Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 79-шы қадамына сай, даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру негізінде бүгінде білім беру жүйесінде Республикамыздың барлық облыстарында пән оқытушыларын ағылшын тілінде оқыту прогресі аяқталу кезеңіне таяу. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тапсырмасы негізінде Республика орта мектептерінің жалпы саны мың төртжүзден астам «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында «Пәндік курс: терминология және пәнді ағылшын тілінде оқыту негіздері» атты курстық семинар өткізіліп жатыр. Курс 2017 жылдың 10 мамыр айынан басталып, «Билингвалды пән мұғалімі» авторлық білім беру бағдарламасы бойынша «Astana School of Business and Technology» ЖШС-ның ұйымдастыруымен белгіленген төрт кезең, 480 академиялық сағат ағымдағы жылдың желтоқсан айын қамтиды.
«Astana School of Business and Technology» ЖШС-ның директоры Нурлыбек Олжас Нурлыбекулы: «Қазір дүниежүзінде екі тілді білу керек. Бірінші тіл – ағылшын тілі. Екінші – технология тілі. Осы екі тілді білмесеңіз сіз бәсекеге қабілетті бола алмайсыз. Сондықтан, ағылшын тілін енгізу – елбасымыздың немесе премьер министрінің ойлап тапқан нәрсесі емес, бұл – заман талабы. Егер сіз қазір оқымай қалсаңыз, келесі жылы мұндай мүмкіншілік болмауы мүмкін. Мысалға, оқуға қалтаңызда ақша болса да уақытыңыз болмайды. Сондықтан, бұл жоба – мемлекет жасаған ақысыз түрдегі мүмкіндікке ынталанып, өз маманының біліктісі боламын деуші тыңдаушыларға арналған жоба. Ал, нәтижесіне келсек, әрине, бастапқы кезде қиындықтар болды: мамандардың жасына, үлгеріміне байланысты. Дегенмен де, қазіргі кезде біз 20 жылдық мол еңбегі бар білім инновация мектебі мамандарының тәжірибесіне сүйене отырып, білімі терең тренерлеріміздің жетекшілігімен өте жақсы деңгейдеміз. Бұл кісілерге алғысымыз шексіз. Ал, енді пайыздық көрсеткішпен айтсақ, қатысушыларымыз соңғы курс қорытындысында 80% көрсетеді деген үміттеміз. Себебі, мұғалімдердің сапалы білім алуларына жан-жақты жағдай жасап, сабақтар тартып, қосымша сағат бөліп отырмыз».
Әрине, елімізде белең алған мұндай жаңашыл бағыт менталитетімізге, мұғалімдеріміздің қабылдауына бірден сіңе қоймасы анық. Бұл – “курс не үшін керек?” деген сауалдың жауабы десек те болар.
Аталмыш курс ерекшелігі – төрт пән мұғалімдерінің ағылшын тілінде сабақ беру үшін біріктірілген пәндік-тілдік оқытуды CLIL (Content language integrated learning) әдістемесімен қолданып үйренуіне мүмкіндік беру. Яғни, пәнді ағылшын тіліне сәйкестендіріп үйрету. Сонымен қатар, тыңдаушыларды жетілдіру үшін Online Content сағатында курстық сабақтан тыс үй жұмыстарын немесе тақырыпқа байланысты қызықты видео, аудио материалдарды интернет арқылы жібереміз. Оның ішінде, Edupage.org және Edmodo.com деген жүйе бар. Edupage.org – ол Қазақстанда күнделік ретінде қолданылады, яғни, тыңдаушылардың үлгерімін бағалау. Ал, Edmodo.com – дүниежүзі бойынша барлық ұстаздардың чат арқылы тәжірибе алмасып отыратын кеңістік, — деп сөз тарқатты «Astana School of Business and Technology» ЖШС-ның директоры Нурлыбек Олжас Нурлыбекулы.
Курс аяқталғаннан кейін пән мұғалімдері ағылшын тілін меңгеру деңгейін тілдік құзыреттіліктің жалпыеуропалық шкаласына (CEFR) сәйкес В1 деңгейіне дейін арттырып, пән бойынша тақырыптық терминологияны ағылшын тілінде игеріп CLIL әдістемесімен оқытуды бастап, кәсіби үстемақыға иеленбек. Жалпы, білім саласында әлемдік бәсекеге қабілетті алдыңғы қатардағы ел болуымызға жағдай жасалған десек, соның бір көрінісі: курс тыңдаушыларға ағылшын тілінде төрт пән бойынша оқулықтар, әр пәннің терминология жинағы, оқу-әдістемелік құралы мен жұмыс дәптері және осы информатика, физика, биология, химия пәндері яғни, 8-сынып оқулықтарының ағылшын тіліндегі нұсқасы сый ретінде беріледі. Оқулықтар 2017 жылы «Астана-Кітап» баспасынан шыққан өнімдер.
«Астана-Кітап» баспасының академиялық директоры Тусюбжанов Айдын Болатұлы: «Бұл – үштілділікке байланысты министрдің тапсырмасы бойынша барлық мектептерде 2019 жылы аталмыш пәндердің ағылшын тіліндегі оқулықтары болу керек. Сондықтан бізге өтпелі кітаптар керек. Мысалы, қазақ тілінде, орыс тілінде өте жақсы кітаптар бар. Сол сияқты алдағы уақытта жоғары сынып пәндерінің ағылшын тіліндегі нұсқасын шығару – біздің мақсат».
Курс өткізушілер, «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндерін ағылшын тілінде емін-еркін жеткізуде тәжірибесі жатық әрі CLIL әдістемесін толық меңгерген, пәнді ағылшын тілінде оқыту сертификатына ие кәсіби 90-нан астам тренерлер бар. Олардың ішінде Астана қаласы «Нұрорда» мектебі мекемесінде тыңдаушыларға төрт пәннен сабақ беріп жүрген тренерлерді атап өтсек: «Химия пәні» тренері – Сыздықов Асқар Төлегенұлы. «Биология пәні» тренері – Шанинов Арман Алпысбайұлы. «Физика пәні» тренері – Қайрат Ерназар және «Информатика пәні» тренері – Абылаев Фархад Тохтарұлы. Мамандар, курс тыңдаушыларының ынталары жақсы, сатылай көтерілу деңгейінде өз пәндерін ағылшын тілінде меңгеру үдерісі жолында екенін, болашақта осы әдіс бойынша жұмыс істей алатындарын айтады. Тыңдаушылар тарапының да пікірлерін сұрастырдық.
Астана қаласы 76 мектеп-лицейінің «химия-биология» пәні мұғалімі Қалиқанова Шұғыла Ерғалиқызы: «Біз CLIL әдістемесі арқылы өз пәнімізді ағылшын тілінде жүргізу негіздерін, терминдердің айтылуын және әртүрлі оқыту әдіс-тәсілдерін үйреніп жатырмыз. Тренеріміз семинарды жеке де топпен де жұмылдырып, қызықты өткізіп жатыр. Біз үшін сабағымызды ағылшын тілде жүргізу – жетістік. Сол жетістікке жету үшін жұмыс жасап отырмыз».
Мұстафина Жансая Алибекқызы
Білім айнасы,
Астана қаласы