Home » Жаңалықтар » Дияр Туленов Азия олимпиадасында қола медаль иеленді

Дияр Туленов Азия олимпиадасында қола медаль иеленді

Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Дияр Туленов Австралия елінде Аделаида қаласында 5-13 мамыр күндері физикадан өткен ХХ Азия олимпиадасына қатысып, қола медаль жеңіп алды.

Олимпиадаға Бангладеш, Камбоджа, Қытай, Индия, Индонезия, Израиль, Малайзия, Моңғолия, Пәкістан, Румыния, Ресей, Сингапур, Шри-Ланка, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Түркия, Тайланд, Тайвань, Вьетнам сияқты әлемнің 22 елінен физиктер қатысты. Физикадан Азия олимпиадасы — Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің оқушылары арасында физикадан жыл сайынғы бірегей зияткерлік жарыс. Олимпиада 2000 жылдан бері 19 жыл бойы өткізіліп келеді.  Білім додасының қорытындысы бойынша еліміздің 8 оқушыдан  құралған құрама команда 3 қола медальды жеңіп алған болатын.

Бүгінгі таңда Диярда үш университеттің гранты қолында. Бұл — Ресейдің жоғары экономика мектебі, Назарбаев Университеті және Қазақ-Британ университеті. Оған қоса, 2018 жылдың желтоқсанында Дияр еліміздегі ең мықты 8 физиктің қатарына енген болатын. 7 сыныптан бастап физика пәнінен ұстазы Назымгүл Кәрімова дайындап келеді.

—  Өткен жылы Дияр аталмыш білім додасында Құрмет грамотасын алған еді, ал осы жолы қола медалін қанжығасына байлап отыр.  Жалпы бұл керемет көрсеткіш, себебі 22 елдің ең мықты физиктері арасында көрсеткен жетістігіне мен өте ризамын. Бұл жылдар бойы табанды айналысып, физикаға деген ерекше қызығушылығы мен мақсатқа деген нық сенімінің арқасы дер едім, — дейді ұстазы Назымгүл Кәрімова.

— Физикадан Олимпиада мен үшін өзін-өзі дамытудың тәсілі және менің болашақ мамандығым. Болашақта физика саласының ғалымы болуды жоспарлап отырмын, — дейді Дияр. Атап өтейік, 27 сәуір күні Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келген кезде Дияр Түленовке болашақта Нобель сыйлығының иегері атануын тілеген болатын.

 

Павлодар қ. химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.