Мақалада еліміздегі бәрімізге ортақ патологиялық аурулардың экологиялық жағдайларынан туындайтын мәселелері қарастырылған. Ондағы пайдалы қазбаларынан туындайтын, табиғатқа келтіретін зиянды заттардың қауіптілігін көрсеттім. Қазіргі заманауи әлемде осындай экологиялық олқылықтардың алдын-алу шаралары ұсынылды.
Бүгінгі дені сау ұрпақ — елдің ертеңгі жалғасы. Шынында да «Денсаулық — зор байлық» деп бекер айтпаса керек. Әрине, денсаулықтың жақсы болуы әр адамның өзіне байланысты. Әйтсе де, адам денсаулығына оны қоршаған ортаның, ауаның, тамақтың, судың құрамының лас болуы бәрі адам денсаулығына әсерін тигізетіні сөзсіз. Өйткені, адамның өмірі, болашақ ұрпақтарының өмірі табиғат экологиясына бағынышты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, адам денсаулығының 40 проценті экологияға, 40 проценті өзінің өмір сүру дағдысына байланысты ал, 18-20 проценті ғана дәрігерлік-медициналық көмекке тәуелді екен.
Сондықтан да адамдардың дені аурудан аман, қайратты, жігерлі, көңілдің көтеріңкі болуының өзі-денсаулықтың белгісі. Дене мүшелерінің, ішкі ағзалардың бірі ауырса, адамның денсаулығы нашарлап, көңіл күйі түседі, еш нәрсеге зауқы болмайды. Осы жерде айта кеткім келгені атам заманнан қазақ халқы денсаулыққа көп көңіл бөлген. Оның дәлелі баланың дені сау, шымыр болу үшін 4-5 жастан бастап атқа мінгізген, садақ тарту, найза шаншу, асық ату, арқан тарту, күрес секілді денені шынықтыратын жаттығулармен жаттықтырған. Осының нәтижесінде бұлшық ет қатайып, бой өсіп, кеуде кеңейіп, күш молаятынын ертеден-ақ білген. Ауру желмен келіп, термен шығады — деген мақал осының дәлелі емес пе.
Қазіргі кезде патологиялық аурулар аумақтардың экологиялық жағдайларына байланысты туындайды. Еліміз пайдалы қазбаларға өте бай. Қазақстанда дүние жүзіндегі хром қорының-30%, уран мен марганецтің – 25%, қорғасынның-9 %- ы, мыс пен темірдің -10%-ы кездеседі. Қазір дүние жүзінде шикізат көздері ретінде 55 түрлі химиялық элемент кеңінен пайдаланылады екен. Соның Қазақстанда 39-ы өндіріледі. Қазақстан дүние жүзіндегі экологиялық зардаптарды көбірек көріп отырған мемлекеттің бірі. Еліміз аумағының 60 %-дан астам алқабы экологиялық апатты аймақтарға жатады. Оның ішінде улы заттардың бөлініп шығуы, мысалы табиғат пен адам денсаулығына қаншалықты зиянын тигізетінін айтпаса да түсінікті. Тас көмірдің шаңы химиялық тыңайтқыштар, пластмассаның қалдықтары, темекі түтіні, ағзаға тамақпен не тері арқылы енген сынап тұздары, қалай болса солай шашылып-төгіліп жатқан радиоактивті элементтердің қалдықтары республикамыздың әрбір қалаларымен елді мекенінің айналасынан табылады. Осындай қауіпті кедегілер тікелей халық денсаулығының жай-күйіне қауіп төндіруде. Міне, осыдан келеңсіз жағдайлардың мәселелері туындайды. Бірақ айта кету керек, бұл келеңсіз мәселелер бүкіл Қазақстан халқының проблемасына айналып отыр. Әрине, бұл мәселелердің түйіні бір адамның қолынан келмейтін іс «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей барлығымыздың ортақ міндетіміз. Қазіргі уақытта әсіресе балалардың денсаулығын нығайту барысында мектептерде дене шынықтыру сабақтары жүргізіледі. Онда арнаулы мамандар иесі қабілетін анықтап, бағыттап отырады. Спорттың әр түрлі формалары қолданылады. Стол теннисі, шахмат, хоккей, бокс, баскетбол, футбол сияқты түрлері кеңінен тараған. Кейінгі кездері жылдамдықты, тездікті талап ететін спорттың түрлері де пайда болды. Олар: у-шу, дзюдо, айкидо, таэквондо. Сонымен қатар, денені шынықтыратын ұлттық ойындары және «Бәйге», «Қыз Қуу», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату». Ауылды жерлерде спорт комплекстері салынып жатыр. Бұл әрине өте қуанарлық жағдай. Біздің Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аудандары мен басқа облыстардың таулы аудандарындағы тұрғын және қоғамдық ғимараттарда радон мен оның ыдыраған өнімдерінің таралуы қолданыстағы гигиеналық нормативтердің көрсеткішінен ондаған есе артық. Әрине, бұл экологиялық проблемалардың пайда болуына антропогендік факторлардың да әсері бар екенін бәріміз білеміз.
Халық денсаулығы жай-күйінің өлшеміне елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, халықты сауықтыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен іске асыру үдерісінде басым сипат берілуі тиіс. Бүгінгі таңда адамзат алдындағы аса күрделі экологиялық мәселе-биосфера тіршілігін тұрақты ұстау, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мәселесі бүгінгі күннің мәселесі болып қала бермек. Кез келген аумақтың мынадай экологиялық мәселелері болады:
— атмосфералық ауаның;
— су ресурстарының ластануы;
— өндіріс және тұтыну қалдықтарының жиналуы;
— биологиялық әртүрліліктің болуы;
— ауаның автокөлікпен ластануы болмақ.
Алайда, еліміздің бірқатар аймақтарында тұрғындар жақсы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген, кейбір қалалардың ауа бассейндерінде денсаулық үшін зиянды заттардың шоғырлануы белгіленген нормативтерден бірнеше есе артады. Осыдан адамның тіршілік етуіне қолайлы (оптимальды) орта тудыру жөнінде мәселе туындайды. Әрине, қоғамның экологиялық мәселелері заманауи әлемде өзекті шешулердің бірі болып отырғанын білеміз, сондықтан ауқымда өткізілетін әлеуметтік-экологиялық мәселелерге қолдау көрсетіп, бұлақ көзін ашу, ағаш отырғызу, өмір сүріп отырған аумағымызды көріктендіру секілді шараларға белсенді атсалысу керек.. Сөзімнің соңында айтарым, адамның бірінші байлығы – денсаулық. Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Сондықтан Тәуелсіз еліміздің болашағы, тірегі болатын — дені сау, санасы уланбаған, саналы ұрпақ тәрбиелеу біз бен сіздің міндетіміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Артамонов Н.Н, Шаталов Н.Н.
Кәсіби аурулар. –М., Медицина, 1988.
Кәсіби аурулар. / Л.А. Зорина, М.И. Даулетбакова.-Алматы, 1990-372б.
Ибрай Эльвира Талғатбековна
жалпы арнайы пәнінің оқытушысы
Солтүстік Қазақстан медицина колледжі