Дүние есігін ашқан әр бала отбасындағы махаббатқа толы жылулық құшағында өссе де, білім мен тәрбиені беретін бақыт мекені балабақшаның алар орыны бөлек. Бүгінде жаңашылдықпен заманауилықты ұштастыра отырып, болашақ елдің атқа мінер ұл-қыздарын жеке тұлға етіп тәрбиелеуде өзіндік үлестерін қосып келе жатқан балабақша тәрбиешілерінің жауапкершілік жүгі басым.
Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, өз ойларын ашық жеткізе алатын ұрпақ тәрбиелеу жолында бүлдіршіндердің екінші үйіне айналған білім ордаларының бірі — Астана қаласындағы №51 «Алтын сандық» балабақшасы.
2010 жылы қолданысқа берілген мекемеде үнемі білімдерін жетілдіріп, өмірлік тәжірибелері арқылы жас ұрпаққа үлгі болар тәжірибелі педагогтардан құралған ұжым 11 топтағы 300-ден аса бүлдіршінге тағылым-тәрбие нұрын себуде.
22 қаңтар күні аталмыш білім ордасында «Мектеп жасына дейінгі балалардың интеллектуалдық қабілетінің дамуында зерттеу әрекетінің маңызы» тақырыбында кластер бойынша қалалық семинар өтті.
Балалардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытуда зерттеу әрекетін қолдану бағытында педагогтардың іс-тәжірибелерімен бөлісу, педагогтардың кәсіби шеберлігін шыңдауда ғалымдар мен мамандардың кеңесін тыңдай отырып, балалардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытуда тың бағыттарды айқындауды мақсат еткен семинарға жетекші және серіктес балабақшалардың меңгерушілері, әдіскерлері мен тәрбиешілері қатысты.
Қос балабақшаның тізгінін ұстаған білікті маман Гүлбақыт Оңғарбайқызы Жүсіпова білім ордасының өсіп өркендеуі жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан іскер басшы.
Ең бастысы балабақша ұжымы тәжірибелі педаготардан құралған. Жұмысы жүйелі, алған қойған мақсаттары айқын. Балабақша оқу-тәрбие іс-әрекетін, мемлекеттік құжат Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы», «Тәй – тәй» технологиясы және «Өзін – өзі тану» бағдарламалары арқылы жүзеге асыруда.
Ең бір көңілге қонымды тұсы соңғы жылдары эксперименттік алаңға айналған балабақша педагогтары ғылыми жетекшісі педагогика ғылымдарының кандидаты Ақжарқын Баделқызымен бірлесе кіші, ортаңғы, ересек топ тәрбиеленушілерін қатыстырып түрлі зерттеу түрлерін жүргізіп келеді.
Семинарда баяндама жасаған ғылыми жетекші Ақжарқын Баделқызы атқарып жатқан зерттеу жетістіктерінің бірі-баланың затпен, материалдармен тікелей қарым-қатынасы деді. Оған қоса бала қызығушылығын туғызудың бірден-бір жолы саналатын зерттеу жұмыстары, ойлау қабілетін арттыруға, өзі білсем деп еңбектенуге жетелейтіндігін, топпен жұмыс жасау арқылы өз құрдастарымен, үлкендермен қарым-қатынас жасауды үйреніп, алдына мақсат қоюға дағдылануға пайдасы бар екендігін айтты. Оған қоса бала өзін-өзі тексеру, бағалауды үйрену арқылы өз қателігін білуге талпынуы да осы жұмыстың нәтижесі екендігін жеткізді.
Шын мәнінде қоршаған ортаны өзі тануға ұмтылған, әртүрлі заттармен тәжірибе жасау сынды білуге деген құштарлығы басым балалар тәрбиешілерімен бірге үлкендер алдында өздерінің жұмыстарын еркін көрсете білді. «Жұлдыз» ересектер тобының тәрбиешісі Айғаным Әлиасқарқызы Жұматаеваның «Біз кішкентай зерттеушілерміз», мектепалды даярлық «Балдәурен» тобының тәрбиешісі Рауан Сапарбекқызы Сыдықова «Ойнайық та, ойланайық», Салтанат Нұрланқызы Есеналиева «Зерттеу жүргізу сыры» тақырыптарындағы жұмыстарын тәрбиеленушілермен бірлесе көрсетті.
