Home » Жаңалықтар » Ақ Жайықта өткен білім додасы

Ақ Жайықта өткен білім додасы

Оралда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті.

С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 облыстық қазақ мектеп-интернаты кешенінде өткен білім додасы қаңтардың 6-сы күні қорытындыланды. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен салтанатты шараға қатысқан  облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов үздік оқушыларды құттықтап, олардың оқытушыларына құрмет көрсетті. – Мұндай олимпиадалар оқушылардың білімдерін шыңдап, бұдан да жоғары жетістіктерге жол ашады. Жалпы білім саласына өңірімізде барынша көңіл бөлінуде. Жаңа мектептер салынуда, компьютерлік сыныптар ашылуда. Сонымен қатар ауылдық білім ошақтары да заман талабына сай жабдықталып, үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Елбасымыз тәуелсіздік алғалы жастарды қолдап, олардың сапалы білім алуына жағдай жасауда. Ел болашағын қалыптастыру жолында біз өскелең ұрпақтың жоғары деңгейде білім алуына көңіл бөлуіміз керек. Сіздерден үлкен үміт күтеміз. Араларыңыздан көшбасшы тұлғалар шығарына сенеміз, – деген Ғабидолла Абдоллаұлы олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысатын батысқазақстандық оқушыларға сәттілік тіледі.

Екікүндік облыстық пәндік олимпиадаға аудандар мен қала мектептерінен 410 оқушы қатысып, 13 пән бойынша өз білімдерін сынады. Олимпиада қорытындысында жалпыкомандалық есеп бойынша облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-лицейі шәкірттері жоғары нәтиже көрсетті. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернаты кешенінің оқушылары екінші орыннан көрінсе, оралдық мектептердің үздіктері үшінші орынға табан тіреді. Ал аудан мектептерінің ішінде Сырым ауданының білімді ұл-қыздары озық шықты. Жалпы 13 пән бойынша 55 оқушы – алғыс хатпен, 70-і – ІІІ дәрежелі дипломмен, 48-і – ІІ дәрежелі, 31-і – І дәрежелі дипломмен марапатталды. Жеңімпаздарға облыстық білім басқармасы атынан бағалы сыйлықтар табыс етілсе, олардың ұстаздары алғыс хаттармен мадақталды. Енді жеңімпаздар республикалық кезеңде өз бақтарын сынап, облыстың намысын қорғайтын болады. Білім бәйгесінің республикалық кезеңі алдағы наурыз айында жаратылыстану-математика бағыты бойынша – Ақтөбеде, ал қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша Қызылорда қаласында өтеді деп жоспарлануда.

Алдағы үлкен білім бәйгесінде еліміздің зерделі шәкірттерімен қатар сынға түсетін жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», Орал

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.