Home » Балабақша » Балабақшада жобалау әдісі арқылы балаларға экологиялық тәрбие беру

Балабақшада жобалау әдісі арқылы балаларға экологиялық тәрбие беру

Қазіргі кезде республикамызда «Халыққа білім беру жүйесіндегі экологиялық оқыту мен тәрбие» мәселесін шешуде жас ұрпаққа, көпшілікке үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беру тұжырымдамасына көп көңіл бөлінуде. Бұл мәселені шешу үшін балалық шақтың, әсіресе мектепке дейінгі балалар үшін экологиялық тәрбиенің мәні өте зор.

Табиғат – ана адамзатты осыншама байлықпен қамтамасыз етіп, өсіріп-өрбітіп отырғанда, адамзат та өз тарапынан оған қамқор болуы парыз. Көл-көсір табиғат байлығын үстемелеп молайтып, ұқыптап пайдалану, көзінің қарашығындай сақтау, жанашырлықпен қорғау әр адамның міндеті.

А Құнанабаевтің қара сөздерінің бірінде оның табиғат заңдылықтарын терең пайымдап алуымен бірге, оған байланысты ғылыми көзқарастарын да танытады. Ол табиғаттың байлығы адам баласының аузына тосып, таусылмас азық болып отырғандығын көрсете келіп, «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған маххабат қылмағың парыз» — деп өскелең ұрпақты табиғат ананы сүйе білуге үндеген.

Бұл қағидалар бізге қазіргі таңда экологиялық тәрбие беру мақсатына қарай былайша қорытынды жасауға мүмкіндік береді

  • экология мен табиғатты қорғау мәселесін біріктіре отырып, оқып үйреніп іске асыру.
  • Адам тағдырының табиғат тағдырымен тұтас байланысты екенін ұғыну.

Бала туған күннен бастап оны қоршаған ортаның зертеушісі.

Бала өзі-өзін қызықтырған барлық сұрақтарға жауап таба алмайды, оған педагог көмектеседі. Мектепке дейінгі мекемелерде педагогтар проблемалық оқыту әдісін кеңінен қолданады, олар проблемалық жағдайларды моделдеу, эксперимент жасау, тәжірибелік зерттеу әрекеті, т.б.

Жобалау әдісі өзекті және тиімді әдіс. Ол балаға эксперимент жасауға, алған білімдерін жинақтай білуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз өз тәжірибемізде «Мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие үдерісінде жобалау әдісін пайдалану» тақырыбында бірнеше жобалау жұмыстарын жүргіздік.

Жобалау әдісі – инновациялық педагогикалық технология. Педагогикалық жоба ол педагогтардың арнайы ұйымдастырған, балалардың өздігінен шешім қабылдауын және де өз таңдауы мен еңбегінің, шығармашылығының нәтижесіне өзін жауапты ететін іс-әрекеттер тобы. Арнайы білімді қажет ететін айқын мәселелерге ынталандыру және жоба іс-әрекеті арқылы мәселенің шешімін қамтитын білімнің іс-жүзінде пайдалануы.

Жоба технологиясының ерекшелігі – баланың алдағы іс-әрекетті жобалай алуы мен оның субьекті бола білуі.

Жоба – ол баланың мақсатқа жетуде қоршаған ортасын кезеңді процестер мен алдын-ала жоспарланған тәжірибелік іс-әрекет арқылы қабылдайтын педагогикалық әдіс.

Біз іс-тәжірибе барысында алдымызға мақсат қойып, бірнеше міндеттерге сүйендік:

Мақсаты: балаларға қоршаған орта жайында, табиғат байлығын сақтап қорғауға және қайта жаңарту туралы білім беру.

Міндеттері: экология арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың бойында табиғатқа, қоршаған ортаға деген қамқорлық, сүйіспеншілік сезімдерін дамыту.

  1. Қыс мезгілінде топтарда терезе жақтауларына көкөністер өсіруге қолайлы жағдай жасау. Көкөністердің өсуіне күн, жылу, ылғал ең маңызды рөл атқаратынын түсіндіру.
  2. Балалардың бойында табиғат туралы шынайы түсініктерді қалыптастырып, қоршаған әлемге қызығушылығын арттыру.
  3. Өз бетінше зерттеулер және ұжымдық тапсырмаларды орындауды үйрету, өз еңбектерін бағалай білуге тәрбиелеу.

Жоба жұмысының сапасы, тікелей білімнің қабылдауына байланысты. Сондықтан жоба жұмысы келесі ұстанымдарды қамтиды:

-жеткіліктілік ұстанымы

-жеке бағыттағы ұстанымы

-көрнекілік ұстанымы

-теорияның іс-тәжірибемен байланысты ұстанымы

-ізденушілік ұстанымы

-мәселелік ұстанымы.

