Home » Ашық сабақтар » Астанам — мақтанышым!

Астанам — мақтанышым!

Мақсаты: Елдік мерекеге өзіндік үн қосу. Көңілді орта қалыптастыру. Бас қала – Астана туралы әндер мен өлеңдер үйрету, сүйіспеншілік және мақтаныш сезімдерін тудыру. Туған ел тарихымен таныстыру.

Жүргізуші: Қайырлы таң, балалар! Қайырлы таң, қонақтар! Сіздерді салтанатты мереке Астана күнімен құттықтаймыз!

Жылулық шеңбері: Ал, енді балалар бәріміз бір-бірімізбен сәлемдесіп алайық.

Амансың ба, Алтын күн!

Амансың ба, Жер ана!

Амансың ба, Астана!

Келдік саған қуана! — Балалар, енді бүгінгі күнімізге сәттілік тілей отырып, жылы лебіздер айтайық. Деніміз сау болсын!

Күніміз күлімдесін!

Еліміз аман болсын!

Ата-анамыз қасымызда болсын!

Бәріміз дос болайық! Бәріміз бақытты болайық!

Аспанымыз ашық болсын! Әнұран орындалады.

— Қане, балалар отырайық. Біз бүгін Отан туралы әңгімелесеміз. Балалар Отан деген сөзді қалай түсінеміз? Балалар: туған жерім, атамекенім, отбасым, халқым. Дұрыс балалар, Отан дегеніміз біздің еліміз, туған үйлеріміз, өзіміз туып өскен жеріміз. Біздің Отанымыз — Қазақстан. Қазақстанды Отанымыз дейтін себебіміз, бұл жерде ата-бабаларымыз тұрған, енді сол жерде біз тұрамыз. Адал адам Отанын сүйеді. Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны сияқты, Отансыз да өмір сүре алмайды. Біздің мемлекетіміз Қазақстан Республикасы, ұлтымыз — қазақ.

— Балалар, Қазақстан Республикасының президенті кім? — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — Біз қай мемлекетте тұрамыз? — Қазақстан Республикасы — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қандай? — Қазақ тілі — Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Қазақстанда әртүрлі ұлт өкілдері тұрады? Соның ішінде қандай ұлт өкілдерін білесіңдер? — Орыс, өзбек, түрік, қытай. — Мемлекеттік рәміздерімізді кім атап береді? — Әнұран, ту, елтаңба. — Ел ордамыз қай қала? — Астана.

— Балалар, бүгін бас қаламыз Астананың туған күні!

Тақтада ілулі тұрған суреттермен таныстыру.

Балалар, мынау Қазақстанның бас ордасы Астана. Ол жаңадан бой көтеріп келе жатқан жас қала. Ал мынау Ақорда үйі. онда біздің елімізді басқаратын президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отырады. Мынау Бәйтерек. Ол өте биік, оның биіктігі 105метр. Мұнараның жоғары жағында шыныдан жасалған алтын шар бар. Мұнараның жоғарғы жағына көтерілсек, Астана қаласы толығымен көрініп тұрады.

— Астана күні мерекесіне арналған «Балдырған» тобының тақпақтарын тыңдайық.

Арайлым: Алтын заңның аясында,

Құлпырамыз бәріміз.

Отан ана аясында,

Жарқыраймыз күн болып.

Ернар: Қадамың бар баспаған,

Асуың бар аспаған.

Халқым жетсін мұратқа,

Ей, бас қалам — Астанам.

Айзере: Шырқап көкке аспан ән,

Болашаққа бас қадам.

Қазақ рухын биіктет,

Ей, бас қалам — Астанам.

Нұрболат: Отан тарих, Отан — тіл,

Жасаған елім өз халқым.

Асылым: Көк байрағы бабамның,

Бүгінгі ұрпақ алауы.

Тірегі әке баланың,

Қазақстан жалауы.

Жансерік: Желбірейді шалықтап,

Қазақстан жалауы.

Көкте қыран қалықтап,

Қанат қағып барады.

— Өте жақсы, балалар!

-Қазақ биі.

Қанағат: Астана — арман қала,

Бағы бір жанған қала.

Тұрады ол жап — жас болып,

Мен үлкен болғанда да.

Нұралы: Жаңа қала, жас қала,

Болды бүгін бас қала.

Ол — сүйікті қаламыз,

Алып қала Астана.

Ардақ: Жүрегі елімнің,

Астана — бас қала.

Әлемге көріндің,

Ұқсамай басқаға.

Омар: Ел ордам менің — Астанам,

Осында жаңа бастама.

Меруерт: Сәулетті зәулім үйлер көп,

Көрікті сондай жас қалам!

— Өте жақсы, балалар! Енді балалар орнымыздан тұрып, сергіту жаттығуын жасайық.

Аспанға қарап ай көрдім,

Төменге қарап жер көрдім.

Оңға, солға бұрылып,

Егеменді ел көрдім.

Айсұлу: Гүл жайнаған Астана,

Қазақсан отаны,

Бірін — бірі сыйлаған.

Туысқандар отаны.

Нұрсұлтан: Астана — арман қала,

Бағы бар жанған қала

Тұрады ол жап — жас болып,

Мен үлкен болғанда да.

Анель: Жаса — жаса Астанам,

Өркен жая бастаған.

Болашақтың есігін,

Өз қолыңмен аш маған.

— Балаларды мадақтау. Қонақтармен қоштасу.

— Сау болыңыздар!

Суевова Шолпан Жалгасбаевна

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы

«№8 «Алын сақа» балабақшасы» МКҚК,

тәрбиеші

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.