Home » Мақалалар » Бабамның кәсібі — менің нәсібім

Бабамның кәсібі — менің нәсібім

Қазақстан Республикасы Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы нақты бағыттарды көздейді. Онда  қазақ елінің тарихын шынайы тұрғыда танып-біліп, салт-дәстүрі мен  рухани мұрасын қайта жаңғыртып, қоғамның бүгінгі дамуымен байланыстырудың маңыздылығы айтылған.

Қазіргі өскелең ұрпаққа қазақ елінің тарихи маңыздылығы мен кереметін танытып, бойына сіңіру педагогтардың басты миссиясы екені анық. Сондықтан қазіргі таңда жастарды халықтық тәрбиенің негізінде оқытып, ұлттық өнеріміздің өркендеуіне жол ашуымыз қажет. Оқушылардың шығармашылық іс-әрекетін, эстетикалық талғамын, ептілік пен икемділік, ұқыптылық пен тазалық қабілеттерін дамытуда көркем еңбек сабақтарының орны ерекше.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қалалық білім басқармасының ғылыми-әдістемелік орталығы  «Туған жер» арнайы жобасы мен  «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында «Табиғат әлемі балалар көзімен» атты көркем өнер байқауын өткізді. Осы байқауда Шымкент қаласы, Ж. Аймауытов атындағы № 64 мектеп-гимназиясының 6 «ә» сынып оқушысы Сәбит Нұрмұрат  жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Сәбиттің әкесі Тоғайбай Нұрмұратұлы мен анасы Айгүл Сейдешова — ағаштан ыдыс жасауды кәсіп еткен қолөнер шеберлері. Қазақ халқының ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімен және тұрмысымен етене болған осы қолөнерді Сәбит те қайта жаңғыртуға күш салып жатыр.

Ағаштан жасалған ыдыстар адам денсаулығына пайдасын тигізіп қана қоймайды, оның ішіндегі тағам жақсы  сақталады. Ағаш ыдыстың осы қасиетін ата-бабаларымыз ертеден білген. Сол дәстүрді ата-анасына қолғабыс етуден бастаған Сәбит қолөнерге ден қоюда. Бұл отбасыға материалдық пайда әкеліп қана қоймайды, ұрпаққа салт-дәстүрдің, қолөнердің атадан балаға мұра болып қалуына да септігін тигізіп,  ағаш ыдыс тұтынушы халықтың да ризашылығына бөленіп жүр.

Сәбиттің анасы әрі ғылыми жетекшісі Айгүл Сейдешованың айтуынша, ағаштан бедерлі, әшекейлі сурет, ою жасау, яғни ағаштан түйін түю халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлі өнерлерінің бір түрі. Ағаштан ою оятын шеберлерді халық ағаш ұстасы дейді. Ыдыс-аяқ жасау үшін алдын ала қайың кесінділерін көздерінен тазартып шауып, оны көлеңкеде кептіріп, тұзды суға салып қайнатады. Бұдан кейін  тағы да көлеңкеде кептіреді. Сосын оны асықпай өңдеп, қажетті ыдыс-аяқты жасайды. Мұндай таза суда қайнатылған ағаштан жасалған ыдыс ыстыққа да, суыққа да төзімді келеді. Соққы тигенде  жарылмайды, көп уақыт бойы қызмет етеді. Астау, табақ, тегене жасағанда да дәл сондай технология қолдану қажет. Қайың ағашын жонып, оны жылқы қазысының қайнатылған майымен сылайды.

Ал, күбі жасаудың халық арасында екі тәсілі сақталған. Бірінші тәсіл бойынша, тұтас қайың кесіндісінің өзегін ұңғып, кеулеу тәсілі қолданылады. Екіншіден,  ағаштан бірнеше бөлік жіңішке тақтайшаларды темір құрсаумен бекіту арқылы да жасауға болады. Дайын ыдыстың сыртын бұрын күміс әшекейлермен өрнектесе, бүгінде кәдімгі оюмен әсемдеу сәнге айналды.

Ата-бабаларымыз ағаштың түрін, жай-күйін, қасиетін өте жақсы білген. Сондықтан ыдыс-аяқты көбіне ағаштың безінің қатты жерінен жасап отырған. Ыдыс жарылып кетпеуі үшін оны майлап, оған барынша май сіңіру керек. Сонан соң оның ішіне су сіңбейді.  Екінші әдіс —  құрсаулау. Күбіні, үлкен шара ыдысты сыртынан темірмен құрсаулап тастайды. Бұл да жарылып кетпеуден және ыдыстың сырты мен түбі әр затқа соғылып мүжілуден сақтайды.

