Баланы бөбекжайға беру немесе бермеу жағдайына жалпы жанұяның жайлылығы, барлық жанұя мүшелерінің эмоциялық күйі, ата-ананың өзін-өзі бағалауы және жанұяның маңызды мәселелері байланысты.
Мәселенің психологиялық жағы: болып жатқан өзгерістерге бейімделу бұл балаға да, ата-ана үшін де қиын.
Соңғы жылдары қоғамда бала тәрбиесіне көзқарас өзгерді, бұл мектепке дейінгі мекемелердің бала өміріне қатынасына байланысты болды. Қазіргі уақытта барлық қоғам мүшесі балаларына өзара іс-әрекет формасы мен әдіс тәсілдерін өздері таңдайды. Сонымен бірге көпшілік ата-ананы бала үшін балабақша қажет пе?- деген сұрақ толғандырады. «Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленген бала мектепке тез бейімделеді, әлеуметтік қатынасқа жақсы түседі, құрдастарымен қарым-қатынаста тәжірибе жинақтайды және мектепке келгенде осыған сүйенеді»,- деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан құрдастарымен қатынастарда қиындыққа ұшыраған балалары бар ата-аналар бөбекжайға барса, бұл қиындықтан шығады деп үміттенеді. Бөбекжайдың мүмкіндігін жоғары бағалау да- қателік.
Бөбекжайға бейімделген бала саны көп емес. Көпшілігі түрлі қиындықтарға тап келеді. Оның ішінде бөбекжайға бару кей балада қорқыныш, үрей тудыруы да мүмкін.
Бөбекжайға психологиялық бейімделуі баланың жеке, жас ерекшеліктеріне және тағы да басқа факторларға байланысты. Оның алғашқысы және маңыздысы баланың анасынан және жанұясынан ажырауға психологиялық дайындығы, өйткені үйренген байланыстан ажырау және жанұядан тыс жерде ересектер және өзге балалармен жаңа қарым-қатынас орнату бала үшін қиындық тудырады.
Ересектердің назары өзінде болғанына үйренген баланың «көп ішіндегі бір бала» екендігіне көнуі және өз қажеттіліктері үшін, өз күшін жұмсап күресуі қажет болады. Бұл өзінің қажеттілігі бірінші орында тұратын және ата-ана айтқан бойда, автоматты түрде қанағаттандыратын жанұядағы жағдай емес. Тіпті кейбір ата-аналар ойлағандай бөбекжай – бұл ұялшақтықтан құтқаратын «дәрі» емес, бұл бала үшін өз бетінше өмір сүру тәжірибесіне дайындық – қиындықтарды жеңу, өзге балалармен қарым-қатынас орнату, жалпы психологиялық «жетілуге» сынақ боп табылады.
Балаға бөбекжай керек пе?- деген сұраққа жауап беру үшін негізгі оң жақтарын айтайық. Жанұядағы тәрбиемен салыстырғанда бөбекжай балаға не береді?
Негізінен бөбекжай өзге балалармен қарым-қатынасқа үйрену тәжірибесі және мектепке психологиялық дайындық болып табылады. Бірақ осы өз бетінше үйрену тәжірибесі бала үшін де, оны уайымдап жүрген ата-ана үшін де жағымды жағдай емес. Сонымен өзге балалармен қарым-қатынас үйренуде бөбекжай жалғыз мекеме боп табылмайды. Қазіргі уақытта мектеп жанынан шағын орталықтар ашылуда, бұл жерде бала тез бейімделуі мүмкін.
Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай баланы бөбекжайға беруде ата-ана баланың жеке жас ерекшеліктеріне емес, өз қажеттіліктеріне сүйенеді (жұмыс, өзге де жанұялық жағдайлар т.б). Соның салдарынан ата-ана басты қателігін жасайды: бала бұл жағдайда психологиялық тұрғыдан қалыптаспай тұрып, ерте жастан, тез, жанұядан, үйден ажыратады. Бұл жағдайда бөбекжайға бейімделу өте қиын жағдайда өтеді. Кейде бөбекжайдан бас тартуға тура келеді.
