Бүгін Астана қаласындағы №83 «Жансая» балабақшасында «5 саны» тақырыбында ашық сабақ өтті. Дәріс барысында балалар 5-ке дейінгі реттік және есептік санауды меңгерді. Сабақ кезінде балалар түрлі сұрақтарға жауап беріп, логикалық есептерді шешті. Ашық сабақ мотивациялық-қозғаушылық, ұйымдастырушылық-ізденушілік, рефлекстік-түзетушілік сияқты үш бөлімнен тұрды. Алқашқы бөлімде балақайлар сандарға қатысты сұрақтардың жауабын іздесе, екінші кезеңде гүлдердің күлтешесінде жасырылған тапсырмаларды орындады. Үшінші бөлімде балалардың сұрақтарына жауап берілді. Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру бағытында өткен бөбекжай тәрбиешісі Бейбіткүл Берденованың ашық сабағын әріптестері жоғары бағалады.
— Білім беру саласында қызмет етіп жүрген жанның мойнында әрбір отбасының абыройы, өз халқының келешегі, ұлтының тағдыры үшін арқалаған зор жауапкершілік жүгі бар. Бұлай дейтінім, бүгінгі балақай болашақта жанұяның тірегі, ел ағасы, егемен елдің ертеңі. Бүгін оларды сапалы біліммен сусындатып, жан-жақты тәрбиелеуге күш салсақ, оған келешекте сондай дәрежеде салмақ арта аламыз. Бүгінгі сабақтың өзі балақайлардың келешекте жақсы оқушы, кәсіби маман болып шығуына септігін тигізеді деп білемін. Бастысы, бүгінгі сабақ балалардың көңілінен шықты. Бейбіткүл Берденованың ашық сабағына «бестік» қоюға болады, — деді балабақша әдіскері Нұржамал Кәрібайқызы.
«Білім айнасы» ақпарат