Біздер үшін бейтаныс тақырыпты семинарына арқау еткен тағы бір балабақшаның жұмысына куә болдық.
Ашылғанына 5 жылдан асқан Ахметова Марал Кулькеновна басшылық жасайтын Астана қаласы әкімдігінің №76 «Әдемі» деп аталған бүлдіршіндер ордасы бүгінде 335-ден астам бүлдіршінге тәлім-тәрбие беруде.
26 педагог қызмет атқаратын ұжым «Баланың жан саулығын сақтау- денсаулықтың кепілі» тақырыбында экспериметтік алаң бойынша 3 жыл қатарынан жұмыс жасап келеді екен. Өз әріптестерінен қарағанда балабақша меңгерушісі Марал Кулькеновнаның ең ұтымды тұсы педагогтарға дұрыс жол сілтей білетін және таңдап алған тақырыпты кеңнен ашып, нәтижелі жұмыс жасауға үйретер қос ұстазды ғылыми жетекші ете білгендігі. Осы сөзімізге дәлел 28 ақпан күнге жоспарланған семинарға педагогика ғылымдарының докторы, профессор Картаева Қалиябану Махметовна мен педагогика ғылымдарының кандидаты Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Жұмабекова Фатима Ниязбекқызының қатысуы болды.
Түсініктерек болуы үшін аталмыш балабақшаның инновация жөніндегі әдіскері Нурбекова Жансая Баяндыевнаның баяндамасына тоқтала кетсек.
Шын мәнінде бүгінде балаға деген шынайы көңіл бөлудің аздығынан әрине, оның ішінде бұрынғы уақыттағыдай атамен әже тәрбиесін көрмей өсетін балалар назардың жетіспеуі, әлеуметтік желілердің, қарым-қатынастағы психогигиенаның сақталмауынан бала мінезіндегі түрлі қиыншылықтар алдымыздан кездесуде. Осы аталмыш тақырыпты эксперименттік алаңның ерекшелігі етіп алған бұл ұжым баланың жан саулығын басты назарда ұстаған. Бала бойынан кездесетін ұялшақтық, мазасыздық, түйық болу сынды үйден басталатын жайттарға ата-анамен бірлесе отырып шешуге бағытталған жұмыстар ғылыми жетекшілердің жол көрсетуімен және педагогтардың ізденісі арқасында жолға қойылып сарапталып отырғаны көрініп тұрды. Тән саулығымен жан саулығын қатар алып жүруі үшін психология ғылымына қатысты баланы мектепке дайындаудың тиімді әдістерін көрсететін кинезиологиялық жаттығулар балабақша тәрбиешілеріне бейтаныс емес болып шықты. Жүйке процесінің күшін жоғарылатын, тепе-теңдік, қозғалыс деңгейін іске асыруда баланың ашылмай жатқан қабілеттерін ашып, ми қызметінің шекараларын кеңейтуде тәрбиешілер жұмысы көрініп тұрды. Кинезиологиялық жаттығулар арқылы ми бөліктеріне әсер етіп, үлгірмеушіліктің шешімін табуға тырысқан, балаларға кинезиологиялық жаттығулар жасауға дағдылдырған балабақша психологі Хусаинова Жадыра Хабидулаевна мен логопед Сейталиева Зейнеп, тәрбиеші Алдамбергенова Әйгерім Абзалқызының жаттығулары балабақшаға жиналған серіктес және жетекші №54 «Нұрай» балабақшасының тәрбиешілеріне талай тың дүниелерді үйретті деуге әбден болады. Балаларға психологиялық жайлылық қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін түсіндірудіжәне экспериметтік алаңның жүргізіліп жатқан жұмыстары жайлы әріптестеріне кеңінен түсіндіруді мақсат еткен ұжымның семинарда алған тақырыбы толық ашылды. Ізденіспен жауапкершілікті талап ететін бұл ғылым жолындағы балабақша педагогтарының ізденісі жиналғандарға толық ақпарат беретін және пайдалы мәліметтерге толы жазбалар таратуы таңдап алған тақырып аясында шынайы жұмыстардың жүріп жатқанына хабар береді.
Семинар соңында сөз алған қос ұстаз басқосуға жиналған тәрбиешілерге осы тақырып аясында түсінікті тілмен жеткізіп, мамандыққа деген адалдықпен, ұстаздың әуелі өзі білімді болуы шарт екендігі жайлы сөз қозғады. Кинезиология саласы бойынша түсінік берген педагогика саласының майталманы Қалиябану Махметовна әуелі тәрбиеші ар жолында адамдықты жоғалтпай өзін-өзі басқаруды үйренгенінде ғана отырған шәкірттеріне өзіндегі ізгілікті жұқтыра алатын сол арқылы өзіне еліктеуді бастаған ұрпақты өз сөзіне сендіре алатын шынайы ұстазға айналатыны жайлы тамаша айтты. Семинар қонағы болған жаңғырту орталығының маманы Сәуле Сайлауовна, №54, №75 балабақшаларының меңгерушілері Зариякүл Мұсабақызы, Айман Нұрсейітовна өздерінің жылы лебіздерін білдірді. «Әдемі» деп аталған бүлдіршіндер ордасында 12 топқа осы атауға сай сүйкімді, бүлдіршін, көркем, тамаша, керемет, әсем-ай, арайлы, шарайлым, анарлы, айдай, дидарлы, сымбатты деп топ атауларын қойған ұжым жас педагогтардан құралған.
Тәрбиешілері жас болсада осындай тамаша ұстаздар алдын көріп, бой түзеуге, рухани азық алып, өз мамандығына деген сүйіспеншілікке баулуға келгенде біліктілік таныта білген Марал Кулькеновнаның еңбегі өзге әріптестеріне үлгі боларлық. Өзі де жас болса да тәрбиешілерге жол көрсетуден жүрексінбеген әдіскер Әсімжан Сымбат Қайыпбекқызының, 10 ға жуық түрлі үйірмелерде талай талантты ұрпақтың болашағына жол сілтей білген ұстаздарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Әр педагог алдында отырған қазақтың ұл-қызына «ертеңгі елімнің болашығы» деп қарап жанын түсіне біліп, өз жұмысына сеніммен қараса біздің іргеміз шайқалып, ұрпақ санасы ешқашан уланбас еді. Ұстаз бен ата-ана, бала арасындағы шынайы қарым-қатынас үлгісін көрсету жолындағы еселі еңбектеріңізге табыс тілейміз.
Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы», Астана қаласы.