Home » Балабақша » Балабақша – бақыт баспалдағы

Балабақша – бақыт баспалдағы

Барлығымыз бала болдық және сол балалық шақтың балғын сәттері әлі күнге дейін есімізден кетпейді. Мағжан Жұмабаевтің “балалық шағың – патшаның тағы”, — деген сөзі бар ғой. Міне, өзіміз бой жетіп, үлкен өмірге қадам басқаннан кейін, сол сөздердің дәлдігіне көзіміз жетуде. Есімде, анам немесе әкем қолымнан жетектеп, қыс мезгілінде шанаға отырғызып балабақшаға алып келетін. Ешқандай мәселемен бас қатырмайсың, ешқандай дүниеге алаңдамайсың. Балабақшада жылы төсек пен дәмді тағам, көптеген достарың күтіп тұрады. Сол балабақша жақсылық, жылулық, қуаныштың мекені іспетті көрінетін. Іші толған балалар, олардың риясыз күлкілері, алаңсыз ұйқылары. Үлкен өмірдегідей бір – бірін алдау, арбау, зұлымдық ойлау түсініктері жоқ. Сол себепті де балабақшаны “бақыт” деп аталатын ауқымды түсініктің бір бөлшегі ретінде қарастыруымыз бекер емес.
Жеңілдігі мен қиындығы қатар жүретін күнделікті балалармен жұмыс барысында шаршайсың, шалдығасың. Дегенмен де, ауырлығына қарамастан мен, өз жұмысымды сүйемін. Тек өз жұмысын сүйетіндер ғана істеген ісінде үздік болып, жетістікке жете алады.Осындай үлкен бақыт бақшасының бір бөлігі болу, менің жұмысқа деген құлшынысымды арттыра түседі. Сонымен қоса балабақшада қызмет ету – үлкен жауапты іс. Ата – аналар алдындағы жауапкершілік, басшылық алдындағы жауапкершілік және осылардың ең маңыздысы — қоғам алдындағы жауапкершілік. Себебі, алдымызға келген бүлдіршіндердің бойына адами, азаматтық, рухани құндылықтарды сіңдіре білсек, ол біздің қоғамға қосқан үлесіміз болады.
Бақытты баланың образын қалай елестетесіз? Күнделікті жаңалықтардан, ақпарат желілерінен шет мемлекеттерде болып жатқан сұмдыққа күә болудамыз. Сәбилердің көздерінен аққан жас, жанарларына толған мұң, оларға бақыт сезімін сыйламайды. “Бақытты бала” деген кезде, көз алдыма еріксіз күлкіге берілген, балабақшаның ауласында өзінің достарымен алаңсыз ойнап жүрген бүлдіршіндер елестейді.
Халқымызда айтады:
Жүргізсең де билікті мың кісіге,
Орансаң да дүние түлкісіне,
Шіркін – ай соның бәрі жетпейді ғой,
Бақытты сәбилердің күлкісіне, — деп.Бақытты сәби, айналасын да бақытқа бөлейді. Осы орайда, баланың бақытты болуына үлес қосатын мекен, бақыттың баспалдағы болған – балабақша.

А.Н Шәди,
№85 «Мейіржан» санаториялық
балабақшасы
«Ақ көгершін» тобының II-санатты тәрбиешісі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.