Балалармен жұмыс істеудің негізгі бағыттары:

-ұйымдастырылған оқу қызмет түрі

-үлкендермен балалардың біріккен іс-әрекеті

-балалардың өз бетінше іс-әрекеті

-бақылау, эксперимент.

Жоба тақырыбы бойынша жүргізілген жұмыстардың тұсау кесері міндетті түрде әр түрлі әдістемелік тәсілдер арқылы өткізілетіндіктен ата-аналармен бірлесе отырып, осы әдістемелік тәсілдерге жүктеніп, жоба жұмыстарымыздың қортындысын балалар және ата-аналармен ашық оқу қызметтері, іс-шаралар, көрме, ойын-сауық, викторина, КВН түрінде жүргізуге болады. Балалар жобаның соңында осындай атқарған еңбектерімен, білімдерімен қызыға бөлісіп білімдерін көрсете біледі.

Қорыта келгенде «Мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие үдерісінде жобалау әдісін пайдалану» тақырыбы бойынша балалардың табиғат құбылыстары туралы білімдері тереңдетіліп, оның қыр-сырын танып білуге үлкен үлес пайда болады. Табиғатқа деген қамқорлығы, сүйіспеншілігі қалыптасады. Үлкендердің еңбегін бағалап, қадірлей білуге талпынып, өз ойларын еркін, қысылмай, ортаға салып бөлісу мүмкіндігі туады. Баланың табиғатқа деген жауапкершілік қарым-қарым қатынасы артып, іс-әрекет түрлерін меңгеруге мүмкіндік береді.

Жобалар әртүрлі белгілеріне қарап бөлінеді. Ең елеулісі іс-әрекеттің басымдық түрі болып табылады. Мектепке дейінгі білім беруде жобалардың мына түрлері пайдаланылады.

Жобаға қатысушылар құрамы топ, шағын топ, жеке, отбасы, жұп болуы мүмкін. Жобаның ұзақтығы қысқа мерзімді – 1,2 немесе бірнеше сағат, 1-2 апта, орта мерзімді 1-3 ай, ұзақ – бір жылға дейін. Тәжірибеде мектепке дейінгі білім беруде жобаның орындалуы мектеп жасына дейінгі баланың психикалық дамуына байланысты болады. Әсіресе берілген жобаға деген қызығушылық пен ықыластың тұрақтылығы. Балабақшада жобалау әдсін қолдану тиімді. Мысалы: Қыс мезгілінде балалардың бойында табиғатқа, қоршаған ортаға деген қамқорлық, сүйіспеншілік сезімдерін дамыту, еңбекке баулу мақсатында жоба жұмыстарын жүргізуге болады.

І кезең – дайындық кезеңі:

Барлық топтар балабақшаның терезе жақтауларында жүйектер отырғызады, көкөніс дәндеріне тәжірибелер жасайды. Таңдалған тақырыпқа сай мақалдар, жаңылтпаштар, көкөністер туралы өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, т.б. көркем әдебиет үлгілерін таңдайды, бақша ойындары жайлы картотекалар, дидактикалық ойындар құрастырады.

ІІ кезең – зерттеу жұмыстары:

*Балалар көкөністердің өсіп-өнуін бақылайды, зерттеулер мен тәжірибелер жасайды. Өсімдіктер туралы түсініктері қалыптасады.

*Көкөністер тақырыбында иллюстрацияларды, суреттерді қарайды. Тақырыптық оқу қызметінде дидактикалық ойындар ойнап, әңгімелер айтады.

ІІІ кезең:

Балалардың зерттеу барысында пайда болған іс-әрекеттерінің нәтижесі қорытындыланып, нәтижеге анализ жасалынады.

Экологиялық жобаның қорытындысы:

  1. Жоспар бойынша жобаның соңғы уақытында комиссия мүшелері құрылып, барлық топтардың жасаған жоба жұмыстарын қорытындылап, баға беріледі.
  2. Барлық топтар жасаған жұмыстарын корытындылау барысында тақырыптық жобаның тұсау кесерін жасайды. Көрме ұйымдастырады.
  3. Жасаған жұмыстарына презентациялар дайындап, педагогикалық кеңесте қорғайды. Жасаған жұмыстарына есеп береді.
  4. Комиссия мүшелерінің шешімімен жобаны жоғары деңгейде жүзеге асырған тәрбиешілер мадақталанады.

Жобалау әдісі – мектеп жасына дейінгі баланың ұстап көрсем, білсем деген құштарлығын қанағаттандырып, алғашқы білім-білік дағдыларын, өз ісіне деген жауапкершілігін арттырады. Табиғатқа деген ізгілік қатынастарды қалыптастырып, адамгершілік сезімдерін тәрбиелейді.

Талипова Алия Сапаровна

Астана қаласы, № 53 «Мерей»

балабақшасының әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.