Home » Балабақша » Балалардың балабақшаға бейімделуі

Балалардың балабақшаға бейімделуі

Бала балабақшадан не алады? Әуелі, баланың өз құрдастарымен қарым-қатынас мүмкіндігі қалыптасады. Екіншіден, баланың интеллектуалдық және физикалық дамуы үшін мүмкіндік туады.

Әрбір бала балабақшаға алғаш келгенде бейімделу кезеңінен өтеді. Жалпы, «адаптация» ұғымы латын тілінен аударғанда икемделу, бейімделу деген мағынаны білдіреді. Балабақшаға келгеннен кейін баланың күнделікті өмірлік жағдайы күрт өзгереді. Мектепке дейінгі жастағы балалардың бейімделу мүмкіндігі шектелгендіктен, балалардың жаңа әлеуметтік жағдайға жылдам ауысуы және күйзелісте күні бойы балабақшада өткізу баланың көңіл-күйінің бұзылуы мен психофизикалық дамуының төмендеуіне алып келеді. Баланың өмірінде бейімделу өте күрделі құбылыс болып табылады. Бейімделу кезеңі қиын және ұзаққа созылуы мүмкін. Қиындықтан шығу үшін және бейімделуді жеңілдету үшін баланы жанұядан балабақшаға біртіндеп үйрету керек. Балабақшаға келген баланың өмірінде мынадай өзгерістер болады: қатаң күн тәртібі, күні бойы ата-анасынсыз қалуы, тәртібінде жаңа дағдылардың талап етілуі, бейтаныс жер, бөгде адамдар. Осы өзгерістің барлығы балада бір мезетте болғандықтан, бала күйзеліске түседі, тамақтан бас тарту, жиі науқастану, мінез-құлқының жиі өзгеруі байқалады.

Бейімделу кезеңін психологтар мен дәрігерлердің зерттеулері бойынша 3 кезеңге бөліп қарастырамыз:

  1. Жеңіл бейімделу – 1-2 апта ішінде бала мінезі қалыпқа келіп түзеледі. Тәбеті жақсарып, балада тұрақты әрі қалыпты эмоциялық жағдай қалыптасады. Үлкендермен араласып, жаңа жағдайға тез үйренеді. Ауру, сырқауы асқынбайды.
  2. Орташа бейімделу – баланың мінез-құлқы 1 ай көлемінде қалыпқа келеді. Көңіл-күйі тұрақсыз болғанымен жылауы бәсеңдейді. Аурушаңдығы 10 күннен аспайды. Балада үлкендердің қолдауы арқасында танымдық және мінез-құлық белсенділігі байқалады.
  3. Ауыр бейімделу – 1 айдан 2 айға созылуы мүмкін. Бұл кезең баланың жиі науқастануымен көрінеді. Бала агрессивті, жылау, айқайлау сияқты көріністер береді.

Өзімнің жүргізген зерттеу жұмыстарымда биылғы оқу жылында балабақшаға 74 бала қабылданды. Бұл балалар – 2-3 жас аралығындағы балалар. Ата-аналардан алынған сауалнама және тәрбиешілермен бірігіп жасалған жұмыс қорытындысы бойынша 43 бала жеңіл бейімделу кезеңінде, 31 бала орташа бейімделу кезеңінде болғандығы анықталды. Ауыр бейімделу кезеңінде балалар анықталған жоқ. Десе де, тәрбиешілердің бақылауы бойынша балабақшаға бейімделуде қиындық туғызған балалардың болғандығы да анықталды. Себебі неде? Өйткені, үйдегі үйренген күн тәртібінің балабақшадағы күн тәртібіне сәйкес келмеуі, ойыншықтармен өздігінен ойнай алмауы, қарапайым мәдени гигиеналардың қалыптаспауынан.

Ата-аналарға психолог маманы ретінде берер кеңесім: Балаға балабақшаның не екенін, балалардың не үшін келетіндігін айтып түсіндіру керек. Балаңызға міндетті түрде уақыт бөліп, оны өзі киініп-шешінуге, тамақ ішкенде қасықты қолдануға, дәретханаға сұрануын үйретіңіз. Үйде балабақша режимін сақтауғатырысыңыз. Баланы балабақшаға қалдырған соң көрінбей кетіп қалмаңыз. Балаңыздың сізге деген сенімін жоғалтасыз. Балаңызға ұнайтын қоштасу әдісін ойлап табыңыз.

Егер тамаққа деген тәбеті жақсарып, тез ұйқыға кетіп, оянғанда сергек болса, көтеріңкі көңіл-күймен ойнап жүрсе – бейімделу кезеңі аяқталған болып есептеледі. Біздің балалар 2 ай көлемінде бейімделді. Топқа кіргенде тәрбиешімен және достарымен сәлемдеседі. Балалар топ ішіндегі заттар мен ойыншықтардың орындарын біледі. Барлығы бірлесіп ойыншықтарды жинап, орын-орнына қояды. Олар шеңберге тұруды үйренді. Осы тәрбиешілер мен ата-аналардың көмегінің арқасында біздің балалар балабақшаға жылдам әрі жеңіл бейімделді деп ойлаймын.

Фазилова Кұттықыз Кенжебекқызы

«Аққу бөбекжай» КМҚК

Қарағанды облысы, Абай қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.