Бүлдіршін қыз едім. Сол шақтарда туған жеріме деген ыстық сезім болмаған еді. Өсе келе, Отаныма деген махаббат сезімі оянғандай. «Отаның-алтын бесігің», «Отаны жоқтық-нағыз жоқтық» — деп халқымыз бекер айтпаған. Менің ойымша, өз Отанын сүю, ана тілін ардақтау — әрбір адамзаттың бірінші міндеті. Мен өз Отанымды, керемет өлкемді мәңгі сүйіп өтемін және әрдайым мақтан тұтамын. Жалпы, күн санап көркейген тәуелсіз еліміз – әрбір қазақстандықтың мақтанышы. Ата-бабаларымыз арманы тәуелсіз ел болу еді. Біз тәуелсіз ел болуға қол жеткіздік, ұлы тұлғаларымыздың асқақ арманын іске асырдық. Айтарым, атамекенім жылдан-жылға, күннен-күнге дамып келеді. Оның бірден-бір дәлелі — Арқа төсінен абат қала Астананың бой көтеруі. Қалай десек те, Астана қазақтың бас қаласы болып, өскелең ұрпақтың жарқыраған жұлдыздай келешегіне өз үлесін қосары сөзсіз. Көз алдыма оның әсем көрінісі елестейді. Қала сұлулығы қай адам баласын болсын тамсандыратынына күмәнім жоқ. Өйткені, кең жазира далада көсіліп жатқан кемел сұлулығымен, күміс көлдерімен Есіл, Нұра секілді қыз бұрымындай тарқатылған өзендерімен өзіне тартады. Сондықтан болар Астана мен үшін әрқашан салтанаттың қаласы, тасы өрге домалап тұрған жандардың мекені болып елестейді.
Менің ойымша, Астананың қазіргі деңгейге жеткені – тәуелсіздіктің жемісінің көрінісі. Өз ой-пікірімді білдіре отырып, Астананың тәуелсіздіктің жемісі екендігін дәлелдегім келеді. Қазіргі таңда астанамыз әлемдік, іскерлік байланыстың күре тамырына айналып отыр. Астананың әлемдік аренаға шығуына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесі зор. Себебі, Елбасының қолдауымен Астанада халықаралық маңызы бар алуан түрлі іс-шаралар өтті. Атап айтсам, 2010 жылы Саммиттің өтуі, жетінші Қысқы Азияданың өтуі, «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференцияның өтуі. Биылғы жылғы өткізілгелі отырған ЭКСПО халықаралық көрмесінің Астана қаласында өтуі бас қаламыздың жемісінің бір көрінісі емес пе? Осындай әлемдік деңгейдегі шаралардың Астанамызда өткізілуі Астананың мәртбесін биіктете түседі. Тәуелсіз қазақ елінің бірлігін, ынтымақтастығын көрсетеді. Астанамыздың шаңырағы биікке көтеріліп, уығы нық қадалып, керегесі келісті жайылды деуге болады.
Сондай-ақ, азат елдің ақ ордасы, арман қала Астананың дербес елімнің тәуелсіздігінің жемісі екендігін айқындайтын дәлелдің бірі әлемдік деңгейдегі сәулет кешендерінің бой көтеруінде деп ойлаймын. Бір ғана қазақ халқын емес, шет елдік азаматтарды да таң қалдырған «Бәйтерек» пен «Пирамида» сияқты ұлттық рухты насихаттайтын кешендердің әдемілігі әлем елдеріне танымал болды. Сонымен қатар, Астанамыздың 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атануы, 2012 жылы ТМД елдерінің «Мәдени Астанасы» құрметіне ие болуы — Астана қаласының басты игіліктерінің бірі, елеулі мараппаттауларының бірегейлері. 20 жылдық тарихы бар әсем қаламыздың аз жыл ішінде жоғары деңгейде дамуы, әрине, Елбасы мен тәуелсіз қазақ елінің арқасында деп ойлаймын.
Ойымды қорытындылай келе, Астана – Тәуелсіздіктің жемісі екендігіне толықтай қосыламын. Айтылған дәлелдер жас қала Астананың бірнеше жыл ішінде халықаралық деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Тәуелсіздіктің өзі не бір «тар жол тайғақтардан» өткені сияқты, Астана қаласы қалыптасу жолында да өзіндік қиыншылықтардан өтті. Десе де, Елбасы мен халық бірлесе отырып, кедергілер мен қиындықтарды жеңе білдік. Соның нәтижесінде бүгінгі күні Есіліміздің бойында еңсесін тік ұстап Астанамыз биік тұр. Келер ұрпақтың да, жастардың да болашағы бір өзіңде! Ал сенің гүлденуің солардың қолында. Елордамыз тыныш, жұрты аман, абыройы асқақ болсын деп айтқым келеді. Жақсы атағы мыңдаған жылдарға ұлассын! Келешегің жарқын болсын, халқымның ақ ордасы, көркейіп, биіктерден көріне бергейсің!
Жайнай бер, Мәңгілік елдің Мәңгілік қаласы!
Сен деген туған елдің жүрегісің,
Өзіңнен бастау алар өрелі ісім.
Шаһарлар толып жатыр, бірақ та сен,
Бәрінен бірегейі, бөлегісің.
Астанам – асқарымдай көрінесің,
Өлең боп көкірегімнен өрілесің,
Бойыма рух беріп тұрғаннан соң,
Анық-ау, ұтылмасым, жеңілмесім.
Домалап қазағымның өрге тасы,
Думанмен дүрілдесін аспан асты.
Биіктеп Бәйтеректей зәулімденіп,
Асқақтай бер, елімнің Астанасы!
Қанағат Қарлығаш
Солтүстік Қазақстан облысы,
Петропавл қаласы,
Қазақ мектеп-гимназиясының
9-сынып оқушысы