практикада қолданылуына ықпал етеді. Логиканың дамуы өздігінен ізденіп жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Логикалық тапсырмалар баланың интеллектуалдық деңгейін көтереді. Оқу материалын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады. Сондықтан да тәрбиеші балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, оқу іс-әрекетінде бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады. Дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым логика деп, ал ой
қорытындыларының обьектив пікірлерге негізделетін процесі логикалық ойлау деп аталады. Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдарлары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Бұл байланыстар мен қатынастардың дұрыстығын теріске шығаруға болмайтыны пікірлерде көрсетіледі.
Мектеп жасына дейінгі балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуда сұрақтардың алатын орны ерекше. Сондықтан балаға қойылатын сұрақ жүйелі, әрі түсінікті болу керек. Сұрақтар қоя білу қиялдаудың ең жоғарғы сатысы және нәтижелі ойда негізгі рөл атқарады. Ойын арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті және олардың айналадағы өмірден алған білімдерін, әсерлерін, жинақтаған тәжірбилерін өз бетінше іс жүзіне асырады. Сондықтан, ойын балалар үшін өзіне тән жүру барысымен, мақсатымен маңызды. Міне, осыдан баланың логикалық ойын қиялдау қабілеті шыңдалады, дамиды. Бұл қазіргі заманға өте қажет. Өйткені, бұл компьютер ғасыры.
Баланы болашақ өмірге, белсенді еңбекке даярлауда, оның ақыл-ойы, адамгершілік-эстетикалық сезімдерін, логикалық ойлау қабілетін қалыптастыруда – балаға құрметпен қарау қажет.
Бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілетін дамытуда қарапайым математиканың алғашқы ұғымдарын ойын арқылы үйретудің математикалық диктант жазудың, заттардан әртүрлі геометриялық пішіндер құрастырудың, ауызша есеп шығарудың, көру арқылы салыстырудың, қиялдаудың, жұмбақтар жаттаудың маңызы өте зор. Біздің балабақшаның тәрбиешілері логикалық ойлау қабілеттерін жоғарлатуда.
Логика — дүниені тану тарихының нәтижесі, жиынтығы, қорытындысы. Логика ғылымында жаңаша әдістерді жетілдіру, адамның дүниетанымын барынша өрістету басты мәселе болып саналады. Логика ғылымы адамдардың сан ғасырғы тарихи тәжірибесінің жемісі.
Баласын жан-тәнімен сүйетін ата-ананың міндеті – бөбегін таным жолына жетелей отырып, оның өздігінен әрекет жасау құқығын қуаттай білу, үнемі жетіліп отыруына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру болып табылады. Ондай орта, әрине, ұжымдық орта. Балалар өздеріне ұнаған ойыншықтарымен, ата-анасымен, бауырлары, топтастарымен бірлесіп ойнау арқылы, қиялдарға беріліп, қызығушылығы артады. Қиялдау арқылы шығармашылық әрекеттерге қадам жасайды.
Балабақшада баланың логикасын дамытуды жеделдететін, нақты геометриялық пішіндермен айлалы әрекеттер жасай отырып абстракты математикалық тұжырымдамаларды қабылдауына ықпал етеді. Нәтижесінде, ақыл-ой көкжиегі кеңейген, логикалық қабілеті дамыған қоғамның жаңа мүшесі сапқа қосылады.
Жібек ЖАНАКУЛОВА,
№50 «Жұлдыз» балабақшасының тәрбиешісі.