Бүгін еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиындар ұйымдастырылды. Бұл күн білім ұялары жазғы демалыстан келген бүлдіршіндерге есіктерін айқара ашып қуанышпен қарсы алатын күн. Осы күні Қостанай қаласындағы М.Хәкімжанова атындағы №20 орта мектебінде де алғашқы қоңырау соғылып, «Мен –өз елімнің патриотымын» тақырыбында Білім күніне арналған салтанатты жиын болды. Үш ай демалыстан кейін мектеп іші оқушыларға толып ерекше көңіл-күй сыйлап тұрды.
Қалай десек те бүгінгі шараның құрметті қонақтары әрине оқушылар болды. Таң ата ерте тұрып, таза киімдерін киіп, қолдарына гүл шоқтарын алып ұстаздарымен қауышты. Бірінші сынып жетекшілері: Жаркимбаева Женискуль Куанышбаевна, Айгужина Гүлбану Кадирхановна,Сапабек Жаннур Сәрсенғалиқызы.
Қала әкімдігінің құрылыс бөлімі бастығының міндетін атқарушы Данильчук Тамара Николаевна келіп алғаш мектеп табалдырығын аттаған мектеп оқушыларын құттықтап, Елбасы Н.Ә.Назарбаев сыйлаған кітаптарды табыс етті.
Ән салынып, би биленіп, ата-аналар тарапынан Урустембаев Тулеубай ата сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге жылы лебізін білдірді.
Бүгінгі жиынымыздың ең толқулы ғажайып сәті енді басталғандай. Күміс қоңырау – оқушылық өмірдің белгісіндей боп жаңғырмақ. Алғашқы қоңырау соғу құрметі жас бүлдіршін 1 сынып оқушысы Сайлаубек Нұржігіт және қалалық олимпиадалардың жеңімпазы 11 сынып түлегі Жарасова Сандуғашқа беріледі. Болашағынан үміт күттірген сәби көңіл бала Сайлаубек Нұржігіт пен Жарасова Сандуғаш алғашқы қоңыраудың сыңғырлаған үнін сыңғырлата соғып шықты.
Гүлзат Нұрланқызы