Home » Ашық сабақтар » «Анаға қарап, қыз өсер» атты байқаудың әзірлемесі

«Анаға қарап, қыз өсер» атты байқаудың әзірлемесі

Боранова Мадина Боранқызы,
Павлодар облысы Екібастұз қаласы
С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, музыка пәнінің мұғалімі.

 

 

Өткізілу тәртібі

Байқау: 05.03.2019ж. Сағат 14.00-де мәжіліс залында өтеді.

Жүргізуші: Уахитова А.Б.

Сахнаны безендіруші: 5«А», 5«Б»,6«А»,6«Б» сыныптар

Музыкаға жауапты: Ақшамбаева Д. Ш.

Кезекші: 8«А» сынып

 

І. Мақсаты: Қазақ қыздарының анасының жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өсуіне, аналарынан үйренгенін көрсете білуге және өмірде қолдана білуге дағдыландыру. Санасына туған анасына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру. Ана тілін, дінін, оның тарихын, мәдениетін, өмірін, кәсібін қастерлеп, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларын меңгерте отырып, қазақ қызына тән қасиеттерге баулу.

Көрнекілігі: Сахнада нақыл сөздер, түрлі-түсті шарлар, қабырға газеті және интербелсенді тақта қолданылады.

ІІ. Шарттары:

  • Байқауға орта буын оқушылары 5-6 сыныптан 1 қыз бала анасымен қатысады.
  • Байқауға қатысатын оқушы мен анасының сахнада өзін-өзі ұстауына, жүріс-тұрысына, дауыс ырғағына тіл байлығына, біліміне, сыртқы бейнесіне, сахна мәдениетін білуіне, әртістік қабілеттеріне, ұлттық құндылықтарды насихаттай білуіне назар аударылып, бағаланады.

Барысы:

жүргізуші: Көктемнің шуақты күндерімен сабақтаса келетін бұл мейрамды тойламайтын халық жоқ. Бәріміз де ананың ақ сүтімен нәр алып, өсіп-өніп келеміз. Күллі дүние абзал да асыл жандардың алдында бас иеді. Құрметтесек – ананы құрметтейік дегендей, мереке қарсаңында біз аяулы аналарымыздың басын қосып отырмыз. Жылына бір келетін мерекеде еңбектерін бағалап, сый-құрмет көрсету біздер үшін қуаныш әрі парыз.

«Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» демекші, әрқашанда аман жүріңіздер, аяулы жандар. Ана. Үш-ақ әріптен құралған «Ана» сөзінің астарында үлкен мән жатқанын кез келген саналы азаматтың ұғынары сөзсіз. Тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің кәусар бұлағы – Анадан артық қасиетті, киелі ештеңе жоқ. Әлемге әйгілі ақын-жазушылар мен ғұламалардың Ана жайлы тебіреніп, жазып қалдырған асыл сөздері қаншама… Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ. Сондықтан да халық даналығында ананы ардақтайтын, ананы дәріптейтін не бір асыл маржандары кездеседі. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын, қызыл гүлдің солмауын тілейтін өз перзентін асылым мен алтыным, жасыл желек жарқыным, аспандағы жұлдызым, маңдайдағы құндызым деп, аман болсын бастары, ұзақ болсын жастары деп күні-түні, өмір бойы перзентінің тілегін тілейді. Керек десең жанын да беруге әзір тұрады. Не деген құдіретті мейірім десеңізші… Ару. Ана. Бүкіл әлемнің әдемілігі, бар тіршіліктің мәні осы екі ұғыммен өзектесе жатады екен. Ару деген сөз, арлылық, адалдық, асқақтық атты қасиеттермен қабысып жатса, ана сөзінің аясында асыл, аяулы, ардақты, құдіретті сезімдері тоғысары ақиқат. Қыздарға арнап жыр жазбаған ақын жоқ, ән шығармаған сазгер жоқ. Қызыл гүл, қарақат көз, қиғаш қас, алма мойын бұлардың барлығы біздің әсем қыздарымызға айтылған теңеулер.

Ендеше осы байқауға қатысатын қыздарымызды аналарымен ортаға шақырайық.

1.Қуантады білімімен Дильназ қыз.

Қол соғып анасы Ардақ Калемхан қызын қарсы аламыз.

Білімің серік болсын талабыңа

Бүгінгі қабыл болып тілегіміз.

2.Сабырлы әрі салмақты,

Динара біздің ардақты,

Қияға қиялменен қарыштайды

Өнерін анасы Дина Батьхан апай бағыштайды.

