Home » Мақалалар » Ағартушы тұлға

Ағартушы тұлға

ХХ ғасырдың басында қазақ даласына орыс жерінде басталған революциялық дүмпулердің ықпалы да әсер етті. Қазақ халқының дарынды перзенті Ыбырай Алтынсарин аса күрделі тарихи кезеңде, патша үкіметі Шығыс халықтары арасында қатаң отарлау саясатын жүргізіп жатқан кезеңде өмір сүрді.
ХХ ғасырдың заңғар жазушысығ академик М.О.Әуезов: «Қазақстан тарихына көз жіберсек, көңілге медеу, көзге толық үш алып тұлғаны еске аламыз. Олар –үшеуі үш мұнара болған: Шоқан, Ыбырай, Абай. Бұлардың өмірі, еңбек еткен ортасы үш алуан болғанмен үшеуін бір туғандай етіп тұрған бір ұқсастық да бар. Ол ұқсастық – олардың нәр алған тамырының бір болуы. Туған халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауында. Қараңғы қазақ елін алдынғы қатардағы мәдениетті елдер қатарына жеткізбек болуында» деген болатын. Осы кезеңде өмір сүрген халқымыздың аяулы перзенттері, ағартушы- демократ ойшылдар Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев т.б. туған халқының бақытты өмірге қолы жетуі үшін аянбай ат салысты, олар әсіресе, жастарға зор үміт артып, ақыл –кеңестерінің бар желісін соларға бағыштады. Өз халқының ізгі ойы мен асыл арманының жаршысы, жастарды білімге, мәдениетке, өнер биігіне шақырған асыл жандардың ағартушылық идеяларының негізгі, әрі өзекті бір арнасы педагогика мен психология мәселелерінің төңірегінде табылуы кездейсоқ жәйт емес. Ы.Алтынсарин ағартушы, қазақтың ұлағатты ұстазы, қазақ даласында алғаш ана тілінде қазақ балаларына арнап, «Қырғыз хрестоматиясы» оқулығын құрастырған педагог – жазушысы. Халықты және олардың жас ұрпақтарын оқуға, өнер – білімге шақыруда ұран салып ту етіп көтерген, оқыған сайын сүйсіндіріп отыратын еңбегі «Келбалалар, оқылық», «Өнер – білім бар жұрттар» -деген өлеңдері.
«Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей – ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!»- деп ұран салады. Ыбырай бұл өлеңдерінде алдымен сауат ашу, оқыту мәселесін бірінші орынға қояды, баланы оқыту барысында тәрбиелеу керектігін түсіндіреді. Оның өлеңдерінің қай –қайсысы болсын балаға тәртіпті, үлгілі, өнегелі кісі болуды уағыздайды. Бала оқыту, тәрбиелеу жұмысында Ы.Алтынсарин дүние жүзгі педагогика классиктерінің (Я.А.Каменский, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой т.б.) гуманистік идеяларын басшылыққа алды, оларды қазақ даласында оқу – ағарту тәжірибесіне енгізген тұңғыш педагог –ұстаз болды.
Ы.Алтынсаринның педагогикалық көзқарасында мектептердің білім берудегі міндеті нақты анықталған. Мектеп міндеті сан алуан түрлі бағытта болу керек деп есептелген, сондықтан ұстаздың мұғалімдерге берген нұсқауларында мектептегі оқу жұмысы мен сыныптан тыс тәрбие жұмыстарының арасында айырма көрінбейді. Ұстаз оқу процесін ұйымдастыруда үш принципті: біріншіден, мұғалім –педагогтың тұлғалық ролін білімдегі басты факторға, екінші оқу –материалдық базаның білімде шешуші маңыз атқаратынын, үшінші –оқу материалының ( оқулық, әдістемелік т.б.) сапалық деңгейін жоғары болуын алға қойған. Ы.Алтынсарин демократиялық-ағартушылық бағыт оның педагогикалық көзқарасының үш бірдей саласынан көрініс тапты. Біріншіден, бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға дүние ғылымдарын үйретуге және соған оқу құралдарын жазып шығаруға арнаса, екіншіден, өнегелі ұстаз тәлімгер даярлауға, оларға күнделікті ғылыми — әдістемелік басшылық жасауға көңіл бөлді. Үшіншіден, шығармаларында қазақ халқының ХІХ ғасырдағы қоғамдық өмірінде болған саяси әлеуметтік мәселелерді жан –жақты қамтып жазуға жұмсады. Ол кез келген шығармаларында шәкірттерді адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнерлі азамат болуға, жат мінезден бойын аулақ ұстауға шақырды.