Баланы бөбекжайға психологиялық дайын екендігінің белгілері:
— баланың өзге балалармен ойнауға, қызығушылығының болуы;
— анасынан ажырауға баланың жағымсыз әсерінің болмауы;
— баланың өз жақындарынан басқа ересек адамдармен қарым-қатынасқа дайындығы;
— жаңа жағдайларда балада қорқыныш, үрейдің болмауы;
— сұраса, бөбекжайға барғым келеді,- деп жауап беруі.
Енді баланың бөбекжайға баруда күйзелісті азайту және бейімделуді жеңілдету факторларына тоқталайық.
Бөбекжайға қай жастан бару қажет? Бөбекжайға дайын болу жасына толудың өзіндік шарттары бар. Бір балада бұл 2,5 жаста кей бала 4-5 жасты күту қажеттілігі болады. Әрине ата-ана бұл жасқа дейін күте алмайды. Бірақ баланың бөбекжайға ерте жастан беруге тәжірибе ретінде қарау және жағымсыз салдарға да дайын болу қажет.
Бөбекжай тандауда әртүрлі жанұя түрлі басымдықтарға қарайды. Бірі мемлекеттік, бірі жеке балабақшаны қалайды.
Бөбекжайдың жақын болуы біреулер үшін маңызды, біреулер үшін маңызды емес. Бір ата-ана баланы жақсы дамытатын бағдарламасына қараса, бірі тек жайлы қарым-қатынас жасаса болды,- дейді. Бірақ барлығы, тәрбиеші жақсы болуына мүдделі. Бірақ «жақсы» түсінігі әркімде әрқалай, кей ата-ана қатаңдықты, кейбірі жұмсақ, әрі баланың тентектігіне мейірімділікпен қараса,- дейді.
Балаға бөбекжай тандағанда таныс адамдар мен өзге ата-аналардан мәлімет жинақтаныз. Бұл жақсы нұсқа тандауға көмектеседі. Содан соң міндетті түрде бөбекжайға барып, ұзағырақ уақыт өткізіңіз. Ұсақ-түйекке көңіл аударыңыз, әкімшілік ата-ананы қалай қарсы алады, ұсыныс-тілектерге қаншалықты назар аударады. Тәрбиешілердің балалардың серуенде жүргендегі қарым-қатынасына қараңыз. Балаңыз баратын топтың тәрбиешісімен әңгімелесіңіз. Бұл жерде балаға тиімді қолайлы қатынас табуға көмектесетін, негізгі әсер ететін фактор- тәрбиешінің баланың жеке жас ерекшеліктерімен санасуы және оның педагогикалық тәжірибесі.
Бөбекжайға дайындық
Баланы бөбекжайға, тәрбиешілерге үйрету үшін, алғашқы кездері баланы тек балалармен серуендеуге әкеліп, одан соң жарты күн, кейін күндізгі ұйқыға қалдыру қажет. Бұл жағдайға балабақша әкімшілігі түсіністікпен қараса, барлық жағдайда балаңыздың қажеттілігі ескерілетіндігін білдіреді.
Бөбекжайға бейімделу – бұл баланың балабақшаға үйрену мерзімі. Бұл мерзімде балада үйден кеткісі келмеу, бөбекжай талаптарына қарсылық білдіру, қықырлық көрсету, ызалану немесе тұйықтық, бөбекжай қызметкерімен қарым-қатынасқа түсуден бас тарту әсерлері байқалады. Сонымен бірге ата-анамен қоштасу кезінде анасының қолын жібермей жылаған бала, анасы кеткен соң тәртібі өзгереді- бала тынышталып анасы туралы есіне алмайды.
