Музыка — рухани қазына. Рухани қазынаның мөлдір бастау бұлағынан нәр ала білген бала адамгершілік пен асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі.
«Әнге әуес, күйге құмар бала – жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» -деп Мұхтар Әуезов ағамыз айтқандай, қазіргі таңда жас ұрпақтиы музыка, соның ішінде ұлттық музыкамен тәрбиелеу – педагог музыканттардың асыл қасиеті, патриотизмнің бастауы болып табылады.
Балабақшада тәрбиешінің басты міндеті қазақ халық музыкасына тәрбиеленушілердің назарын аудара білу қабілеті болып табылады. Қазақ халық музыкасының идеялық мазмұны маңызды екендігі іс-тәжірибе жүзінде дәлелденген. Сондықтан педагогтың міндеті музыканы меңгеруде балабақшадағы балалардың нақты эмоциялық көңіл-күйін қалыптастыра отырып, арнайы оның мазмұны, сипаты жөнінде білім беруде шығармашылық ізденісті ұйымдастыра білгені жөн. Осының нәтижесінде білім алушыларда шығарманың идеялық-эмоциялық бейнесін жасауға, мазмұнның эмоциялық — ойын ашуға және үйретілген туындының көркемдік бейнесін көркемдік мәнерлік құралдарды табуға толығымен мүмкіндік болады.
Ұлттық музыкалық мол мұраны ғылыми зерделеу тек қана сол музыка мәдениетінің парқын тануға себепші болып қана қоймайды, сонымен бірге халықтың тарихи тұлғасын тануға да мейлінше көмектеседі. Қазақ халқының тарихы болмысы әні мен күйінде тұнып тұр.
Ендеше қазақ халқының мәдени-рухани даму ерекшеліктерінен ұлттық дүниетаным мен түсініктерді ығыстырып тастамай, сан ғасырлар бойы қалыптасқан мәні терең ұлттық музыкамыздың құрылымдарын жаңғырта тану, ғылыми негізде сараптап түсіндіруіміз керек.
Музыка адамның жан дүниесін тебіренте отырып, оның өмірге деген көзқарасын, әдет, мінез-құлқын қоғам мүддесіне сәйкес қалыптастыруға, әдемілік заңымен өмір сүруге тәрбиелейді.
Музыка — адам өмірінің серігі, эстетикалық тәрбие негізі болып табылады. Музыкаға деген сүйіспеншілік, баланың музыкаға жетік болу қабілеттері туа бітпейді, ол өсу, даму процесінде қалыптасады.
Музыка тыңдауда балалар әр түрлі образдағы ұлттық музыкалық шығармаларды тыңдап, мазмұнын, сипатын, көңіл-күйін ажырата біледі. Жалпы музыканың күйін сезінуге, көркем образдың дамуын қадағалауға бейімделеді. Балалар музыкалық аспаптарын ойнау, музыкалық аспаптарды танып білуге, аспаптарды ойнау әдіс-тәсілдерін үйренуге, олардың тембрлерінен ажырата білуге үйретеді.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең» — деп Абай атамыз жырлағандай шыр етіп дүние есігін ашқан нәрестеге өмірінің алғашқы күндерінен бастап — ақ музыка әсер етеді. Ең алғашқы анасының әлдиі, бесікке таянып айтқан ананың бесік жыры бөбектің жанын тынышталдырып тәтті ұйқыға кетуіне әсер етеді.
Нәрестенің дүниеге келуімен байланысты ырымдар «Шілдехана», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» т.б. бәрі де әнсіз, өлеңсіз, жырсыз өтпеген. Бала өмір бойы ән ырғағына бөленіп жүреді. Міне, осындай сыртқы ортаның әсерінен бала бойында әдемілікке, әсемдікке деген сезім күй қалыптасып, эмоциялық әсер нәрестені ерте бастан музыкаға баулуға, эстетикалық тәрбиенің белсенді көмекшісі етуге мүмкіндік туғызады.
Ана әлдиін бойына сіңіріп өскен сәби тәй-тәй қадам басқаннан — ақ балабақша есігін ашады. Сол балаға музыкалық эстетикалық тәрбие бере отырып, жан-жақты жеке тұлғаны дамытудың алғашқы баспалдағы балабақшада жалғасады.
Балалардың ұлттық музыкаға қызығушылықтарын арттыруда мерекелік ертеңгіліктердің, музыкалық сахналық қойылымдардың маңызы зор. Балабақшамызда мерекелік ертеңгіліктер, театр күндері, сахналық қойылымдар жоспарлы түрде жүргізіліп отырады. Ертегілерді сахналау, мерекелік ертеңгіліктердегі әртүрлі кейіпкерлерді ойнау арқылы балалар бейнелерді дәл бере білуге, сахна мәдениетіне үйренеді, тілі дамиды, шығармашылығы шыңдалады. Балабақшадағы бүлдіршіндердің арасынан еліміздің болашақ әншілері, бишілері, өнерпаздары шығуы мүмкін. Сол бүлдіршіндерді балабақша кезеңінен бастап өнерге баулу, шығармашылығын шыңдау, музыкалық, эстетикалық тәрбие беру — педагог тәрбиешілердің басты міндеттерінің бірі. Балабақшада балаларға ұлттық музыкалық тәрбие беру арқылы бала бойына әдемілік пен әсемдікті қалыптастыруға болады.
Д. Атаханова
«Жауқазын» бөбекжай – балабақша әдіскері