Home » Назарбаев Зияткерлік мектептері (Назарбаев Интеллектуальные школы) » АЛТЫН, КҮМІС, ҚОЛА ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЗИЯТКЕРЛЕРДІҢ ҚОРЖЫНЫНДА

АЛТЫН, КҮМІС, ҚОЛА ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЗИЯТКЕРЛЕРДІҢ ҚОРЖЫНЫНДА

25-30 наурыз аралығында Сыр өңірінде өткен қоғамдық-гуманитралық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары үш жүлделі орынды иемденді.

10-сынып оқушысы Гүлдана Сәбитова олимпиадада «Қазақ тілі және әдебиеті» секциясында еліміздің 47 үздік оқушысымен бақ сынасып,  жеңіс тұғырынан көрінді.

«Бірінші кезеңде Жастар жылы аясы тақырыбында шығарма жаздық. Екінші күні грамматикалық, лексикалық тапсырмаларды орындап, морфологиялық талдау жүргіздік.  Биылғы жылдың ерекшелігі, алғаш рет қатысушылардың айтылым дағдылары бағаланды. Жетекшіммен тынбай еңбек  еткеніміздің арқасында олимпиадада  жоғары балл жинап, жеңіске жеттім», – деді өз сөзінде Гүлдана.

Зияткерлік сайыстың күміс медалін иеленген 11-сынып оқушысы Камилла Ким, орыс сыныбындағы қазақ тілі секциясында білімін шыңдады.

Ал 11-сынып оқушысы Әйгерім Сүйіндік «Құқық негіздері» пәні бойынша мықты екенін көрсетіп, қола медальмен қызылордалық өрендердің қоржынын толықтырды.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткізілген республикалық додаға барлығы 640-тан астам оқушы қатысты.  «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының  басты білім бәйгесінде Назарбаев Зияткерлік мектептер желісінің барлық филиалдарынан 64 үздік оқушы сынға түсті.

Сайыс қорытындысы бойынша NIS командасы 3 бірінші орын, 9 екінші орын және 20 үшінші орынды жеңіп алып, олимпиада тұғырының үшінші сатысынан көрінді.

Рыбина Елена Владимировна

Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз-хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.