Home » Эссе » Баланың балабақшадағы әлемі – тәрбиешінің бақыты

Баланың балабақшадағы әлемі – тәрбиешінің бақыты

Мен Меңдіқара ауданында «Балауса» балабақшасында 2006 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Өз тобымның аты «Айгөлек». Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы – әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен сезіне білуі қажет. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған сәтте үмітке толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім. Оның адамгершілік ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту.

Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі. Бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзі осы біздің топтың балаларына арналғандай. Тәрбиешінің әрбір өткізген оқу іс-әрекеттері баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта-жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала ролде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, сонымен қоса ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін сол мөлдір әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парықтай алатын айқын да қуатты ақыл-парасат қажет. Баланың

жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын тәрбиеші оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады. Оқу іс-әрекеті кезінде берік дағдыларын қалыптастыру мақсатында балабақша өміріне енгізудің өзі таңдаулы технология мен асқан шеберлікті талап етеді. Баланың балабақшаға келгенге дейін «Мен бәрін де балабақшадан үйренемін», деген үмітін анықтау бүкіл балабақша ұжымымен ата-анасының, туған-туысының қатысуымен жүзеге асырылады. Балалардың ата-аналарымен үнемі байланыста болып, оларды бала бақшада түрлі шараларға белсене қатыстырып отырамын.

Балалар – өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі. Балалардың шығармашылығын дамыта отырып, қазіргі заманғы педагогикалық теориямен практиканы басшылыққа алып, жұмыс жасаудамын. Педагогикалық озық техналогияларды оқу іс-әрекеті кезінде пайдаланып, балалардың шығармашылағын дамытуға ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырып келемін. Қортындылай келе, балабақшадағы тәрбиешілер ең озық педагог, психолог, ғалым және асқан дарын иесі болу керектігіне көз жеткіздім. Мектепке дейінгі жастағы бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсіндім.

 

Қостанай қаласы, Меңдіқара ауданы
«Балауса» балабақшасының
1-ші санатты тәрбиешісі
А.М.Онайбаева

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.