Home » Балабақша » Бала жүрегі

Бала жүрегі

Ақпан айының соңғы күндерінің бірі еді. Таң атып, күн жарық бола бастаған кез. Ата-аналар балаларын жетектеп асыға басып келеді. Жетектеген балалары қолдарынан шығып кетіп, лақтай секіріп, өздері алға оза басып келеді. «Тоқта, құлыным!» деген сөздерді елең етпейді. Бейне бір ғажайып баққа бара жатқандай. Кең дәліз бойымен егде тартқан тәрбиеші қолына қаршадай қызды жетектеп келе жатыр. Тәрбиешінің қолынан ұстап алған қыз бала баспалдақты басқан сайын секіріп өзінің ойларымен бөлісіп қояды. Баланың көңілін аулаған тәрбиеші оның қарақаттай мөлдіреген көзінен ата-анасына деген сағынышын сезіп, қылықтарының бәрін құптап қояды. Дәліз ішінде екеуінен басқа ешкім жоқ еді. Екеуі қалай екінші қабатқа көтерілгенін байқамай да қалды. Құлыншақтай қыз кілт тоқтай қалды.

-Апай, анамды қараңызшы, — деді.

Жан-жағына жалт қараған тәрбиеші аң-таң болды.

-Қане? — деп сұрады.

Бала көзі мөлдіреп, оң жақ қабырғаға қарады. Ол жақта ешкім тұрмағандай. Тәрбиеші таңданып: «Ол жақта ешкім жоқ қой?» – деп сұрады.

-Апай қараңызшы, анау кісі – менің анам, — деп, қаршадай қыз қабырғада «Біз бақытты баламыз!» тақырыбындағы суреттерді көрсетті.

— Онда балалардың суреті ғой? — деп сұрақ қойды тәрбиеші.

— Жоқ, апай, анау – жоғарыда тұрған суреттегі! – деп жеңсік бермейді.

«Менің анам» деп күлім қақты.

— Неге сенің, анаң үйде ғой, — деді тәрбиеші.

— Жоқ, бұл менің анам! — деп тағы да бала өзінің қап-қара көздерімен күле қарады.

— Иә, солай-ақ болсын – деп тәрбиеші баланың сәби жүрегімен, бала махаббатымен айтып тұрған ойларына бөгет болмады.

Баланың «Анам» деп қайта-қайта айтып, қарақаттай көзімен көрсетіп тұрған кісі де бала десе жаны жанып, күндіз-түні тыным таппай, барлық жақсылық балалар үшін деп күлімсіреп қарап тұрған балабақша меңгерушісі еді. Балалардың осындай махаббатына ие болған №46 «Самал» санаториялық балабақшасының меңгерушісі – Балауса Төлеуғалиевна. Бұл балалардың жүрек жарып шыққан сөздері болса, ал енді аяққа оралып құшақ жая жүгірген балалар қаншама еді.

— Амансыңдар ма, балапандар? — деп күнде таңертең топқа кірген меңгеруші балапандардың ішкен тамағын, оқу іс-әрекетінен алған әсерлерін бір көзбен ғана білетін. Кешке ата-анасына «үйге қайтпаймын, осы балабақшада қаламын» — деп жылаған балаларды көргенде балабақша балаларға өз үйлерінен де жақсы, жайлы екенін білуге болады. Бала үшін өзіне ұнаған адамнан артық ешкім жоқ, оған барлық жағынан ұқсағысы келеді. Ізеттілік, ізгілік бір күнде қалыптаса қалатын нәрсе емес. Бұл балабақшадан бастау алып, өмір баспалдақтарында шыңдалып біртіндеп қалыптасатын қасиет. Баланың әдепті, көргенді болып өсуі қоршаған ортасындағы үлкендерге байланысты екені мәлім. Үлкендердің мейірімділігі баланың сәби жүрегін қуаныш сезіміне бөлейді. Балабақша алдында балаларымен ата-аналарды серуенде жүргенін жиі кездестіресіз. Қыс болса қысқы қалашығымен, жазда жасыл шыршаларға толы саябағымен балаларды баурап алған балабақша. Көктем мезгілінде табиғат біткен өзгеріп, керемет бір күйге енеді ғой. Сол кереметтердің барлығы осы балабақшада табылады.

Баталова Жадра Қауатайқызы,

№46 «Самал» санаториялық балабақшасы,

тәрбиеші,

Астана қаласы,

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.