Мақсаты:
-Ғарыш әлемі жайлы және 12 сәуір – ғарышкерлер күні екенін түсіндіру, ғарышқа 57 жыл екенін атап өту;
-Қазақстан еліндегі Байқоңыр ғарыш айлағының және ғарышкерлер мерекесіне орай Кеңес үкіметінің және қазақ еліндегі тұңғыш ғарышкерлер туралы мәлімет беру;
-Адамзаттың ортақ үйі – Жер планетасына, ғарыш әлеміне сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Барысы:
1.Қызығушылығын ояту.
Балалар, қонақтар, «Байқоңыр – ғарыш айлағы» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Балалар, бүгін біз сендермен тағы бір маман түрімен танысамыз, бұл ғарышкер. Балалар 1961 жылы 12 сәуірде тұнғыш ғарышқа адам ұшты. Бұл адам Кеңес Одағының азаматы Юрий Гагарин болатын. Содан бері 12 сәуір – Ғарышкерлер күні мерекесі болып аталып келеді. Ю.Гагарин тұнғыш рет ғарышқа жол салған, сол күннен бері 57 жыл уақыт өтті.
«Байқоңыр – ғарыш айлағы» бейнебаянын тамашалайық.
Байқоңыр – ғарыш алаңы. Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан. Іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б. факторлар ескерілді.
1961 жылдың 12 сәуірінде 108 минут уақытта Жерді бір айналып шыққан ғарышкер Юрий Гагариннен кейін де 57 жыл өткен екен. Содан бері талай ғарышкерлер ұшып зерттеу жұмыстарын жүргізді. Солардың ішінде біз мақтанышпен айта алатын қазақстандық батырлар да бар. Олар қасиетті қазақ жері «Байқоңырдан» ғарышқа аттанған. Биыл ғарышкер Тоқтар ағамыздың ұшқанына 27 жыл толып отыр.
Айкөркем:
Апта түгіл ай өтті,
Ол ғарышқа ұшқалы.
Сонша неткен сай, епті,
Сонша неткен күшті әрі.
«Ғарышкерлер неге скафандр киеді?» бейнебаянын тамашалайық.
Сабина:
Тоқтар ұшты ғарышқа,
Талғат болды ғарышта.
Таңқалдырып қазағым,
Тағы ұшса ғой ғарышқа, – дегендей, ғарышқа ұшқан ағаларымыз туралы бейнебаян көрейік. 1991 жылы қазанның 2-сінде Тоқтар Әубәкіров зерттеуші ғарышкер есебінде, Александр Волков және аустрия ғарышкері Франц Фибек «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшуға кірісті. Апта бойы «Мир» орбиталды кешенінде жұмыс істеді. 1991 жылы қазанның 10-ында Тоқтар Әубәкіров, Анатолий Арцебарский, аустрия ғарышкері Франц Фибек «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен Жерге қайтып қонды. Ғарышта болған мерзімі — 7 күн 22 сағат 13 минут. Тоқтар Әубәкіров — Қазақстанның тұңғыш ғарышкері.
Талғат Мұсабаев 1994 жылы Союз ТМ-19-бен ғарышқа 1-ші рет ұшқанда 126 күн өткізген. 1998 жылы Союз ТМ-27 зымыранымен ғарышқа 2-ші рет ұшқанда 208 күн өткізген. Гиннестің үздік табыстар кітабында бір айдың ішінде 5 рет небары 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққаны жазылып алынған.
2001 жылы ғарышқа Союз ТМ-32 зымыранымен 3 -ші рет ұшқанда 8 күн ғарышта өткізген.
Айдын Айымбетов. Бүгінде 43 жасар Айдын Айымбетов «Байқоңыр» айлағынан ғарышқа ұшқан үшінші қазақ ұлтының өкілі. Жалпы алғанда, Айдынның қызмет жолы тұтастай тек әуе және ғарыш қызметімен байланысты, яғни ол осы салаға кездейсоқ келген адам емес, өз ісінің маманы.
2015 жылы қыркүйектің 2-сі күні қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ғарышқа сапар шекті. Он күнге созылған сапар барысында ол бірқатар физикалық-ғарыштық эксперименттер мен Арал және Каспий теңіздерінің экологиясына мониторинг жүргізіп, шаңды дауылды зерттейді.
Бұл Қазақстан тарихында мәңгі қалатын айтулы оқиғалардың бірі болды. Өйткені, А.Айымбетовтың бұл сапары Қазақстанды ғарыштық өнімдерді сатып алушы елден, ғаламды зерттеуші мемлекетке айналдырғаны сөзсіз.
Жұмбақ шешу.
Ұшады қанатсыз,
Зырлайды аяқсыз.
(зымыран)
Ұшқыш емес, бірақ ол,
Аспанда қалықтап ұшады.
Оны кім деп ойлайсыңдар?
(Ғарышкер)
Етегім толы сөк,
Ерте тұрсам жоқ.
(жұлдыз)
Қызыл күлше тау асты,
Ыстық нұрын шашады.
(күн)
Нұржігіт:
Оны көрген алып дер,
Жарқылдаған от қандай!
Шіркін болсам ғарышкер!
Талғат пенен Тоқтардай.
Санжар:
Көкке ұшамын,
Ұшқыш болар баламын.
Соңына ерем,
Ер ғарышкер ағаның.
Қызықты мәлімет: ғарышқа ұшқан ең алғашқы тіршілік иесі — Лайка атты ит еді. Ит 1957 жылдың 3 қарашасында Мәскеу уақытымен таңғы алты жарымда Кеңес Одағының «Спутник-2» кемесімен ғарышқа аттандырылды. Лайканың жасы – 2-де, салмағы – 6 келі болған. Сол кездегі басылымдар оның орбитада бір апта болып, қалыпты түрде тамағын ішіп, ұйықтап, үргенін жазған болатын. Ал шын мәнінде Лайка ұшырылған соң, 5-6 сағаттан соң өліп қалған. Кабинадағы температура біртіндеп көтеріліп, ақырында Лайканың денесі қызып, өртеніп кетті.
Мұнан кейін, 1960 жылдың 20 тамызында Белка және Стрелка атты иттер ұшты. Бұл екеуі ғарыштан жер бетіне аман-есен оралған ең алғашқы тіршілік иелері болып есептеледі. Олар жер бетіне оралған соң, аттары аңызға айналып, сапардан ешқандай жамандық көрмей, баяғыша өмір сүре берді. Тіпті бірнеше айдан кейін Стрелка дүниеге алты дені сау күшіктерді алып келді.
Ән: «Мен ғарышкер боламын»
Қорытынды:
Әр адам ғарышқа саяхаттағысы келеді. Әр адам ұшқыш болғысы келеді. Бірақ ол үшін адам баласына шыдамдылық пен ақылдылық, ғарыш туралы көп мәліметтер керек. Осымен «Байқоңыр – ғарыш айлағы» атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды.
Гулмаржан Уалиханқызы Рухоллинова,
Жалпақтал ауылдық округі
әкімі аппаратының
«Балдәурен» бөбекжайының тәрбиешісі,
Қазталов ауданы, БҚО