Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгіні, болашағы. Ана тіліміз — дархан даламыздай өте бай тіл. «Сүйемін туған тілді – анам тілін. Жөргекте жатқанымда — ақ берген білім» -деп Сұлтанмахмұт Торайғыров бекер жырламаған. Ана тілі ананың ақ сүтімен, ананың әлдиімен, бесік жырымен құлаққа сіңіп, бойға дариды. Ана тілі деп аталуының өзі де сондықтан болса керек деп ойлаймын. Әйгілі ақынымыздың:
«Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл, —
Өз тіліңді құрметте!» — деген тамаша өлеңін білмейтін қазақ баласы жоқ шығар деп ойлаймын. Ана тілінің қадір-қасиетін сезініп өскен ұрпақтың елінің болашағы жолында ат салысатын саналы адам болып шығатынына мен сенемін. Өзім де осы жолдан табыла білемін деп ойлаймын.
Менің ана тілім – қазақ тілі. Мен осынау ғажайып сырға толы ана тілімде сөйлей алатыныма, осы тілмен өмір бойы білім алып, ана тілімде өз ойымды жеткізе алатыныма қуанамын.
Ана тілін білмеген —
Ақысы жоқ желікбас.
Ана тілін сүймеген –
Халқын сүйіп жарытпас – дегендей, ана тіліне жаны ашымаған адам өз Отанын жаудан да қорғамайды деп ойлаймын.
Қазақ халқы барда қасиетті қазақ тілі өлмейді деп ойлаймын. Ақиық ақын Мұқағалиша айтар болсақ:
«Ал екінші бақытым – тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім!»
Ержанқызы Бақнұр
Жамбыл атындағы
№5 мектеп-гимназиясының
5 «в» сынып оқушысы