«Ағаш ұсталарының арнайы құрал-сайманы болады. Олар ағаш шабатын шот қашаудың түр-түрін, ыңғыру, үскі секілді құралдарды пайдаланады. Бұрынғы уақытта ағашты ию, жұмсартудың тәсілдері болған. Әкемнің айтуынша, ертеде ағашты малдың қиымен араластырып, су құйып жерге көмім тастайды екен. Сол кезде ол қызады да, белгілі бір күйге жеткенде ағаш жұмсарады. Дәл осы сәтте қазып алып, тезге салып, өзіне қажетті қалыпқа иіп жасап алады. Міне осындай күрделі әдіс-тәсілдердің арқасында бүгінгі күні адам баласының ойы жетпейтін дүниелерді жарыққа шығарып отырған», — дейді Сәбит Нұрмұрат.

Сәбиттің  айтуынша, қадірлі қонаққа ұсынатын тостағанды күміс түйіршіктермен және ірі асыл тастармен әшекейлеген. Саптыаяқ, табақ қайыңнан ойылып боялмай жасалды. Аяқ-табақтардың қыз жасауына не құрметті қонаққа арнап жасалғандары күміспен нақышталады. Қазақтың ағаш ыдысының бірден бір ерекшелігі – оның көлемі. Мысал ретінде бір қойдың еті бір-ақ сиятын ағаш керсенді айтсақ болады.

Ыдыстарды қызыл, қоңыр және сары бояумен бояйды. Қымыз үшін үлкен тегене мен ет салатын шара, астау сияқты бұйымдар жақсы өңделіп, мұқият жылтыратылады. Кейде оның беріктігі үшін мыс, күміспен шегелеп неше түрлі оюлармен өрнектеген. Ағаш шөміш, ыдыс салатын қораптар мен қаймақ шайқайтын піспек, шелекті оймыштап әшекейлеп тұтыну үшін әдемілеп жасады. Әсіресе, қымыз сабаның піспегінің сабын, қант шаққыш, ожау сабын әшекейлеуге аса көңіл бөлген. Бұларды оюлап өрнектеумен бірге сүйектен, күмістен әшекейлеген.

Ожау жасауда шеберлер өздерінің тамаша өнерпаздығы мен асқан шеберлігін көрсеткен. Біртұтас ағаштан тұтқасымен ожаудың жеке де, қосбасты да түрін қызық етіп тізбектеп жасады. Кейбір ожауларды қымызға салып жібергенде бетінде аққу сияқтанып қалықтап жүзіп келетін болған.

Сәбит Нұрмұрат  «Қазақ шеберлерінің ерекше тәсілдерді, әдістерді пайдаланып аса ыждаһаттылықпен ыдыс жасау жолдарын сақтап қалуға тырыстық» деп өз кәсібінің біраз сырымен бөлісті.

Ағаш — адамзатпен ежелден бірге жасап келе жатақан табиғаттың сыйы. Ата-бабаларымыздың алғаш бірінші қолға алған қаруы да, отыны да осы ағаш болған. Содан бері ағаштың атқаратын міндеті арта берді. Сонымен бірге ағаш қазақтың тұрмысында кеңінен пайдаланылды. Неге десеңіз, ағаш бұйымдар ыңғайлы, пайдалануға тиімді, сонымен бірге ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген. «Алтынмен аптап, күміспен қаптап» дегендей, әр әулеттің жағдайына қарай зерлеп, әшекейлеп жасалған дүниені тұтынып келген. Ерте кездері бұл өнердің иесін ұста, он саусағынан өнері тамған шебер деп құрмет тұтқан.

Әр халық – өз мәдениетін жасаушы және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші.  Ұлттық тәрбие – рухани уыз.  Халық көптеген тәрбиелік дүниелер туғыза отырып, олар арқылы баланың жеті қырлы, сегіз қырлы болуын қамтамасыз еткен.

Осынау бір ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұраны ары қарай жалғастырып, қазіргі жас буынға таныстырып, қасиетін сезіндіре тәрбиелеу – біздің мақсатымыз. Оны қазақ жерінде ғана емес, бүкіл әлемге паш етіп, ұмыт бола бастаған мұрамызды қайта жаңғырту – ата-баба алдындағы борышымыз. Осы кәсіптің ауқымын кеңейтіп, республика көлемінде ұлықтап, дамытсақ, халықты қуантатын үлкен жобалардың бастауы болатынына сеніміміз мол.

Білім алушылардың өздігінен ізденуіне, оны өмірде қолдана білуіне, зерттеулер мен жобалар жасауына мақсатты әрі жүйелі түрде бағыттап отыру біздің  міндетіміз деп білемін. Оқушылар жобаға қызығып, сұраққа жауап іздегенде бүкіл  зиятын  қолданса, зерттеу жүргізіп, өз қателіктерінен сабақ алған кезде ең үздік жетістіктерге жеттік деп толық сеніммен айта аламыз.

 

Бану Алимбекова,
Ж. Аймауытов атындағы № 64 мектеп-гимназиясы
технология пәнінің І деңгейлі мұғалімі,
мектеп тренері

Шымкент қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.