Қазақ балаларын орыс тілін, орыс ғылымын жеңіл де тез меңгеруіне мүмкіндік беретін орыс –қазақ мектептеріне де Ы.Алтынсарин зор маңыз берді. Қазақ халқы мәдениетінің тарихынан көрнекті орын алатын қайраткерлердің бірі, халқымыздың мақтанышы, демократиялық бағыттағы ағартушы, тұңғыш педагог, ақын –жазушы Ыбырай Алтынсарин орыс халқының кең арналы білім бұлағынан сусындады. Өзінің алған білімін туған халқына тарту етіп, қазақ елі үшін оқу –ағарту саласында игі еңбек сіңірді. Ол ағатушылық алғашқы қадамынан –ақ қазақ халқының келешегі ұлы орыс халқының өмірімен, оның мәдениетімен тығыз байланысты екенін ашып айтты. Қазақ даласында тұғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапқа сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Қазақстанда педагогика білімінің негізін қалаушы да Ы.Алтынсарин болды. Ы.Алтынсарин айтқан «мен қазір дүниеде жақсы мұғалімдерді бәрінен қымбат бағалаймын». Ы.Алтынсарин мұғалімдердің тілегі мен мұқтаждарына ереше қамқорлық жасап, көңіл қою керек –деді. Ы.Алтынсарин мұғалімдерден методикалық шеберлікті талап етеді. Ыбырай жасаған оқулық ең алдымен, орыстың қала берді Европа оқымыстыларының педагогикалық көзқарастары мен оқыту, тәрбиелеу әдіс- тәсілдеріне негізделіп жасалды, бірақ ұстаз оларды талғам – талдаусыз, сол күйінше ала салған жоқ керсінше, оған енетін материалдарды қазақ балаларының түсінік – танымына сәйкес етіп алды, өзі де осы талапқа орай әңгіме, өлеңдер жазып қарастырған хрестоматиясына қосты. Орыс педагогтарының үлгісімен орыс –қазақ мектептеріне Ы.Алтынсариннің өзі екі оқу құралын «қазақ хрестоматиясын» (1879) және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралын» жазып, бұларды қазақ — орыс мектептеріне төлтума оқулық ретінде ұсынды. Мәселен, «Хрестоматияға» ол қазақ халқының ауыз әдебиетінің асыл үлгілерін, балаларға арналған нақыл әңгімелері мен өлеңдері, орыс жазушылары Крылов, Толстой, т.б. әңгімелері мен мысал өлеңдерін аударып енгізді. Ол өзінің хрестоматияға енгізген әдеби шығармаларының бәрін негізгі педагогикалық ісімен тығыз байланыстыра білді. Сөйтіп, ұлы ағартушы- ұстаз халқымыздың білім бұлағынан сусындатып, өзге мәдениетті елдердің қатарына қосуға бойындағы бір күш-қуатын, білімін сарқа жұмсады. Бұл бағытта тыңнан жол салып, соған бүкіл саналы өмірін арнады. Ы.Алтынсаринның оқу –ағарту ісіндегі тағы бір ерен еңбегі қазақ жастарына кәсіптік маман беру мәселесін қолға алуында еді. Ыбырай ауылшаруашылық, қолөнер мектептерін ұйымдастырды.
Ы.Алтынсарин қазақ әйелдеріне білім беру ісін алғашқы болып қолға алған. Оны В.В. Катаринскийге жазған хатынан көреміз, онда былай деген: «Қазақ қыздарына арнап ашылмақ интернаттың табысты боларына губернатордың күдігі бар…, ал мұндай маңызды істі бастамаса, ешқашанда ештеңе болмайды ғой». Сөйтіп, қыздар мектебі Ырғыздағы қазақ қыздарына арнап жанында интернаты бар мектеп деп аштырды. Мұның өзі халқының тарихында орасан зор оқиға болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту, сөйтіп оларды мәдениетке және қоғамдық өмірге тікелей тарту мәселесінде де феодальдық ескі әдет – салттарды батыл ығыстырып, әлеуметтік маңызы зор істерді жүзеге асыра алған тамаша жаңашыл адам болды. Одан басқа да бірталай мектептердің ашылуына ықпал етеді.
Ы.Алтынсарин –орыстың алдыңғы қатардағы жазушылары мен ұлы ойшылдардың, ағартушылары мен педагогтардың көптеген еңбектерін қазақ тіліне аударды. Алтынсаринның аударғаны –негізінен Ушинский, Толстой, Крылов, И.И. Паульсон шығармалары. Алтынсарин орыстың ұлы педагогы Ушинскийді басқадан бұрын танып, өзінің ұстазы деп түсінді. Оның шығармаларының ішінен әсіресе тәрбиелік мәні зорларын аударды. Заманымыздың заңғар жазушысы М.О.Әуезов Ыбырай Алтынсарин туралы былай жазды: «Ыбырай орыстың мәдениет мектебін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесе, орыстың адамгершіл, прогресшіл, классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді… Ыбырай да сол бір бағытта болумен қатар, тарихтың ұзақ өрісі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты. Әрі ол жаңа үлгідегі ақын, әрі сол кездегі Ресейде батыл жаңалық жасап, «бұратана» елдер үшін тың үлгідегі мектеп ашушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты ол аса шебер өнерлі түрде қалыптастырушы». Ыбырайдың мақсаты қазақ халқын ғасырлар бойы езіп келген надандық пен қараңғылықтың шырмауынан босатып, өнер – білімді, мәдениетті елдердің қатарына қосу еді.
Ыбырайдың оқу –ағарту саласындағы үздік ойлары мен ұсыныстарынан, тілек – талаптарынан оның шын мәніндегі ағартушы, озық көзқарастағы қоғам қайраткері болғаны айқын көрінеді.

 

Курсанова Б.К.
Сырбай Мәуленов атындағы
№37 орта мектептің
қазақ тілі пәнінің мұғалімі,
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.