Home » Балабақша » Баланың періште әлемі – тәрбиешінің бақыты

Баланың періште әлемі – тәрбиешінің бақыты

Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен сезіне білуі қажет. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты.

Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзі осы балабақша балаларына арналғандай.

Тәрбиешінің әрбір өткізген оқу қызметі баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта-жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала рөлде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойында асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Баяғы Сократтың «Таным – бұл жақсылық» деген пәлсәпалық қағидасы дәл осы жерде тікелей мағынасына ие. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын тәрбиеші оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады.

Осындай тынымсыз еңбектің жемісін көру үшін, тәрбиешілік жұмыс тәрбиешінің бойынан – жігерлілік пен еңбекқорлықты қажет ететінін айқын аңғардым. Әрине, әрбір тірлікте де жігерлі еңбек етпей айтарлықтай нәтижеге жету мүмкін емес. Ал тәрбиешіде бұл қасиеттердің түп негізі жауапкершілікте дер едім. Қолыңдағы баланың, адамның, тағдырын шешуден артық жауапкершілік бар ма?! Осы ауыр жауапкершілікті қабылдаған тәрбиеші күндіз-түні тыным таппасы анық. Тәрбиеші жігері оның бала санасына «мол суымен сабырлы аққан кең арналы өзендей» таси құйылған білімі мен дана тәрбиесінен көрінеді.

Балалар өмірдің гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі.

Бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсіндім.

Кошманова Жадыра  Пулатовна

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылы,

ЖШС «Рауан» балабақшасының тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.