Балалардағы еркіндіктен- өздеріне қызықты мәліметтерді тәрбиешілерімен бірге тәжірибе жасауға дағдыланғандары байқалды. Семинарға қатысушылармен бірлесе ұйымдастырылған «Ғажайыптар алаңы» атты интелектуалдық ойын ұйымдастырған әдіскер Қарлығаш Насырқызы мен тәрбиеші Айман Жолдасова, Л. Қажығалиева пікір алмасумен ынтымақтастықтың ортасына айналған семинардың өз дәрежесінде өтуіне ықпал ете білген білікті мамандар.
Өткен жылы жоғарыда аты аталған мамандар «Жас бүлдіршіндер зертханасы» атты балалардың танымдық қабілеттерін зерттеу әрекеті арқылы дамытуға арналған әдістемелік құрал шығарған. Оған кеңесшілік жасаған ұзық жылдар осы салада қызмет етіп құрметті еңбек демалысына шыққан бұрынғы меңгерушілері Назгүл Әбдірәсілқызы. Өз тәжірибелерін әріптестерімен бөлісуге арнаған басылымда зерттеу жұмыстары бойынша оқу қызметтеріне арналған перспективтік жоспардың үлгілері, зерттеу әрекетін жүргізу барысы үлгі ретінде көрсетілген. Бұл да 10 жылға жуық жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі педагогтардың нәтижелі жұмысының жемісі деуге болады. Дәл осы семинар күні қуаныштарын атап өткен балабақша қонақтарына тағы бір жетістіктерін паш етті.
Ол- “Жеті ойыншық” кабинетінің ресми ашылу салтанаты. “Жеті ойыншық” тауарлық белгісі бойынша дайындалған ұлттық нақыштағы ойыншықтарды зерттеу әрекетіне қолдану мақсатында ашылған кабинет толықтай жабдықталған. Оған қоса интеллектум кабинетінің ашылуы да балабақша жетісті.
Болашақ елдің ұландарын тәрбиелеудей ауыр жүркі арқалап жүрген педагогтардың үнемі ізденісте жүретіндіктері атқарған әр жұмыстарынан көрініп тұрды. Әдіскерлікке дейін талай қызмет баспалдағынан өтіп, осы білім ошағында 10 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан білімді де білікті маман Қарлығаш Насырқызы Мақсұтованың айрандай ұйыған ұжымға бағыт-бағдар беріп отырғаны алған марапаттарымен Алғыс хаттар тізбесінен көрініп тұрды.
Ұжымдағы Бақыт Атымтайқызы Қалтаева, Лаура Салахиятқызы Қажғалиева, Жардемхан Рахымқызы Бакина, Салтанат Нұрланқызы Есеналиева, Наширова Сымбат Марсқызы да әртүрлі марапаттарға ие болса, балабақша тәрбиеленушілері республикалық «Үркер», «Күзгі бейне», «Жол қауіпсіздігі» атты көркем сурет байқауында, қалалық «Ғажайып күз», «Тәуелсіз елдің ұланымыз!» «Брейн – ринг», «Қар сиқыры» «Бал бала», «Жұлдызды жол» интеллектуалдық олимпиадасына қатысып үнемі жүлделі орындардан көрініп келеді.
Тәлім мен тәрбиені ғана емес, өнерді де жанына серік еткен ұжымның қазақтың халық әндерінен орындаған папурилары тіптен керемет. Жүректері ізгілікке толы әр балаға сүйіспеншілікпен қарай білетін осындай тәрбиелі тәрбиешілерімізден білім алған қай қазақтың баласы да жаман болмасы анық. Бірлігі жарасқан ұжымның әр басқан қадамдарына сәттілік, алға қойған мақсаттарына тек табыс тілейміз.
Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы», Астана қаласы.