Home » Жас қалам » АЛҒЫС АЙТА БІЛЕСІҢ БЕ?

АЛҒЫС АЙТА БІЛЕСІҢ БЕ?

Біз – жұмыр жердің айналасында тіршілік етіп жүрген жандармыз. Қуану, қайғыру,  құлау, қайта тұру, ренжу және кешіру, қызғану, көкіректі керу, қорлау мен қорғау – бұл қасиеттердің барлығы жер бетіндегі ең саналы тіршілік иелеріне тән қасиеттер. Кейде тағдырымызға налып, барлық маңдай терімізбен жинаған абырой мен жетістіктерімізді тереңге тастап жібергіміз келеді. Осының бәрі не үшін? Кім үшін? деген күй кешеміз. Оның барлығы жұмыстан шаршап не болмаса жалыққандықтан емес, қасыңда жүрген өзге адамдардың сен жетістікке жеткендегі іш тарлығынан орын алады. Өзінің қолынан келмесе, сені барынша жекіп, сенің қаншама еңбегіңді, жігеріңді бір-ақ сәтте құм етуге бар. Сен бір нәрсені бәрі сияқты емес, басқаша, өз қалауыңша жасасаң, сені таспен атып, саусағымен шошайтып көрсетуге бар. Өзіңше жасасаң — өзімшілсің, ықтарына жығылсаң – түкке тұрғысыз бишарасың.

Ал, біреудің арқасында жетістікке жетіп, адамдардың арасында кішкене абырой жинаса, мұрнын көкке көтеретін надандар туралы не дерсің? Оларды  Абайша «бас-басына  би болған өңкей қиқым» дер едік. Көкірегін ұрып, жұрттың нақақ жасымен жинаған байлығын мақтан, дәреже етіп айтып отырады. Ондай адамдар – арам тамақтар. Олай дейтінім, егер адам күн демей, түн демей еңбек етіп, терін төксе, ол басқа адамдардың да еңбегін бағалайды.

Алайда, мен ондай адамдарды кінәлаудан да аулақпын. Тек мен оларға барлығымыз мына өлшеулі, ешкінің құйрығындай бір тұтам жалған өмірде қонақ екенімізді, сондықтан біз жаратқанға әр күніміз үшін, деніміздің саулығы, киіміміздің бүтіндігі, тамағымыздың тоқтығы үшін алғыс айта білуіміз қажет екендігін түсіндіргім келеді. Менің кей достарым шетелді көргім келеді, анау сияқты киінгім келеді, мынадай телефоным болса ғой, — деген арзан армандарын айтады. Ал, мен мына күннің көзін көргеніме, ата-анамның, бауырларымның әрдайым қасымда болғанына, денімнің саулығына күн сайын Аллаға мың шүкіршілік айтамын.

Кез-келген адамды өсіретін де, өшіретін де-сөз екені хақ. Мына біз өмір сүріп жүрген ғаламшарда барлық тіршілік иелеріне жетерлік ауа, қорек, су, байлық  бар. Онда несіне соншама тартысамыз? Өзгенікіне жармасамыз? Осы өмірде зор табысқа кенелу үшін бар болғаны аянбай еңбек ету мен қанағат ету ғана керек емес пе?

Мен осы әлемнің жарқын, мейірімділікке толы, жақсылыққа жаны құмар, көздерінде нұры төгіліп жүретін бақытты пенделерді көргім келеді.

Иә, шын, мына қарбалас  өмірдің арасында бір-бірімізге алғыс айтып, жүректен шыққан жылы сөздер айтуды ұмытып  немесе өз жақындарымызға оларды жақсы көретінімізді айтуға көбіне ұяламыз. Осы орйда, елімізде  2 жыл аталып өтейін деп жатқан 1 наурыз алғыс айту күні – барша адамдарға өз сезімдерін білдіруге зор мүмкіндік беретін, барлық адамның жүзіне күлкі ұялататын ең жылы, мейірімді мейрам. Және мұндай мейрамды осындай күнде атап өту тегін емес деп ойлаймын. Себебі, көктемнің алғашқы жайма шуақ күнінде  барымыз үшін тәңірге тәубе етуіміз, өз жақындарымызға, бізді қоршайтын барлық ортаға алғыс айтуымыз, 22 наурызда келетін жаңа жылдың алдында әр адамның өз ісіне есеп беріп, өткенге алғыс айту күні іспеттес.

Ал мен өз кезегімде, тағы бір рет мені денім сау етіп жаратқан Алла тағалаға, мені туып-өсірген ата-анама, мені қылықтарымен үнемі қуантып жүретін бауырларыма және менің өмірімде ұзақ болсын, қысқа уақыт болсын орын алатын адамдарға алғысым шексіз.

№19 орта мектебінің 8 «Ә» сынып оқушысы
Мурзабаева Гульназ
Жетекшісі: Идрисова Айнур Тагамуратовна
Рудный қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.