“Мұғалім – баланың бойына руханилық білім нәрін себетін басты тұлға”
А. Байтұрсынұлы
Адамды рухани байлыққа апаратын жолдың бірі – білім, екіншісі – сол білімді пайдаға асыру.
Адам алған білімінің құндылығына сүйене отырып, ортасын жақсы жағынан өзгертуге тырысады. Өйткені рухани жетілудің шыңына жеткен, көтерілген адам өмірдің мәні мен мағынасын түсініп қоймай, жер бетіне ізгілік орнату үшін күш салады. Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам өзін-өзі қадағалап, сынап, тәрбиелеуге, өмірден өз орнын табуға ұмтылады.
Көшпенді ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатысты жайттарды топтастырғанда да ғылым үшін аса маңызды жүйелік приципке ерекше мән берген. Осы айтылғанға орай, жас буын тәрбиесін бесіктен бастап қолға алып, оларды ақыл-ой, имандылық, көркемдік, сымбаттылық секілді салаға жұптастырған.
ХХІ ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімінің түп тамыры тереңде жатыр. Ол халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, тағылымды ой толғауларынан бастау алады.
Бүгінгі күні біздің елімізде ұлттық және адамзаттық құндылықтар негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және балалардың рухани әлемін байыта отырып, білімін дамыту, жеке адамның рухани мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалуда. Тәрбиенің басты мақсаты – әр баланың ішкі құндылығын ашу, яғни тұлғалық қасиетін ашып бағалауға үйрету.
«Өзін-өзі тану – өмірді тану» дейді көне грек философы Сократ. Басты мақсат – адамдардың өмірдегі өз орнын табуына ықпал жасау, яғни рухани әлемін байыта отырып, білімін дамыту болып табылады.
Өзін-өзі тану пәні әлемнің ең басты құндылығы адам және адамның өмір сүруі үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына ұлттық құндылықтарды меңгере отырып, баланы халқының адал перзенті, адам деген ардақты атқа лайық болуға жастайынан үйрету – қоғам талабы болып отыр.
Әр бала өзінің руханилығымен, өзінің тазалығымен және өмірді таза күйінде қабылдай алуымен талантты.
Өзін өзі тану пәні жобасының авторы Сара Алпысқызы атап өткендей, «Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне өте маңызды! Әлемде махаббат пен мейірімділік аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс», яғни әр баланың, ата-ананың жүрегіне жылулық нұрын ұялатуында әрқайсымыздың орнымыз ерекше. Ұстаз еңбегі – оқушы білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі – әр баланың бойындағы қабілетін дамыту арқылы өмірді, әлемді танып білуге қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сездіре білуінде жатыр.
Жас ұрпақтың бойында ізгілікті тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына отбасындағы тәрбиенің ықпалы ерекше. Бала отбасынан жақсыны да, жаманды да бойына сіңіреді. Сондықтан да халқымыз «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп текке айтпаған. Баланың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру үшін ата-ананың, отбасының мейірімділігі мен махаббаты қажет.
Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, үлгі-өнеге көрсетуші, ақыл-кеңес беруші болуы керек. Бала тәрбиесіндегі осы байланысты жүзеге асырудың дәнекерлеушісі деп «Өзін-өзі тану» пәнін айтуға болады.
Біздің мектебімізде бұл пәнді бастауыш сынып мұғалімі, ал жоғары сыныптарда арнайы курстан өткен пән мұғалімі өтуде.
Біздің мектепте 240-тан аса оқушы білім алуда, осы балалардың әрбіреуін ұстаздар қауымымен қатар, мемлекет, ата-ана, жалпы қоғам өз қамқорлығына алып, үлгілі тәрбие беріп, қолдау көрсетуде.
«Бір бала бар – жасық туады, бір бала бар – әкесінен асып туады» деп халық «жасық туған» баланы да жұрт қатарлы азамат болуға, «асып туған» баланын іс-әрекетін қуаттап, оны үлгі ретінде уағыздайды. Қазақ дәстүрінде ата-анаға қызмет ету – борыш, ата-салтын орындау – парыз, анаңның ақ сүті, әке еңбегін ақтау – парыз. Жеке адамның адамгершілігі де, кісілік имандылығы да осы борыш, парыз қарыз өтемімен айқындалады.
