Home » Балабақша » Балабақшам — бақытты ұям

Балабақшам — бақытты ұям

 

«Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде,
оларға жастайынан жақсы қасиеттерді сіңіре
білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған,
Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын
азамат өсіре аламыз»
Н.Ә.Назарбаев

 

 

Елбасымыз  Н.Ә. Назарбаевтың жолдауында айтылған: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін-білім» — деген салиқалы сөзін іске асырудың түп қазығы мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын балабақша мекемесінен бастау алатыны талас тудырмасы анық.

Бұл орайда балабақша ұстаздары, тәрбиешілері жаңа талап тұрғысынан танылып, заман талабына сай еңбек етуге құлшыныс танытуда. Сәбидің таным көкжиегін кеңейтуде өлшеусіз үлес қосып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Балабақша тек бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені болмау керек. Ал, ата-ана үшін бала-бақша өз жағдайларын жасап, баламыз жұмыс жасауға кедергі болмасын деген ниетте балаларын кешке дейін апарып тастайтын орын болмау керек. Осындай көзқарастар қалыптаспас үшін балабақша жұмысының, ұжым ауызбіршілігінің мықты болуы абзал.
Бүлдіршін бақшаға-достарымды көрем, үйде еш ойналмайтын қызық ойындар ойнаймын, ешкім білмейтін тек тәрбиешім ғана білетін қызықты ертегілерді тыңдаймын, әндер үйренемін деп, қызығып келетін шуақты мекеніне айналуы керек.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай қоғамда оңды өзгерістер көп болды. Елдің ертеңі мен ұлт болашағын жан – жақты тұлға ретінде қалыптастыруда мектепке дейінгі мекемелерге де үлкен жүк артып отыр.

Еңселі елордамыз Астана төрінде шаңырақ көтерген №53 «Мерей» балабақшасы саусақпен санарлық уақыт аралығында жасөспірімдерге білім мен тәрбие берудің қара шаңырағына айналды. Дәл осылай екпін түсіре айтуымыздың да өзіндік себебі бар.

Мәселен, балабақшада мектепке дейінгі балалардың денсаулығын нығайту  және  жан-жақты дамытуға көңіл бөлінген. Сонымен қатар бүлдіршіндердің интеллектуальдық және жеке тұлғалық қасиеттерін дамытып, бойындағы талантын ашып, қарым-қатынас жасаудың мәдениетін үйретуде де біраз тыңғылықты жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ баланың ана тілінде сөйлеуі, туған тілімен тыныстауы негіздерін қалыптастыру бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі ретінде басты назарға алынған. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал, оқуды, ізденуді тоқтатуымен оның мұғалімдігі де жойылады» — деп көрнекті орыс ағартушысы, ғалым К.Ушинский айтқандай балабақша ұстаздары, тәрбиешілері үнемі ізденіс үстінде жүріп, төгілген ақ маңдай терінің арқасында тәрбие, білім сапасы еселеп өсіп, жаңаша сипат алып келеді. Ұлттық рухтағы тәрбие мен білім беру жүйесі қоғамымыздың әлеуметтік ілгерілеуінде жетекші роль атқаратынын жете сезінген балабақша ұжымы жеткіншектердің сауаттылығын арттырып, қабілетін жетілдіруге аса ден қоюда. Педагогикалық технологиялардың жаңа үлгісін таңдап, тәлім-тәрбие үдерісін тың бастамаларға негіздеп, тақырыптарын мазмұнды да мәнді өткізіп, өз міндеттерін ойдағыдай атқарып келеді. Балабақшамызда өз кәсібін, баларды шексіз сүйетін, ұстаздық борышын жоғары деңгейде атқаратын мамандар көптеп топтастырылған. Осындай жанқиярлық еңбектің арқасында саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысып жатырмыз.

