Home » Жаңалықтар » Армысың, әз Наурыз!

Армысың, әз Наурыз!

Бүгін ғасырлар қойнауынан бастау алған ерекше, ұлық мерекеміз келіп жетті. Наурыз – жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы. Бұл – бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап қалдырған аманаты, береке-бірліктің, ізгіліктің символы. Қазақстанда оны еліміздің барлық этнос өкілдері атап өтеді. Иә, күн мен түннің теңесіп, қыс пен жаздың түйісер тұсы – әз-Наурыз! Қазақ халқы әлімсақтан Наурызды жыл басы, ұлыстың ұлы күні деп дәріптеген, ол үлкеннің де, кішінің де көңілін көктем етер тамаша мереке. Шығыстың Жаңа жылының басы болғандықтан, біз бұл күні барлық жақсылықты, ізгілікті күтеміз.

Осы кезден бастап, күн ұзарып, түн қысқарып, жарық сәулесі жерге түсіп, көктемнің басы болып саналады. Наурызда халқымыз жиналып, бұлақтардың көзін ашып, жасыл-желек отырғызып, болашаққа көз тігетін болған. Наурыз көже жасап, ағайын-туыс, көрші бір-бірімен қатынасып, дәм татып, болғанды естеріне түсіріп, ренжігендер бір-бірінен кешірім сұрап, көрісіп, қауышып, бір-біріне сүйіспеншілігін көрсететін болған. Рухани тілеудің ақжарма мейрамы болып саналатын. Бұл ғажайып шақта аспаннан алтын күннен нұр төгіліп, жерге алтын дән себіледі, яғни көктемнің шуақты күндеріне бөленеміз дейтін. Ел-жұрттың көңілінде жаңа үміт пайда болып, ертеңгі күнге сенім нығаяды. Сол себептен халқымыз Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.

Осыған орай, Көлік және коммуникация колледжінде «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Колледждің кіреберіс залында бірнеше ақ дастархан жайылып, жайғастырылған этноауыл орналасты. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызған бұл жәрмеңке қонақтарымызды концерттік бағдарламаны тамашалауға шақырды. «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп ұлы Абайдың өлеңінде жырланғандай, көпшілікке «Көрісу» театрландырылған көрінісі ұсынылды.

Көрісу – Қазақстанның батыс өңірінде сақталып келген қазақтың ежелгі дәстүрі. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу күні» деп атайды. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаңдар бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күнінде бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көршілер бір-біріне, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді.Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс.

«Қырықтың бірі — Қыдыр», «Қыдыр ата қолдасын» демекші , Қыдыр атамыздың батасымен іс-шарамыз өрілді:

«…Қыран қанатты алтын күннің

шашағы болыңдар,

Істерің оңға бассын,

Жақсылық жарман ашсын!»

Қазақ үшін Қыдыр – әулие. Аңыздарда тақыр жердің өзі Қыдыр келгенде көктеп кеткендігі айтылады. Араб тілінен аударғанда «қыдыр» («хадар») «жасыл» деген мағынаны береді екен. Соған қарағанда, Қыдырды көктің (жасыл желектің) иесі деп те түсінуге болады. Аңыздарда тақыр жердің өзі Қыдыр келгенде көктеп кеткендігі айтылады. Қазақтың сенімінде Қыдыр ата Ұлыстың ұлы күнінде шаңыраққа қонақ болып келіп, ақ батасын береді.

Наурыз думанның шымылдығы колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлының құттықтау сөзімен жалғасты. «Ардақты әлеует! Елімізде соңғы 3 жылда наурыз айы «Алғыс айту» күнімен басталып, 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі, Көрісу күні сияқты ізгі дәстүрлі мерекелермен жалғасын тауып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, Әз Наурыздың, адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін, көнеден, келе жатқан ежелгі қасиетін, біз барлық, қазақстандықтардың бойына дарытып, оны, өміріміздің салтына айналдыруымыз керек. Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы» деп сөзін жалғай келе, Ұлыстың күнінде бірлік пен ынтымағымыз мызғымай, жыл ырысты болуын тіледі. Көктем мен ізгілік мерекесі ретінде Наурыздың Қазақстанның барлық азаматтарының достығы мен келісімінің жалпыұлттық салтанатына айналғанын атап өтті.

