Home » Балабақша » Алматы сыйлаған «Алматы» білім ордасы

Алматы сыйлаған «Алматы» білім ордасы

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына өзге облыстардан бөлек көркіне көз тоймайтын әлеуметтік нысан бүлдіршіндер ордасын салып берген Алматы қаласының құрметіне кезекті балабақшамыз№95 «Алматы» балабақшасы деп аталыпты.
Қанша сәбиге күлкі сыйлаған Алматылықтар бұл балабақшаға арайлы Алматының жылуын қоса әкеліп, сыртын баққа, ал ішін бүгінде 12 топқа бөлінген 300 астам балапандардың жылы ұясына айналдырды.
Астана қаласының бірқатар мектепке дейінгі білім ошақтарында болып, атқарылып жатқан қанша игі жұмыстарды жазып келе жатсақта бүгінгі білім ошағының орны бөлек.
Өзге шаңырақтарға қарағанда бір қадам алда тұрған жарық да жайлы заман талабына сай барлық жағдайы жасалған білім ошағы жұмысын бастағанына екі ай ғана болса да іскер басшы, білікті педагогтар ұжымымен жасақталып мені көрдің бе? деген «жарық жұлдыздай» жарқырайды.
Педагогика саласында 20 жылға жуық еңбек өтілі бар оның ішінде өзі басшылық жасаған өзге балабақшалардың жетістіктері жайлы әріптестері қызығада, қызғана айтатын Смакова Анар Долдабекқызының осындай балабақшаға басшы болып сайлануы да «Өзгеден оза шауып бәйге алған жүйріктің» қанжығалаған сыйындай….
Кластер бағыты бойынша «Асыл қазына- денсаулық» тақырыбында жетекші  № 7 «Аққу» балабақшасына серіктес болған балабақша ұжымы екі ай ғана жұмыс жасаса да  қалалық семинар өткізуге жүрексінбеді.
«ALMATY-eco life» деп семинар тақырыбын алған педагогтар ұжымы сізбен біз таңқалып, алақан соғып құрмет көрсетердей іріктелген білікті мамандар.
Сол үшін де жұмысын жаңа бастаған жас орданың іргесі мығым, басшысы іскер, мақсаты айқын, жұмысы жүйелі.
Осы бағытта өткен талай семинарда тәрбиешілерімен бірге қалмай қатысып, тіпті шеберлік шыңдау орталарында белсенділік көрсетіп жүрген  аталмыш балабақшаның әдіскері Гүлдана Тоқтасынқызының ұйымдастыруышылық қабілеті ой түйе жүріп, таңқалдырарлық нәтиже көрсету.
Бір-бірін қайталамауға тырысатын әр ұжымның ортасында бәсеке туғызған кластерлік жұмыс шын мәнінде білім ордаларының талпынысын туындатып, ізденіске бастар жол сияқты көрінеді.
Иә, ақпан айының 21 жұлдызына жоспарланған шара есіктен кіргеннен есте қалар, тамаша безендірумен берілген бағдарламасымен адамды енді не көрем деген қызығушылыққа жетеледі.
Жапон ұлтының киіміндегі балабақша психологы Құрманова Айжан Жанатқызының «Ай-Ки-До» деп аталған танысу мен шабыттануға, тыныштық пен сенімділікке өмірге деген сүйіспеншілікке жетелейтін рухани сергіту сәті есте қалды.
«Салауатты өмір-көтеріңкі көңіл» деген тақырыпта басталған сайысқа өзге балабақшалардан келген тәрбиешілер үш топқа бөлініп қатысты. Арнайы түрлі-түсті жейделер дайындап бірінші бөлімді «Хедхантинг» миға шабуыл деп алған сайыста үш топ өздеріне атау және ұран дайындады. «Эко-квест» қайта жаңару бөлімінде экология зиянды қалдықтарды тастай отырып, оның ішінде қайта өндеуге келетін дүниелермен 2019 жылға арналған ең үздік сән үлгілерін жасаған тәрбиешілердің шеберлігі қалдықтың да қажетке жарайтынын көрсетті. «Инсайд» жағдаяттан шығу жолы деп аталған бөлімде балаға байланысты түсіністікпен қарайтын және түсіндіруді қажет ететін жағдайларға