Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Балаларды жан-жақты тәрбиелеуде ойынның маңызы

Балаларды жан-жақты тәрбиелеуде ойынның маңызы

Ойынның мектеп жасына дейінгі балалардың білімін берік меңгеруіне тигізетін әсерін ұлы Абайдың “Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма” деген өлеңінен білуге болады. Бүгінде мәдени қазыналарға бай қазақ халқының ұлт ойындарын сабақта қолдануға болады. Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Ойын – тәрбие құралы, ақыл – ойды, тілді ұстартады. Ерік және мінез қасиеттерін бекітеді. Адамгершілік сапаны жетілдіреді. Ұжымдық сезім әрекеттері өсе түседі. Эстетикалық тәрбие беру мақсаттарын шешуге мүмкіндік береді. Дене күшінің жетілуіне көмектеседі. Демек, ойын баланы жан – жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық әдісі.

Дидактикалық ойындар дегеніміз – оқыту мақсатын жүзеге асыруға арналған ойындар. Дидактикалық ойын баланың қоршаған дүние туралы түсінігін кеңейтеді. Дидактикалық ойындағы талаптар:

  • Балалар өзінің қабілетін көрсете білуге мүмкіндік беру;
  • Баланы басқалармен жарыса білуге қалыптастыру;
  • Ойын барысында балаға жаңа білім беру;
  • Баланың ойын барысында жеткен жетістігі және оның жаңа сабақтан алған білімі.

Егер тәрбиеші ұйымдастырылған оқу қызметін бірыңғай әдістермен жүргізе берсе, ол балаларды жалықтырары сөзсіз. Құрылымы бойынша дидактикалық ойындарды мынадай түрлерге бөледі:

  • Сюжеттік – рөлдік ойындар;
  • Жаттығу ойындар;
  • Шығармашылық ойындар;
  • Әдеби – музыкалық ойындар.

 

Халық ойындарының педагогикалық мүмкіндіктеріне сәйкес мынадай жіктемесі бар:

  • Білім беретін ойындар;
  • Тәрбиеленетін ойындар;
  • Дамытатын ойындар;
  • Жеке тұлғаны әлеуметтендіретін ойындар;
  • Диагностикалық ойындар.

Мектепке дейінгі оқытудың ең әйгілі құралы дидактикалық ойын кезінде бала есептеуге, сөйлеуге және басқаларына ойын ережесін сақтап отырып үйренеді. Ересек адамға тек ойын барысын бақылап, оған түзету енгізу ғана қалады. Құралдың бұл тобына балаларға тапсырма беру принципі бойынша жүргізілетін білім беру жұмысы да жатады. Дидактикалық ойын кезінде ойын ережесі, ойын әрекеті, оқу – ойын тапсырмаларында мұндай тапсырмаларды орындауға арналған нұсқау, айтылған әрекет, дидактикалық материалда – оларға әсер ету ықпалы бағыттап отырады. Дидактикалық ойындар кезінде бақылау балаларға тиісті, ересек адам ең жақсы болғанда ойнап жатқан балалармен бір деңгейде, яғни, ойын ережесі мен ойын әрекетінің шеңберінде ғана әрекет жасай алады. Мектеп жасына дейінгі баланың іс-әрекеттерінің қатарына ойын, еңбек және білім алу бастамалары жатады. Осы аталғандар өзара үйлесіп келіп мектеп жасына дейінгі баланың тұрмыс-салтын құрайды, оның қоғамдағы, отбасындағы орны мен дамуын айқындайды. Тек ойын және еңбек пен білім алу бастамалары арқылы бала идеология элементтерін, оған түсінікті формадағы, әдеттер мен дағдыларды игереді. Балабақшадағы тәрбие мен оқыту процесіндегі ойын, еңбек және оқуды қай тұрғыда жүргізілетіні, мұнда жеке адамның қандай қасиеттері қалыптасатыны, балалар қандай білім мен іс-әрекетті игеруі мүмкіндігі аса маңызды мәнге ие. Жақсы ойнап, еңбек ете білетін әрі оқуға қабілетті баланы ересек адамдар мен балалар қоғамында өмір сүруге қажетті қасиеттерді толық игерген тәрбиелі бала деп аталуы мүмкін. Бала өзін-өзі көрсетсе, ойын, оқу, еңбекте адамгершілікке тәрбиеленеді деген сөз, өйткені мұнда олардың өзара, ересек адамдармен қарым-қатынасы қалыптасады. Ойын, еңбек, оқу арқылы біз балаларға белгілі бір тұрғыда ықпал жасай аламыз. Бірақ біз іс-әрекеттер – ойын, еңбек, оқыту – өзара ұштасқан жағдайда ғана баланың жеке басын дамытуда толық нәтижеге жете аламыз.

