Home » Мақалалар » Баланың білімді болуы отбасыға байланысты

Баланың білімді болуы отбасыға байланысты

Ұстаздық үлкен жауапкершілік. Ондай жауапкершілікті көтеріп жүрген адамдар нағыз құрметке лайық тұлғалар. Олардың әрқайсысы жайлы бір мақала емес, бір том кітап жазуға болады. Олар өз міндетін қашан да адал атқарып, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып келеді. Сондай ұстаздарымыздың бірі 1977 жылы 16 наурызда Алматы қаласында өмірге келген Конкакова Әсем Мұхтарқызы. Кейіпкеріміз 1984-1994 жылдары №156 мектепті аяқтап шығады. Еңбек жолын 1996 жылы өз мектебініен бастап, 2013 жылы қазіргі №14 мектепте ағылшын пәнінен тәлім бере бастаған. Әсем апаймен бүгінгі  заманауи білім беру жайында аздаған әңгіме-дүкен құрып қайттық.

-Апай, қазіргі оқушыларға қалай білім беру керек?

— Меніңше, бүгінгі шәкірттер ескі әдіспен берілген білімді қабылдай алмайды. Олардың ақпаратты игеру қабілеті, өмірлік танымы аға буыннан мүлдем ерек. Соған орай, қазіргі таңда білім беру саласында жүргізіліп жатқан жаңартулар өте орынды, әрі оқыту жүйесіне тың серпін береді деп ойлаймын. Заманауи оқушыларға өзіндік ізденіс, ұстаз тарапынан жасалатын терең психологиялық әдістер аса маңызды. Біз тек жол нұсқаушымыз. Қалғаны шәкірттің өз еркінде болғаны дұрыс.

— Қазіргі ұстаздар жайында не айтар едіңіз?

— Мұғалім – мектептің жүрегі дейді ғой. Ұстаздар балаға білім беру ісінде алдыңғы шепті ұстап келді, бұдан кейін де солай бола береді. Бірақ, айтып өткенімдей, бүгінгі заманда оқушының өзіндік жұмыс жасауына көп көңіл бөлінгені дұрыс. Мәселен, мен ұстаздық етіп жүрген №14 мектеп мұғалімдері барлығы дерлік жоғары санатты тәлімгерлер. Олардың педагогикадағы тәжірибелері мектеп оқушыларына білім беру үшін жеткілікті. Соған қарамастан, біз баланың өзіндік жұмыс жасауына, отбасыдағы белсенділікке көбірек көңіл аударып отырмыз.

— Оқушылардың білім алуына әсер ететін ең басты фактор не деп ойлайсыз?

— Отбасы. Егер, баланың білім-білігіне отбасында тиісті дәрежедегі көңіл бөлінбесе мектептегі ұстаз еңбегінің рәсуа болғаны. Біздегі ата-аналардың басты кемшілігі сол, мектепке баланы берсе болды ұстаздар одан тәрбиелі және білімді жеткіншекті дайындап шығады деп ойлайды. Шындығында, бала мектепте емес, мектептен тыс өмірде өзін-өзі жетілдіруге қаншалықты көңіл бөлсе, соншалық дәрежеде білімді болып шығады. Қазіргі ата-аналардың ескеруге тиіс жайты осы.Жаңа жүйе осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.

-Апай, енді жеке өміріңізге ауыссақ. Өмірде немен (кіммен) мақтана аласыз?

-Балаларыммен. Бүгінде үш ұлдың анасымын. Барлығы да дарынды, талантты ұлдар.

— Өмірлік ұстанымыңыз бар ма? Мәселен, мен өмірде адамдардың барлығында ұстаным бар, тек оны көпшілігі байқай бермейді деп ойлаймын.

-Дұрыс айтасың. Әрине, менде де ұстаным бар. Бірақ, ол біршама жаттанды болып естілуі де мүмкін (күлді): «Тек қана алға!». Менің бар ұстанымым осы үш сөзде ғана көрініс тапқан.

— Неліктен осы саланы таңдадыңыз?

— Шынымды айтсам, өзім де білмеймін. Тағдырдың жазуымен осы салаға келген де болармын. Бірақ, нақ өзімнің саламда жүргеніме кәміл сенімдімін. Өйткені, оқушыларға тәлім беруден, олардың жетістікке жетуінен алатын ұстаздық   қуаныш маған былайғы өмірде де үлкен қуаныш сыйлап жүреді. Сондықтан ұстаз болғаныма қуанамын, әрі   машақаты көп осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін.

— Сұхбатыңыз есте қаларлықтай әсерлі болды. Сізге үлкен рахмет!

Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.