Home » Мақалалар » Алаш ұранды әдебиет

Алаш ұранды әдебиет

Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал»-деп көрсеткен болатын.

Алаш қозғалысы кезеңі мен бүгінгі кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін жақсы түсінеміз. Алаш зиялылыры ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан туындайтын қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін қазақ ұрпағының бойына сіңіру сияқты іргелі мәселеде Алаш қайраткерлерінің сан алуан мұрасынан, олардың ерен іс-қимылдарынан алар тағылым мол. Сондықтан да Алаш қозғалысына өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны бүгінгі заманымызбен үндес өміршең көзқарастар жиынтығы ретінде бағалап, яғни бүгінгі тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатқандығына мән беріп, одан өрісті өнеге, ғұмырлы ғибрат алғанымыз ләзім. Біз бұған мемлекеттік деңгейде де, зиялы қауым тарапынан да ерекше көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймыз. Алаш қозғалысының қарқынды жүруіне ерекше еңбек сіңірген, тіпті оның дүниеге келуіне атсалысқан бірқатар тұлғалардың есімдері арагідік болмаса, өз деңгейінде айтылмай да, бағаланбай да келе жатқанына назар аударуымыз қажет. Алаш қозғалысы дегенде, көбінесе, біздің есімізге бірнеше белгілі қайраткерлер ғана түседі. Мәселен, Алаш қозғалысымен бірге, оның көрнекті қайраткерлері Уәлитхан Танашевтың, Жанша Сейдалиннің, Айдархан Тұрлыбаевтың, Ыбырайым Жайнақовтың, Асылбек Сейітовтің, Тел Жаманмұрыновтың, Аспандияр Кенжиннің, Базарбай Мәметовтің, Иман Әлімбековтің, Әлжан Байғориннің, Садық Аманжоловтың, Мұқыш Боштаевтың, Дәулетше Күсепқалиевтің, Ережеп Итбаевтың, Хамит Тоқтамышевтың, Сейілбек Жанайдаровтың, Нұрғали Ипмағамбетовтың, Әзімхан Кенесариннің, Сейдәзім Қадырбаевтардың да ұлт пен тарих алдындағы еңбектеріне лайықты баға беру, құрмет көрсету – біздің тарихи жадымыздың беріктігі мен азаматтық адалдығымыздың айғағы болмақ. ХХ ғасыр басындағы отаршылдық қамытындағы халқы үшін бастарын бәйгеге тіккен есімдері аталмаған қаншама азаматтар болды. Сондай ерен істеріне марапат алмақ түгілі, жеке бастарына қауіп төндіріп алды. Совет өкіметінің зымиян саясаты бастапқыда ыдырату мақсатында Алаш қайраткерлерін бауырына тартқан болып, диктатурасы күшейгенде оларды қуғын-сүргінге ұшыратты.

Алаш азаматтарының ұлы ісі құрмет пен марапатқа әбден лайық. Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі – олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына айналдыру. Бұл, түптеп келгенде, өзіміздің ұлттық санамызды қалыптастыру, ел алдындағы перзенттік парызымызды орындау, ұрпағымызға ұлағат дарыту болмақ.

Тәуелсіз еліміз тарихымызды түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге кең мүмкіндік ашып отырған қазіргі кезеңде ұлт ретінде қалыптасу жолында бедерлене байқалған тарихи белестердің сыр-сипатын зерделеу барынша терең ғылыми ізденістерді қажет етуде. Әлбетте, бұл Алаш қозғалысын зерттеуге де тікелей қатысты. Алаш қозғалысына тек саяси-қоғамдық тұрғыдан ғана баға беру тарлық етеді. Қозғалыстың өз дәуіріндегі тарихи мәні айқындалып келеді дей отырып, оның рухани жаңғырығының дәйектей түсер тұстары мол. Мәселен, оны аса ірі рухани-мәдени құбылыс ретінде кешенді түрде қарастырып, осы құбылыстың әлеуметке, жеке тұлғаға ықпалын анықтаудың концептуалды жолдарын қарастырғанымыз абзал. Біріншіден, Алаш қозғалысының қазақ баласына, адамға, тұлғаға, содан шығып, әлеуметке деген көзқарасын дәйектеуіміз керек. Алаш қайраткерлерінің, қаламгерлерінің еңбектерімен танысқанда, олардың ой-пікірлеріндегі гуманистік аңсарды аңғармау мүмкін емес. Әрбірден соң, қозғалыстың өзі – адамға, ұлтқа деген жанашырлықтан туған гуманистік әрекет. Ұлттың еркіндігі мен азаттығы, оны құрайтын жеке адамдардың бақыты мен теңдігі ұранын көтерген қозғалыс – білімі кемел, ой-өрісі кең, мәдениеті жоғары, адам мен қоғамның мәселелерін жетік білетін ұлтшыл ғана емес, гуманист азаматтардың белсенділігінен туғанына күмән келтірмесек, онда бұл тарихи-саяси құбылыстың діңгегі – елжандылық пен адамсүйгіштік екендігіне шүбә келтірмегеніміз жөн. Жалпы, Алаш қаламгерлері шығармашылығында қазақ әдебиетінде толымды түрде ана тақырыбы, әйел теңдігі мәселесі – басты тақырыптардың біріне айналды.  Елжандылық, ізгілік пен адамгершілікке құрылған осы туындыларда гуманистік идеал, гуманистік ой алдыңғы қатарға шығып, ұлттың адамсүйгіштік қасиеттері бейнеленді.

Халықтың ұзына бойғы тарихында қандай да болмасын гуманизм идеялары бір кезеңде алдыңғы қатарға шығып, ұлттың жаңғыру дәуірін жасайды. Бұл – батыстық ғылымда әлдеқашан дәйектелген, мойындалған құбылыс. Оны Еуропада «Ренессанс» деп атап, азаматтық тарихта да, әдебиет, өнер, мәдениет тарихында да арнайы тарау ретінде зерттеудің тұрақты нысанына айналған. ХҮ-ХҮІ ғасырларда Испанияда, Францияда, Голландияда, Португалияда, ХІҮ ғасырда Италияда т.б. Еуропа елдерінде кең қанат жайған Ренессанс Батысты жарық пен шуаққа қарай тартты.

Айтар болсақ, қазақ ғылымында «Ренессанс» мәселесі жүйелі түрде зерттелінген емес. Мұндай Жаңғыру немесе Қайта өрлеу құбылысының қазақ топырағындағы болмысы жөніндегі пікірлерде, біздің пайымдауымызша, осы құбылыстың туу негіздері, өрістеу арналары, дәстүрлері мәселелерін жіліктеуден гөрі, ренессанстық сыбағаны жекелеген тұлғаларға сыйлау жағы басым болып отыр. Ренессанс жеке бір адам шығармашылығының жемісі емес, ол – тұтас шоғыр еңбегінің табысты нәтижесі. Қазақ Ренессансының басы Абай екендігі академик С.Қасқабасовтың «Абай поэзиясының ренессанстық сипаты» атты мақаласында ғылыми тереңдікпен дәлелденген.

Ахметова Алтынай Жанабаевна

Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы,

Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.