3.Қазақтың қызы ғой ол елін сүйген,

Бойына әдептілік нәрін түйген

Анасы Мадина Тлепбергенқызы әрқашанда сыйлап өтер

Ақбота қыз орындалсын басты арманың.

4.Мәпелейді, әлдилейді, бағады

Салтанат деп құшағына алады

Өзгеге де, өзіне де жауапты

Барлығына Самал Мұхтанқызы қалай уақыт табады?

Жүргізуші:

Ұлтымыздың салт-дәстүрін қадірлейік,

Жастарды имандылыққа әзірлейік.

Тәрбие мен білімді тең игерген,

Болашағы қазақтың деп тілейік.

Бүгінгі сайысқа 5-6 сыныптардың ару қыздарымызбен бірге он саусағынан өнер тамған, сұлу әрі қадірлі аналарымыз қатысып отыр. Қыздарымыз бен аналарымызға қошемет көрсетейік.

Байқау 5 бөлімнен тұрады:

 І бөлім: «Анамнан үлгі аламын».

Бұл бөлімде байқауға қатысушылар өздерін таныстырады.

 /2 минут уақыт беріледі./

ІІ бөлім: «Кәдеге жарар кеңестер».

Бұл бөлімде аналар өз тәжірибелерінен күнделікті өмірде қолдануға пайдалы кеңестер айтады.

/2 минут уақыт беріледі./

ІІІ бөлім: «Өнерлінің өрісі – кең».

Байқауға қатысушы анасымен бірге бір өнер көрсетеді.

/3 минут уақыт беріледі./

ІV бөлім: Ұлттық нақышта жаңаша киім үлгісі  «Сән салтанаты».

Анасы мен қызы қазіргі жаңа үлгідегі киім мен ұлттық әшекейлерді қолдана отырып, көктем мезгілінде киетін үлгісін көрсету керек.

/2 минут уақыт беріледі./

Байқауды бастар алдында қазылар алқасымен таныстырып өтейін.

1.Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары      Боранова М.Б

2.Мектеп психологы                                                       Ханафия М.

3.Мектептің «Қамқоршылық қорының» есепшісі       Алешкина Б.М

І бөлім: Таныстыру «Анамнан үлгі аламын».

Жүргізуші:

Өнер қуып арулар өтер дейміз,

Бір басына өнері жетер дейміз.

Сайысқа келген арулар кезектесіп,

Таныстырып өздерін өтсе дейміз.

ІІ бөлім: Өз тәжірибесімен алмасу «Анамның пайдалы кеңесі».

Музыкалық үзіліс

5 «А» сыныбы   Ән «Ана туралы жыр»

5 «Б» сыныбы  Би «Келіншек»

ІІІ бөлім: Өнер сайысы «Өнерлінің өрісі – кең».

Дауысың қандай сырлы еді,

Табиғатты тыңдатқан.

Көркің қандай нұрлы еді,

Таң шолпанмен астасқан.

Өнеріңді қане бүгін көрсетші,

Мына жұртқа қошеметпен қол соққан, — дей отырып аруларды өз өнерлерін көрсетуге шақырамыз. /Өнерлерін кезектесіп көрсетеді/

Жүргізуші: Жаңғырғаны сананың

Ұмытады мұны кім?

Ата – салтын бабамның

Алып келді осы күн.

Жүргізуші:

Сымбатына сән киім жарасатын,

Аспандағы айменен таласатын.

Сымбат-сәні келіскен ару-қызға

Әрдайым жұрт сүйсініп қарасатын.

V бөлім: Ұлттық нақышта жаңаша киім үлгісі «Сән салтанаты».

                        / Кезекпен киім үлгісін көрсетеді/

Қазылар алқасының шешімі шыққанша музыкалық үзіліс

5 «А» сыныбы Күй «Еркесылқым»

5 «Б» сыныбы Ән «Анашым»

6 «А» сыныбы Мәнерлеп өлең оқу. М.Мақатаев «Ана сен қартаймашы…»

6 «Б» сыныбы Би «Мереке»

Әділ қазыларға сөз кезегін бере отырып, сахнаға байқауға қатысқан қыздарымызды аналарымен шақырамыз

                               /Марапаттау рәсімі жүргізіледі/

Жүргізуші:

Ана десем, сезім билер тым ыстық,

Жарасымды адамдарға туыстық.

Бар адамға берсе ананың мейірін,

Орнар еді бар әлемге тыныштық.

Ана десем, шешек атып жанары,

Өмірімнің бастау алар жаңа әні.

Ана деген тіршілікте пана боп,

Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.

Аналар мерекесі құтты болсын,

Аналарымыз аман, бейбітшілік заман болсын!

Хош, сау болыңыздар!

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.