педагогтар өзінше жауап іздеді. «Муд фуд» дәрумендер бөлімінде жиналған көпшілік денсаулыққа пайдалы түрлі шөптерден дайындалған сусындар ішті. «Крэйзи старт» көзделген мәреге жету спорттық сайысында тәрбиешілер өз белсенділіктерін көрсете білді. «Фейерверк» педагогикалық идеялардың шыңы сайысында өз саласы жайлы болашақ армандарын тізбектеді. Барлығынан қызықты болған «Хасья-йога» дұрыс таныстау мен күле білудің рахатын қонақтарда сезді. Тәрбиешімен бірге қимылдарын қайталады.
Әр аялдама тоқтаған сайын бейтаныс атаумен аталған қызықты дүние күтіп тұрардай күй кешкен тәрбиешілерді әр сайыс түрінде бір-бір тәрбиеші жол серіктер бастап жүрді. Найманбаева Мейрамгүл, Сейтканова Жансая, Құрманова Айжан, Қоспанова Раушан, Касенова Зайра, Омарова жібек, Шынтаева Күлзипадай білікті мамандар өз әріптестерін сайыстан сүріндірмей алып шықты. Әділқазылар алқасының  достық жеңді деген шешімімен сайыстан тәрбиешілер  шығармашылық шабыт алып көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Екінші бөлімді арнайы «Асық технологиясы» деп бөлек алған ұжымның шын мәнінде қазақтың ұлттық ойынын жас ұрпаққа насихаттауда үйретерлері бар екенін көрсетті. Қазақи нақышта безендірілген ұттық бөлме. Қазақтың ұлттық тағамдары құрт-майы мен ірімшігі, жентімен тары-талқаны қойылған дөңгелек жер үстелге жайғасқан қонақтарға тәрбиеші Бейсенова Жұлдыз Болатқызының асық жайлы және оған балаларды қалай қызықтыруға болатынын, асықтан жасалған массаждық құралдардың пайдасы жайлы түсіндірді.
Қазақы ұлттық болмысты жоғалтпай, заман көшінен қалмай бүгінгі білім саласындағы еніп жатқан тың өзгерістерді қабылдай отырып, бала үшін тиімдісін пайдалана білген ұжымның бірлікте атқарған жұмыстары әріптестері тарапынан оң бағасын алды.
Алматының жер атауларын әр топқа тұмар етіп тағып, топ ішін үш қоңырдың  тылсым табиғатымен, көктөбенің кербез сұлулығымен бейнелеген балабақшаның әсемдігі көрген жанның көзін сүйсіндіреді.
Серіктес балабақшалармен қоса қонақ боп шашу шаша келген  онға жуық балабақшалардың меңгерушілері семинар қорытындысында өздерінің жылы лебіздерін, жақсы тілектерін жеткізді. Балабақша ұжымының ғылыми жетекшісі педагогика саласының үздігі, ұлағатты ұстаз Фатима Ниязбекқызы шәкірті әрі әріптесі Анар Долдабекқызы басқарған ұжымға шығармашылық табыс тіледі.
Тамаша бір жаңалық жақын күндері басталатын Әлия Назарбаеваның тікелей қолдауымен ізгілік педагогикасы арқылы экологиялық тәрбие беру бағытында жұмыс жасайтын балабақша педагогтары осы жоба аясында тегін оқу грантымен курстардан өтуге қызу кіріскен.
Сырттан кіргенде көзге бірден түсетін киіз пішінінде жасалған топ алаңқайлары мен ағаштардан қойылған аң мүсіндері айтсаңызшы…
Елбасының өзі келіп алғашқы ашылу салтанатында ақ тілегін арнаған білім ордасының  бәсекеде озық болмасына амалы жоқ. Ақ таңы арайлап атқан Алматының әсем табиғаты мен дәмі таңдайдан кетпес алмасын бейнелей  сұлулығымен тартып тұрған білім ордасының әрқашан еңсесі биік болсын. Өзара сыйластықпен, үндестікке толы берекелі де мерекелі жаңа шаңырақтың алдағы күні талай жетістігіне куә боларымызға сенеміз.

Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы» Астана қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.