Балабақшада оқу-тәрбие процесі жалпы білім беру стандартының негізгі ережелері бойынша   жүргізіледі,  жұмыс ұйымдастырылады. Білім берудің 5 саласы бойынша балалар бағдарламаға сәйкес білім алады.
Тағы бір тілге тиек ете кетерлік тұсы — салауатты өмір салтын қалыптастыру да жақсы жолға қойылған. Бұл орайда таңертеңгілік денешынықтыру жаттығулары жасалып, әртүрлі емдеу шаралары жүргізіледі. Соған орай әр топта «Денсаулық» бұрышы ашылып, спорт ойынына қажетті құралдармен толықтырылып, материалдық техникамен жабдықталған. Денсаулық білім саласы бойынша картотекалар жасалынып, топтар арасында спорттық ойын-сауық шаралары жиі өткізіліп тұрады. Айталық, «Әкем, анам және мен» атты спорттық бәсеке сайысы ата-аналардың көңілінен шығып, бүгінде балабақшамыздың дәстүріне айналды. Оның сыртында семинарлар, педагогикалық кеңестер тұрақты өткізіліп тұрады. Балабақшада интерактивті, мультимедиялық технологияны қолдану  арқылы тәрбиеші мен бала арасында екі жақты байланыс орналуда. Тәрбиеші өзінің көздеген мақсатына тиімді жолмен жетсе, бала тұлға болып  қалыптасу жолындағы негізгі қасиеттерді бойына қалыптыстырады.  Сондықтан да, интерактивтік тақтамен  жұмыс жасау балалардың белсенділігін, ақыл-ойын  дамытады, белгілі бір бағытқа жұмылдырады.
Сонымен қатар балабақша ұжымы тек қана бүлдіршіндердің білім аясын кеңейтіп қана қоймай олардың шығармашылық қабілетін жетілдіруді де қолға алып, театрлық қойылымдар қою арқылы талантын шыңдауға да күш жұмсап келеді. Ертегілерді сахналап, жағымсыз мінез-құлықтардан арылуға тәрбиелеудің де жетістігі басым екені анықталды. Осы негізде көркем образдарды бейнелеуге арналған ертегі кейіпкерлері қуыршақтар пайдаланылып отырады. Балалардың актерлік шеберлігін шыңдау үшін «Көркем әдебиет» оқу қызметі арқылы балалар театрының бірнеше түрі жиі қойылып тұрады.
Жалпы «Мерей» балабақшасында жоспарға сай ұжым мамандарының білім деңгейін, тәжірибесін дамыту негізінде түрлі кеңестер, әдістемелік сағаттар өткізіліп тұрады. «Балабақшада  денсаулық сақтау технологияларын пайдалана  отырып баланың денсаулығын нығайту», «Баланың сөздік қорын дамытуда  әртүрлі жаңа әдістерді және  инновациялық  технологияларды қолдану», «Ертегілерді сахналау кезінде балалардың образға енуі», «Балабақшада жаңа технологияларды қолдану», «Экологиялық тәрбие беруде жобалау әдісін тиімді қолдану», «Жобалау әдісінің бала өміріндегі маңызы», «Мектеп жасына дейінгі балалардың дамуында интеллектуалдық ойындардың қолданылу тиімділігі»т.б. толып жатқан семинарлар игі бастамаларға септігін тигізетіні анық.
№53 «Мерей» балабақшасы 2 жыл қатар кластер бойынша жұмыс жүргізуде.  2017 оқу жылында балабақша «Салауатты өмір салты» кластер бағыты бойынша жұмыс жүргізсе, 2018 оқу жылында «Интеллектуалдық даму»кластер  бағытымен жұмыс атқарады.
Біз өз балабақшамызда интеллектуалдық ойын түрлерін жиі пайдалану барысында балалардың танымдық қабілетін, алған білімдерін одан әрі дамыту, тереңдету, олардың ізденімпаздығын арттыру, ой-өрісін кеңейту, шығармашылық қабілетін дамыту, оқуға белсенділігін арттыру мақсатын көздейміз.Осы бағыт бойынша балабақшада тәрбиеленушілер ,ата — аналар және педагогтармен бірнеше іс –шаралар жоспарланып тұр.
Иә, баланы тәрбиелеп, оқытып, оны үлкен өмірге дайындау оңай шаруа емес. Ауызбен айтуға жеңіл болғанымен, оқу инемен құдық қазғандай қаншалықты қиын болса, бала тәрбиесі одан да қиын жол. Ендеше, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан, «Мерей» балабақшасы ұжымының да еңбегі бағалауға, әрі мақтауға тұрарлық дер едім.

 

 

 


Бакитова Малика Бакитовна,
Астана қаласы,
№ 53 «Мерей» балабақшасының меңгерушісі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.