Home » Айтарым бар » Алаш ардақтысына арналды

Алаш ардақтысына арналды

Қарағанды  облысының  білім  басқармасының жоспарына сәйкес 11-сәуір күні  Қарағанды облысы   білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік  орталығы  мен Қарағанды  гуманитарлық  колледжінің  ұйымдастыруымен «Адами капиталды дамыту негізі ретінде  қоғамдық  сананы  жаңғырту» VІ облыстық ғылыми-практикалық конференциясы шеңберінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын  жүзеге асыру   барысында Алаш ардақтысы, ақын, аудармашы, ғалым, публицист А.Байтұрсынұлының  туғанына 145 жыл толуына орай «А.Байтұрсынұлы тағылымы» тақырыбында  техникалық   және  кәсіптік  білім   беру ұйымдарының  оқытушылары мен студенттері арасында  облыстық  ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ғылыми-практикалық конференция А.Байтұрсынұлының   ағартушылық қызметін, қазақ әдебиеттану және тіл  білімі ғылымдарының негізін қалаудағы  еңбегін, ақындығын, ұлт ұстазы екендігін, азаттық   жолындағы қозғалыстың көсемі ретіндегі парасаттылық болмыс-бітімін таным таразысынан  өткізіп, зерттеп-зерделеуді  мақсат  етті.
Конференцияның  секциялық жұмысы үш  бағыт бойынша жүзеге асты:

  1. «А.Байтұрсынұлы – парасат туын көтерген көшбасшы» (Алаш қайраткерінің қоғамдық мәселелер жөніндегі көзқарасы, ой-толғамдары туралы);
  2. «А.Байтұрсынұлы және оның руханият мұрасы» (көркем сөз табиғатына әдеби бағытта терең ой жіберген және өзінің ізденіс назарын қазақ сөз өнеріне аударған тұлғаның ақындық, аудармашылық, әдебиеттанушылық жолы туралы);
  3. «А. Байтұрсынұлы – ұлы реформатор ғалым» (қазақ тілі және жазуы тарихында алатын орны, ғылыми мұрасы, ұстаздық, әдістемелік еңбектері жөнінде).

Аталған   іс-шараның пленарлық  отырысын  ашқан Қарағанды   гуманитарлық  колледжінің  директоры,   «Қазақстанның еңбек сіңірген   қайраткері» Әміров   Есжан  Сарманқұлұлы «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт руханиятының  көсемі» тақырыбында  баяндама жасады.  «Тұлғатану»  ғылыми-зерттеу орталығының  директоры Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызы,   Е.А.Бөкетов  атындағы  Қарағанды  мемлекеттік   университеті, ф.ғ.к., қазақ тіл білімі кафедрасының  доценті Тұрсынова Мархаба Ахметкалиқызы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, ф.ғ.к., қазақ әдебиеті кафедрасының  профессоры Төлеубаева   Камшат Аманбайқызы, ҚО ББД ОӘО әдіскері Кнашина Айнур Ахатқызы,  қазақ тілі мен әдебиеті ОӘБ жетекшісі  Баймолдина Анар Сабырқызы сөз алып, конференция қатысушыларына  сәттілік   тіледі.
«Ұлт ұстазы» аталып, қазақ қоғамы мен мәдениетінің ілгерілей дамуына  орасан үлес қосқан  Ахмет   Байтұрсынұлы   өмірінен   сыр шертер «Олар бірінші болған»  атты  шағын деректі  фильм  көрсетілді.
Барлық қатысушыларға  конференция  материалдарының  электрондық жинағы   және  Алғыс  хаттар   тапсырылды.

                                                     Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.