Home » Мақалалар » Алқалы топтың қалаулысы

Алқалы топтың қалаулысы

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз жаңғыру жолында  бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» — деп айтылған болатын.

Бұл мақаланың жазылуына  ұлағатты ұстаз, айтулы асылдарымыздың мәдени мұраларын жинақтаудан жалықпаған Малаев Өмірбай Сармағанбетұлының  өнегеге толы өмірі мен шығармашылығы  түрткі болып отыр. Ол кісінің әртүрлі тақырыптағы әңгімелері, тарихи шығармалары, өлең-жырлары, жазылып алынған күйлері яғни төл шығармалары жинақталған қолжазбалардың сақталуы жас ұрпақтың тәрбиесіне өзіндік үлес қосары анық.

 

Өмірбай  Сармағанбетұлы   Малаев 1924  жылы   10 –ы күні Маңғыстау аймағының Аққуыс  жерінде дүниеге келген. Маңғыстаудағы дүрбелең кезеңде әкесі Сармағанбет кеңес өкіметінің шолақ белсенділерінің қолынан қаза тауып, ол үш жасында анасының қамқорлығында қалады. Осындай жағдайлардын себебінен тегін өзгертіп, елмен бірге 1929 жылы ығысқаннан көшіп отырып, 1931 жылы Түрікменстан Республикасы Ташауыз облысының Ленин ауданына барып қоныс тебеді. Осы жерде орта мектепті қазақша тәмамдағасын, оны екі айлық мұғалімдер дайындайтын курсқа жібереді.
Осыдан бастап мұғалімдік өмір жолы басталады.Жұмыс жасай жүріп, ол сырттай Ташауыз, Чарджау педагогикалық институттарын химия, биология, география мамандықтары бойынша бітіріп шығады. 1976жылға дейін Ленин атындағы кеңшарда орналасқан С.Сейфуллин атындағы орта мектепте басшылық жұмыстарда болады.

1976 жылы Маңғыстау облысына көшіп келіп, Манғыстау станциясына қоныстанады.Осы елді мекенде орналасқан мектепте 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін мұғалімдік қызметін жалғастырып жұмыс істейді.Ұзақ жылғы еңбегі үшін көптеген Құрмет грамоталарымен, медальдармен және оқу ісінің үздігі белгісімен марапатталады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Парасат қоғамының белсенді мүшесі ретінде Маңғыстау облысында болып жатқан саяси оқиғалардың бел ортасында болып көптеген саяси мәні бар мәселелердің оң шешілуіне ықпалын тигізеді.

Өмірінің соңында ол ата-баба мұрасын жинаумен айналысқан. Ауыл ақсақалдарының айтуынша Өмірбай ата көрген- білгенін үлкен-кішіге жеткізуге асығатын, өз қуанышына өзгелерді ортақтастыруға ұмтылатын ақкөңіл де ақжарқын, сауықшыл да өнерпаз жан екен. Жоғарыда айтқандай қазақтың қара домбырасын қастерлеп, атақты күйшілердің шығармаларын орындаумен шектелмей, өзіде күй шығарып, көпшілік ортасында орындап отырған. Солардың ішінде «Жастық шақ», «Қырдың басы», «Өттің-кеттің дүние» атты күйлері өзіндік орындау мәнерімен, сырлы сазымен тыңдаушыларын баурап алады.Осындай өлең жырға, әңгіме- шежіреге құмар ол есімі баршамызға аян Қашаған мен Аралбай ақынның, Кердері Әбубәкірдің, Мәтжан бидің және басқада айтулы асылдарымыздың мәдени мұраларын жинақтаудан жалықпаған. Соның ішінде қолжазбаларын қарай отырып, менің байқағаным өнерлі ұлы бабаларымыздың бірі-Мәтжан бидің мұрасын жинауда алдына жан салмаған. Балаларының айтуынша Мәтжан би туралы мағұлмат жинаушы ғалымдардың біразы, Алматыдан, Атыраудан, Оралдан келіп Қызылтөбедегі атамның үйіне ат басын тіреп жататыны осыны қуаттайтын сияқты.Тағы бір дәлел 2003 жылы Алматы баспасынан атамның Мәтжан би туралы ел аузынан естіген әңгімелерінің жинақтары жарық көрді. Қазір баласының қолында бірнеше қалың дәптерден тұратын төл шығармалары сақталған. Солардың ішінде «Маңғыстау толғауы», «Адайдың Маңғыстауға қоныстануы», «Сүйінқара» сияқты поэмаларын, «Домбыра», «Өмір» атты лирикалық жырларын және «Наурыз», «Көктем», «Ой-қиял», «Заманай», «Репрессия» атты өлеңдерін оқырман қауымға ой салатын туындылар қатарына жатқызуға болады. Тарихшы ретінде жаныма жақын «Репрессия» өлеңін көпшілікке ұсынуды жөн көрдім.

Репрессия

Білімнің биік шыңына,

Шығу еді арманым.

Кезіктім өмір мұңына,

Тістеуде өтті бармағым.

Күнәсіз мойынға түсірдік,

Репрессияның қармағын.

Күнделік жеп жатырмыз,

Соққының ауыр салмағын.

Қош аман бол халқым-ай,

Мүмкін емес сау болып

Елге аман бармағым.

Мақаламды «Мәтжан би» жинағында жарық көрген Тәжіназар Шадықұловтың Өмірбай ата туралы жазған ой-пікірімен аяқтағалы отырмын: «Өмекең-көкірегі өлең жырға,әріден қозғар шежіреге тұнып тұрған ардақты ақсақал.Ол туындыларын тыңдаушыларына әдемі де, ұтымды жеткізеді.Көсіле сөйлейді, шалқып-төгіліп жырлапта кетеді. Былайша айтқанда алқалы топтың қалаулысы».

Тәжіғалиева Райхан Тұрғанбайқызы
Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінің
тарих пәні оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.