Жүргізушілер Наурыз-думанның қонақтарына тоқталды: Астана қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Мерғалиұлы Тасмағанбетов, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Байбосынов Жарас, Экономика, технология және тағам   өндірісін стандарттау колледжінің  директоры Ахметов Қайырғали Әкімбекұлы, Астана техника-экономикалық колледжінің оқытушысы Мұнсызбай Ахметов, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы Қасқатаева Нұрзила Ғалымжанқызы, сонымен қатар колледжіміздің зейнеткерлері қатысты. Ілтипат-тілек білдіру ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру Әдістемелік орталық директорының орынбасары, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызына берілді. Оразкүл Асанғазықызы Білім ордасында жасалып жатқан Наурыз мерекесінің осындай дүбірлі тойын ұйымдастыруда колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлына алғысын білдірді. Табиғатпен үйлесімді күн кешкен осынау мерекеде шаттық пен ырыс-молшылық төрден орын алғанына шексіз алғысын жеткізді.

Осындай шын ықыласын білдірген қонақтарында қатарында оқытушы Мұнсызбай Ахметов те болды. Мұнсызбай ағамыз, әдеттегіше, ақындық жыр-шашуын ала келген.

Орданың өркендеуі басшысында,

Мойымаған талай-сын ащысында.

Зұлфұхардай басшыға мың бір алғыс,

Жол тапқан нарық заман тапшысында.

 

Мұндай сәтте буырқанар сезім бойда,

Тілектер көп айтатын ұшқыр ойда.

Мұсылманның символы саналатын

Құтты болсын айтамын Наурыз тойға,- деп жиналған қауымды бір құттықтап қойды.

Іс-шараның келесі бөлімі Марапаттау рәсіміне ұласты. Колледждің Алғыс хаты оқытушылар Е.Б.Тарасоваға, Қ.Б.Махмутоваға, Г.М.Жаңабаеваға табысталды. Үздіктер қатарында: «Үздік безендіру» номинациясында — колледждің Әкімшілік шаруашылығы (I-орын), «Дастархан мәзірі» номинациясында — «РЭС, ОЭО,ТЭТР» бөлімі (бас жүлде) және де «Ең үздік ұлттық киім» аталымында — оқытушы А.Б.Бекенова жеңімпаз атанды.

Мерекелік іс-шара алаңға жиналған күміс көмей әншілер, құдіретті күйшілер, мың бұралған бишілермен толды.

Қонақ-кәде сыйлығын жасаған — колледждің түлегі Руслан Кадиров басқаратын «Ватан» лезгинка мектебінен тарту ретінде Кавказ халқының ұлттық биіне ыстық ықылас көрсетілді.

«Қазақстан дауысы» Батырхан Шукенов атындағы Республикалық ән байқауының гран-при жүлдегері Ербол Тәжібаев «Наурыз-Думан» әнін орындады. Сазды шырқалған әндер қатарында «Наурыз көктем»(орындаушысы — Л.Қ.Нығыметова), «Қазақтың дәстүрлері-ай» (орындаушысы –Ж.Б. Шаяхметова) және көрермендердің қалың қошеметіне бөленген әннің бірегейі «Астана вальсі» болды. Шебер орындаған оқытушы Лира Қасқырбаевна мен Қаратай Санжарға қол соғу толассыз болды. Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрболат Сейтмұратов «Кең далам» әнімен мерекелік залды әсем әуенге бөлеп, жиналған қауымды тамсандырды.

Наурызда ақ дастарқан басында туыс-туған, құда-жекжат, дос-жаран, көрші-қолаң бас қосып жатса қандай ғанибет! Өміріміздің мәні — бір-бірімізге мейірім шуағын төгіп, сыйласып ғұмыр кешу болса керек. Әз Наурыздың қалайтыны да осы.

                                                                               А.Е. Дюсекова

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.