Ертеде бір дана қария кісі жас жігіттен: «Бала ашықса кім кінәлі?» деп сұрақ қойыпты. Жігіт бірден: «Әрине, анасы» деген екен. Сонда қария: «Жоқ балам, аштық тек қарынның тоқтығымен өлшенбейді. Мен рухани аштық жайында айтып отырмын. Отбасы аш болмас үшін, бала жыламас үшін ана тоқ болуы керек. Әр шаңырақтың темірқазығы – әке. Әке ақылдың қайнар көзі, даналықтың бұлағы болуы керек. Ана мейіріміне малынып, әке даналығымен сусындап өскен ұрпақтың ғана болашағы жарқын болады» — деген екен. Мұндағы айтпағым, қазіргі жаңа заман әкелері жайында. Әңгімеде айтылған жігіттің жауабымен үндесіп жатады бүгінгі көп әкелердің жауабы.
Бала жыласа, жай -күйі болмаса, кімді іздейміз? Әрине, анасын. Бала бұзықтық жасаса, болмаса бір нәрсеге ұрынып қалса ше? Анасын жазғырамыз, «қарамаған ғой» дейміз. Перзентіміздің мінезіндегі көңілімізге бір ұнамсыз тұсын байқап қалғанда, көбінесе әкелер жағынан, «нағашысына тартқан ғой», «анасының мінезі» деген әзіл-шыны аралас шымшыларды естіп қалатынымыз бар. Ал, жақсы жағына келгенде, «өзіме тартқан» деп кеуде соғатын да тағы әкелер. Бірақ, жас шыбықтың жайқалуына нендей еңбек сіңірді екен? Меніңше, бұл өзімшілдік көзқарас. Өзгенің еңбегін бағаламау, өз ісінен кінәрат іздемеу болып көрінеді. Дәл осындай көзқарастағы адамдар да, дәл осындай ситуациялық жағдай да көп қазіргі біздің қоғамда. Айтпағым, жауапсыз әкелер болмаса екен. Біздің санамызда қатып қалған, тіпті, таптаурынға айналған бір нәрсе бар. Ол – ананы жазғыру. Бала жолдан жаңылса, тек ана емес кінәлі. Бірақ, көп әке кінәні өзінен іздемейді. Абайды Абай еткен Құнанбайдың темірдей тәртібі мен тектілігі екендігін ескере бермейді. Ана бір тапса-шектен тыс мейірім төгетін болмысынан табар деп ойлаймын. Себебі, ерекше аналық махаббатының арқасында баласы үшін күйіп-пісетін де, «сенің табаныңа қадалған шөңге менің маңдайыма қадалсын, сен ауырғанша, мен ауырайын» деп шыр-пыр болатын да, небір жанқиярлыққа баратын да аналар. «Шіркін аналар, неткен нәзік, неткен асыл» едің?!
Әйел – үйдің егесі. Бала бағбаны. Тіпті, ешбір қатесіз жазылған әлемдегі дара кітап-құранмен үндесіп жатқан халық даналығымыздың өзі «Жақсы әйел емес, үйленерде ең алдымен, ұрпағыңа жақсы ана бола алатын қызбен отау құр» деп насихаттайды. Демек, ұрпағымыздың жүректі де білекті болуының бір ұшы ана ұлылығында жатса керек? Ана көрсеткен жібектей жұмсақтыққа, әкенің қатқыл қабағы мен тәрбиелі сабағы қосылмаса, тал бесіктен тараған тәрбиеміздің шала болғаны емес пе? Өйткені, әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер деген аталы сөз, әкенің балаға, ананың қызға мектеп әрі сыншы боларын анық аңғартса керек. Алдыңғы буын ағалардың, апаларымыздың әңгімесінен әкелер мектебінің бала тәрбиесіндегі озық тәсілдерін жиі естиміз. Ертедегі әкелердің бойындағы қаталдықты, жауапкершілікті, талапшылдықты байқаймыз. Мүмкін «балаңды аясаң – аяма» деген қанатты сөз сол кісілерден қалған болар. Тіпті, аты көпке мәлім белгілі, сыйлы азаматтардың өз ата-аналары жайлы естеліктерімен бөлісетін «Менің әкем, менің анам» атты бағдарламасын көретін болсаңыз, дарынды да талантты тұлғалардың өміріндегі әкенің ерекше рөлін байқауға болады. Әрине, алып-анадан туады, бірақ әкемен шыңдалады емес пе? Демек, талапшылдық пен темірдей тәртіп бар жерде ұрпақ жойылмайды, керісінше қанатын кеңге жаятындай. Ал, бүгінгі таңда, жас ата-аналар, яғни біздер, дәл осы тұстан жаңылысып қалғандай көрінеді маған. Себебі, бүгінгілер «балаңды аясаң – аяма» деп емес «аясаң – айнала бер» деген принципті ұстанатын және қатты қателесетіндей көрінеді. Қажеттілігін өтеп беру, ата-аналық борышын өтеу бір басқа, шектен тыс еркелету, айтқанын істеп, әуеніне төңкерілу басым. Мойындайсыз ба, замандас?! Нәтижесінде тас бауыр балалар, жүгенсіз ұрпақ көбейді. Қарттар үйі бой көтеріп, жазықсыз жастар төгілуде. Осы жайтты үлкендеріміздің де қынжыла айтып отырғанын көрдік талай.
Бұл күнде мығым, өлеңім, ісім,
Өйтпесең мұндай болмас ем.
Өмірден таяқ жемеуім үшін
Таяқтапсың ғой сонда сен.
Байқайсың ба, әке, шетінен кекті
Ойлары қулық, тек нала,
Бұзықтық жасап, бетімен кетті,
Таяқ жемеген көп бала.
Түземейді олар қатесін неғып?
Кеміген бе әлде, ой-айбын.
Таяқтамаған әкесін көріп,
Баласын қатты аяймын.
Әке ……
деп толғанған жас ақын Қуаныш Жазайдың өлеңі соның дәлелі іспетті. Осы өлеңдегі тобықтай түйінмен менің де ойым сабақтас. Құрметті менің замандастарым, әсіресе, ардақты әкелер, болашағымыз деп бағалайтын балаларымыздың тағдырына, тәртібіне бей-жай қарамайық. Ұру міндет емес. Тәлімсіз таяқ тәрбие емес. Ұлымызды ұлықтап, қызымызды қызықтап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, кезіндегі аталар мен әжелеріміздің мектебі негізінде тәрбиелеуге жұмылайықшы.
Култаева Ботагөз,
Күйші-композитор Т. Момбеков атындағы жалпы орта мектеп тәлімгері,
ОҚО, Созақ ауданы, Тайқоңыр елді мекені