Бұл неге көрініс табады? Бұл бала бойындағы үйден алыс кетіп, жаңа ортаға, үйреніспеген жағдайға түсуге күйзеліс әсері: Бөбекжайға бейімделу кезеңі баланы күйзеліске ұшыратуы мүмкін, өйткені бала өмірінде көп жағдай өзгереді. Оған қарым-қатынас түрі, бала құқығы өзгереді, жаңа міндеттер пайда болады. «Жалғыз және қайталанбас» баладан «көптің бірі» болуға үйрену оңай емес, бұған уақыт және баланың жоғары бейімделу қабілеті керек. Шартты түрде бұл кезең 2-3 айға ұласады, бірақ әр баланың жеке дара ерекшеліктеріне байланысты бейімделу кезеңі 2-3 аптадан кейін басталуы да мүмкін.
Бұл кезеңнің аяқталу белгісі: баланың жағдайының, көңіл-күйінің тұрақтануы болып табылады. Балалар жаңа ережелерге, бір-бірімен сыйластыққа үйренеді. Бастапқыда бұл қарым-қатынас жанжалдан басталып, содан соң жөнге келеді.
Бұл қиын кезеңді баламен бірге ата-ана да өткереді, сондықтан ата-ана бұл баланың тәртібінде, іс-әрекетінде жағымды өзгерістер бар ма біліп отыру керек.
Міндетті түрде тәрбиешіден балаңыздың сіз кеткеннен кейін қалай жүретіндігін сұраңыз. Өзге адамдардың пікірін тыңдаңыз. Негізінен бала тәртібі балабақшаға кім апарып, әкелгеніне байланысты өзгере ме? Егер солай болса – бала қыңырлығы және қиналуы нақты адамға байланысты болса, мысалы: мамасы немесе әжесі, онда олардың өздерінің жеке уайымдары мен үрейлері баланың балабақшаға бейімделу кезеңін қиындатып жатқан жоқ па? деп ойлануы керек.
Баланың бөбекжайға бейімделу кезеңі ата-анаға да қобалжу әкелетінін түсінуі керек. Кей сәттері олар баладан да артық күйзеледі. Сондықтан жанұя мүшелері өз сезімдерін бақылап, негізін түсініп отыруы қажет.
Бөбекжайға баланы бергенде анасы не сезеді?
— Менің балама менсіз қиын шығар?
— Тәрбиешілер балама толық көңіл аудара ма?
— Балам қиналса көмектесе ме, жұбата ма?
— Бекер берген жоқпын ба?
— Менің өзіме де қиын болды-ау?
Ана баласын бауырына тартып, өзінің қасында ұзағырақ ұстауға тырысуы, баланың балабақшаға бейімделу кезеңін ұзартып жіберуі мүмкін. Анасы үшін бала өзінің жалғасы сияқты, ол өз сезімдерін балаға «көшіріп», өз күйзелісі мен бала күйзелісін араластырады. Ана өзі ішкі сезімдерін реттеу жұмыстарын жүргізіп, баланы өзінен эмоциялық тұрғыдан ажырату керек. Балабақшаға барған баланың анасына баласының өзіне тәуелді болмай, дербес бола бастағанына, анасының махаббаты мен бауыр басуын қатты қажет етпейтіндігіне үйренуі керек.
Ата-ана не істеу керек? Бөбекжайға барғанда баламен қоштасу қысқа мерзімді болуы керек. Бала жылап, анасына ұмтылса да, беттен сүйіп, қол бұлғауға үйрету керек. Бұлай жасай келе, сіз баланы артық уайымнан құтқарасыз.
Бөбекжай туралы баламен әңгімелескенде, онда көп нәрсе үйренуге, баланың және тәрбиешісімен достасуға болатындығын айту қажет. Ата-ананың сенімділігі, жайлылығы балаға сенімділік берері сөзсіз. Бала бөбекжайға барудан «құтылуға» болмайтындығына көзі жеткен соң, қарсыласуын қойып, өз өмірінің бір бөлшегі ретінде қарайды. Үйдің жайлы және әдеттенген атмосферасына ажырап, ол балабақшадан қажеттілігін және жағымды жақтарын тауып, өзге адамдармен, тәрбиешілермен балалармен жақсы қарым-қатынасқа түсуге үйренеді. Бала осы жаңа жағдайға қызықса, үйден алыстағанда қиналмайтын болады.