Бұл сөзіме дәлел ретінде өткен оқу жылындағы сабақтан тыс қоғамдық сайыстар мен әдеби оқуларға, олимпиядалық жарыстар мен көрмелерге қатысты және мектепішілік қайырымдылық акцияларға қатысып жүлделі орындарға ие болған ұстаздар мен шәкірттердің шыққан биіктерін сөз етуге тұрарлық.
Атап айтар болсақ, мектеп басшылығы мен оқушылардың жыл бойына өткізген қайырымды акцияларында Арқабаева Арзанның еміне жақын шет елдерде емделуге қаржылай көмек берілді, сонымен қатар жалғыз басты аналардың үйін ақтап, сырлауға қаржылай көмек көрсетіліп, ерікті оқушылар жұмылдырылды. Арқабаева Тынымай анаға ЭКСПО 2017 көрмесіне билет пен жол қаржысына оқушылар жәрмеңке ұйымдастырып, ақшалай көмек берілді.
Тынымай ананың көрмеден алған әсерін, айта отырып «Айналайын, өркендерің өссін! Болашақтарың жарқын, жүрегі елім деп соғар азамат болыңдар!» деп оқушыларға жаудырған ізгі тілегін алғыс хатында риясыз сүйіспеншілікпен білдірді.
Өзін-өзі тану пәні жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту, бойына дарытуды көздейтін болса, сол бес құндылықты оқушы бойынан көре алдық.
- Ақиқат
- Сүйіспеншілік
- Дұрыс әрекет
- Ішкі тыныштық
- Қиянат жасамау
- Елімізде әлеуметі төмен жалғыз басты аналар бары рас, ол – ақиқат.
- Сол кісілерге сүйіспеншілік танытып қамқорлық жасай алдық, ол – риясыз сүйіспеншілік.
- Материалдық көмек және «ЭКСПО көрмесін көріп қайту – мен үшін арман» деп отырған анаға көмек бере алды, ол – дұрыс әрекет.
- Аз ғана болса да қамқорлық танытып, игі іс жасап, нұрға бөленіп, ішкі тыныштықта болды, ол – ішкі тыныштық.
- Осындай шараларды атқарып, қайырымдылық жасап, алғысқа бөленіп жүрген балалар еш уақытта ешкімге қиянат жасамайды, бұл – қиянат жасамау.
Болашақта еліміздің өркендеуіне білімді жастар ғана биік асулардан аса алатынын ескерсек, әлеуметі төмен жалғыз басты аналарға, мұқтаж жандарға жасаған қамқорлық елімізге еселеп қайтары анық. Оқушының рухани әлемін байыту арқылы білімін дамытуы шығармашылық қаблеті, тәжірибелік әрекеттері ізденімпаздық арқылы дамиды.
Қазіргі кезде мектептің алдына қойып отырған басты талаптардың бірі – рухани дүниесі бай, жан-жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу.
Уақыт талабына сай оқушылардың білімін дамытуда оқытудың жаңа ақпараттық технологиясын пайдаланған жөн. Мұғалім оқушылардың оқуға ынтасын оятып, олардың рухани әлемін байыту арқылы білімінің дамыуына жол ашады. Алғашқы уақыттан бастап-ақ әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін, ынтасы мен бейімділігін, оқуы мен еңбекке ұқыптылығын ескере отырып, жұмыс істеу бағытын, жоспарларын жасау керек.
Қорыта айтқанда, оқушылардың рухани әлемін байыту арқылы білімін дамытуды үздіксіз құлшыныс, оқуға, білім алуға ұмтылыс ұдайы өшпей, күннен-күнге дами түсуі қажет. Сонда ғана оқушы бойында білім нұры тасып, оқушы дүниетанымы одан әрі арта түсері анық.
Усманова Дина Мукановна
«М.Маметова атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Оңтүстік Қазақстан облысы
Арыс қаласы