Ұсақ саусақ моторикасын дамытудың маңызды бөлігі − саусақ жаттығулары. Саусақ жаттығулары дегеніміз – қандай да бір ұйқасты оқиға, не ертегіні саусақтар арқылы ойнап шығару. Көптеген саусақ жаттығулары екі қолдың да қозғалысын талап етеді, ол өз кезегінде баланың «оң», «сол», «жоғары», «төмен» сияқты ұғымдарды түсінуіне көмегін тигізеді. Бала өз саусақтарын қаншалықты басқара алса, оның одан әрі дамуы да соған тікелей байланысты. Ұсақ қол моторикасымен қоса балалардың есте сақтау қабілеті мен назары, сондай-ақ, сөздік қоры да дами түседі. Осыларды ескере отырып, өз жұмысымның мақсатын анықтадым: мектеп жасына дейінгі балаларды түрлі қызметтер арқылы ұсақ қол моторикасын дамыту.
Ұсақ қол моторикасы термині саусақтар қозғалысы және қолдың буындарын үйлестіру дегенді білдіреді. Ұсақ моториканы дамытудың маңыздылығы неде? Адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Ұсақ моторикаға әсер ете және оны белсендіре отырып, көрші орналасқан сөйлеуге жауап беретін орталықты да дамыта аламыз.
Педагогтар мен балалар психологының мақсаты – ата-аналарға ұсақ моториканы дамыту ойындарының маңыздылығын ұғындыру. Баланы қызықтыруда және жаңа хабарларды игеруіне көмектесуде үйретуді ойынмен алмастыру, алға қойған мақсатына жетуді, тапсырманы орындауда қиындыққа кездессе мойымауына үйрете отырып, аз мөлшердегі жетістіктерін де бағалап, мадақтап қоюды да ұмытпауы керек.
Бала есін біліп, былдырлап сөйлей бастаған кездің өзінде-ақ баламен ойнай бастаймыз. Өйткені, ойын – мектеп жасына дейінгі баланың жетекші іс-әрекеті. В.А. Сухомлинский: «Ойынсыз баланың толыққанды ақыл-ой дамуы мүмкін емес. Ойын үлкен ошақты жағуға арналған ұшқын» десе, яғни ойынның басты мақсаты: баланы дамыту, кемшіліктерін түзету.
Ойындар – ұсақ саусақ моторикасын дамытудың маңызды бөлігі. Ойындар мен жаттығулардың жүйелілігі. Бірден нәтижені күтудің қажеті жоқ. Өйткені, дағдылардың автаматтануы көптеген қайталанулармен келеді. Соған байланысты, бір дағдыны меңгеру бірнеше бөліктермен жүзеге асады.
Қорыта айтқанда, мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ саусақ моторикасын дамыту педагог-тәрбиеші үшін ең маңызды міндет десек, онда баланың физикалық және психикалық денсаулығын сақтауға көмектесу қажет етеді.
Жұмысымның нәтижесі ретінде түрлі жұмыстар атқару барысында балалар қызығушылығының артқанын байқадым. Міне, сондықтан да шығармашылық процесстен, өзі жасаған істен, әр жұмысты немесе әр қимылды жоғары қызығушылықпен жасауға үйретемін. Бұдан әрі де түрлі қызметке деген қызығушылықты қалыптастыратын ұсақ қол және жалпы моториканы дамытуға септігін тигізетін жаңа әдістемелік қабылдаулар іздеcтіру жұмысын жалғастырамын.
Зілтай Меруерт Серікбайқызы,
№10 «Алма» сөздері бұзылған балалар үшін
арнаулы (коррекциялық)
мектепке дейінгі ұйымының
тәрбиешісі,
Ақтөбе қаласы