Анасы мен жанұя мүшелері «баланың жанұядан ажырауын және оның әлеуметтік ортаға шығуын» уайымдамай тыныштанса, бала да тез тынышталады.
Кей жағдайларда ата-ана дұрыс іс-әрекеттер жасаса да, бала бөбекжайға бейімделуі ұзақ уақытқа созылады. Бала жиі ауырады, ұйқысы бұзылады, тамақ алысы нашарлайды. Бөбекжайда бұрышта тұрады, балалар арасында «бөтен» және тәрбиешілер үшін «жүктеме» тіпті бала, қорқақ, үрейленгіш болады. Анасы кеткеннен соңғы жылау және қиналу күні бойы созылады. Бұндай бала өзге балалармен қарым-қатынасқа түспейді, кейде тәрбиешілерден де оқшауланады. Оның іс-әрекеті екі жақтың ортасында қалған: үйден ажырап, бірақ балабақшаға үйренбегендей болады. Нәтижесінде бала өзін бәрі тастап кеткен, бақытсыз жалғыз қалғандай сезінеді.
Бұндай іс-әрекет бала психикасында бұзылыс бар деген сөз емес, тек бала балабақшаға дайын еместігін білдіреді. Мінезіндегі жеке дара ерекшеліктері – ұялшақтық, тұйықтық – бөбекжай қызметкерлері тарапынан жеткілікті психологиялық қолдау көрсетілмеуі балабақшаға бейімделуге кедергі келтіреді. Кей жағдайларда тәрбиеші бұндай «ерекше» балаларға қолайлы қатынас таба алмайды. Бұл педагогикалық тәжірибе және баланың өмірін жеңілдетуде ынталандыру себептерінің жетіспеушілігінен болуы мүмкін.
Бұл жағдайда ата-ана ұстаған «Барлық жолмен бөбекжай» ұстанымы қате, бала болашағына еш көмегі болмауы, бала мен ата-ана арасындағы сенімді алшақтатуы мүмкін. Бала ата-анасының өз күйзелісімен санаспайтынын, ең жақын адамдары «қиыншылықта тастап кетуін» жалғыздықты сезінуіне байланысты көмекке келмеуін уайымдайды. Бұл жағдайда ең дұрысы- баланы балабақшадан ажырату.
Баланың бөбекжайға бейімделу мәселесі туралы анасы бала психологымен ақылдасып алғаны жақсы. Әр кез ата-ана баламен болып жатқан жағдайлардың себептерін толық талдай алмайды, бұл жерде тәрбиешіні себепсіз кінәлап, баланың психикалық жағдайына күмәнданбаған дұрыс. Бұл жерде мәселе: осы уақыттағы бала баратын бөбекжай талаптарына, осы уақыттағы баланың жеке дара ерекшеліктері сәйкес емес екендігі туралы сөз болуы керек. Ең бастысы, ата-ана баланың бөбекжайға бейімделуіне өз ықпалы бар екенін түсінуі тиіс. Бөбекжайға бейімделу мәселесі мерекеден, демалыстан және жанұяның ішкі жағдайлары өзгергенде (анасы іс-сапарға кеткенде, сәби дүниеге келгенде және т.б жағдайларда) қайта жалғасуы мүмкін. Бұл жағдайларда бала қажеттілігін жанұяда қалыптасқан тәртіпті бұзбай қанағаттандырып отыру қажет: бөбекжайда қалу уақытын азайтып, апта арасында үзіліс ұйымдастырумен шешуге болады. Толықтыра айта кетсек: әрбір туындаған мәселелер бірдей болуы мүмкін, бірақ одан шығу жолдары әр ата-анада өзгеше.
К.Н.Менешева
№18 «Балдырған» бөбекжайының
ІІ-санатты педагог-психологы