Балалар ойыны айналадағы дүниенің айнасы іспеттес. Ойын қоғам өмірінің жағдайларымен тікелей байланыста болады. Оның бала өміріндегі орны, формасы және мазмұны ересек адамдардың тұрмыстық күйімен, еңбек формасымен және мазмұнымен салыстырыла, жанама түрде айқындалады. Осыған орай балалар ойынының тәжірибе артықшылығы үшін, көрсетуде, өмір жолын жаңа бастаған жас ұрпақтың бойына дағдыны, тәрбие ережесін дарытуда белгілі мән бар.

Совет педагогикасы мен психологиясының теориясы ойынды баланың дербес белсенділігінің айналадағы дүниемен араласуы дүниені, өзін тануының, өзінің көп қырлы мүмкіндіктерін сынап көруінің алғашқы бір көрінісі деп қарайды.

Н.К. Крупская ойынды өсіп келе жатқан бала организмі талап ететін табиғи қажеттілік деп сипаттайды және оның тәрбиедегі аса маңыздылығын атап көрсетеді. «Ойын өсіп келе жатқан бала организміне ауадай қажет. Ойын үстінде баланың күш – қуаты толыға түседі, қолы қатайып, денесі иілгіш, көз қырағылығы артып, тапқырлық, сезімталдық, инициатива көрсету секілді қасиеттері дамиды. Ойын үстінде балалардың бойында ұйымшылдық дағдылары қалыптасады. Өзі тап болған жағдайды байыппен талдап, төзімділікке үйренеді. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін, ойын ерекше маңызға ие: ойын олар үшін – оқу, оқу олар үшін – еңбек, ойын олар үшін — тәрбиенің бірден – бір формасы»

А.С. Макаренко баланың ерте жасында және оның келесі өсу сатыларында ойынның ерекше маңызы барын атап көрсеткен. Ол ойынды баланы қызықтыратын әрі өзі үнемі елітіп отыратын ең басты сабақ деп санайды. А.С.Макаренко балалар ойынын олардың еңбек күштері – физикалық және психикалық нышаны аңғарылып тұратындай етіп басқару қажеттігі, онсыз ойынның салдарлы тәрбиелік мәнінің болмайтынын айтқан.

К.Д. Ушинский ойынның мәнін баланың дербес іс – әрекеті, айналасындағы өзгерістерді танып білуге, белсенді әрекет етуге жол ашушы ретінде түсіндіреді. Шынайы өмірде баланың аты – бала. Өз бетінше әлі ештеңе тындырып жарытпайтын жан. Қам – қарекетсіз өмір ағысына ілесіп кете береді: ал ойын үстінде ол бейнебір ересек адам тәрізді, өз күшін сынап көреді. Өзі жасаған нәрселеріне қашанда билік жүргізумен болады, — деп жазады.

Балалардың ойынға деген қызығушылығы және оның бала өміріндегі мәні педагогикалық мақсаттарда пайдаланылады. Балаларды физикалық, тілдік тұрғыдан дамытуда, өлшем бірлігімен, түс және форма ұғымдарымен таныстыруда оқыту (дидактикалық) ойындары таңдалынып алынады. Бұл ойындар балалардың ерік күшін, тілін, қимыл – қозғалысын, ақыл – ойы мен қажырлылығын қалыптастырады. Мұндай ойындардың оқытуға бір табан жақын тұратыны түсінікті. Бұл енді тек ойын емес, өзіндік оқу түрі де. Балалардың қозғалысқа құрылған дидактикалық ойындарды меңгеруі өзіндік жеке ойындардың дамуына ықпал жасайды. Баланың әрбір жас кезеңіне сәйкес келетін ойындарының мүмкіндіктері мол.

Ойын – бір жағынан, іс-әрекеттің жаңа түрі – танымдық талпыныстың қалыптасуына түрткі болса, екінші жағынан, ақыл – ойды жұмсауды көбірек қажет ететін жұмбақ түріндегі немесе интеллектуалдық ойындарға ұласуы арқылы тағы бір қырынан көрінеді.

Ойынның мектеп жасына дейінгі балаларға тәрбиелік тұрғыдан ықпал ететін орасан зор мүмкіндіктерінің бар екені күмәнсіз: дұрыс ұйымдастырылған ойынмен балаларды сабаққа, еңбекке баулиды.

Сагиндикова Мақпал,

«Бөбек» ясли-бақшасының тәрбиешісі,

Түркістан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.