Түбір және туынды сөздер
Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: оқушыларға түбір және туынды сөздер туралы түсінік беру, түбір сөзге жұрнақ жалғау арқылы жасалған жаңа туынды сөздер туралы меңгерту.
2.Дамытушылық: әр түрлі тапсырмаларды орындау арқылы оқушылардың ойлауын, сөздік қорын дамыту.
3.Тәрбиелік: Бірігіп жұмыс жасауын ұйымдастыра отырып, ынтымақтастыққа, елін –жерін сүюге тәрбиелеу.
Сабақтың әдіс –тәсілдері: сұрақ –жауап, топтық жұмыс.
Сабақтың көрнекілігі: слайд,мультимедиялық тақта,суреттер,семантикалық карта.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылар түрлі түстерден жасалған гүлдерді таңдау арқылы үш топқа бөлінеді. (Топтың атауын таңдайды: «Сары гүлдер», «Қызыл гүлдер», «Қызғылт гүлдер» әр топ өз топ басшысын сайлайды).
Психологиялық дайындық:
Пәк көңілді жүректен
Ізгі, аппақ тілекпен
Амандасып алайық
Қонақтарға ізетпен
Жабырқауды білмейміз,
Жалқаулықты сүймейміз!
Біз талапты жас ұлан-
Үлгі алайық жақсыдан!
— Жарайсыңдар балалар, олай болса ұранымызда айтылғандай,
әрқайсымыз өткен тақырыптар бойынша өзіміздің алған білімдерімізді көрсетейік. Ендеше үйге берілген тапсырмаларды тексеріп, пысықтап алайық.
ІІ. Ой ашар.Үй тапсырмасы тексеріледі. Берілген сөздерге сөйлем құрау: Өнерпаз, оқушы, тазалық, мектепке, тауда.
Миға шабуыл: Өткенді қайталау.
Ертеде бірінен бірі асқан жалқау, еріншек үш жалқау, еріншек бала болыпты. Олардың бар қолдарынан келетіні ұйықтау, тамақ ішу екен. Тіпті олар тұратын ғажап мекеннің өзі ғажайыбынан айырылып, күннің өзі бұл арасынан шығуға ерініп, елдерін түнерген бұлт басыпты. Күндердің бір күнінде оларға алыстан хат келеді. Олар тіпті осы хатты оқуға да ерініп жата береді екен. Егер олар осы хатты оқып, ондағы тапсырмаларды орындаса, олар тұратын мекеннің табиғаты оянып, күннің көзі ашылып, айнала жайнап сала берер еді. Қанекей балалар осы жалқауларға хатты оқуға көмектесеміз бе?
Олай болса, хатты оқиық, хатта балалар бірнеше жұмбақ жасырылған екен, күннің көзі шығып, айнала нұрлану үшін жұмбақтардың жауабын тауып, оларды сөз құрамына талдауымыз қажет екен. Дайынбыз ба балалар?
1. Бойлаған сайын тереңге,
Шығасың биік белеске (Білім)
2. Есіктен кіреді,
Төрге қарай жүреді (Суық)
3. Сақалы жоқ, шашы бар,
Бет –аузы жоқ басы бар,
Белін бекем байлаған
Қоқысты қоймай айдаған. (Сыпырғыш)
Жауабын тапқан балалар сөзді құрамын қарай (түбір+қосымша) талдайды.
Әр жауап дұрыс айтылған сайын күннің бетін жауып тұрған бұлттар алынады.
— Сонымен сөз құрамы нешеге бөлінеді?
— Түбір дегенміз не?
— Қосымша нешеге бөлінеді?
— Жұрнақ деген не?
— Жалғау деген не?
Жаңа сабағымызды бастамас бұрын балалар, бізге сонау көрші қаладан Аймектепте оқитын өздерің сияқты достарың қызықты бейнелерін жіберіпті, бірге тамашалаймыз ба?
(Жұрнақ пен жалғау туралы арнайы видео көрсетіледі).
ІІІ. Жаңа сабақ. Түбір және туынды сөздер.
«Түбір сөз» –әрі қарай тұлғалық жағынан бөлшектенбейтін, сөздердің жаңа сөз жасауға негіз болатын түпкі қазығы, ұйытқысы.. Мысалы: Қап, қала, оқу, біл, бала т.б. Ал осы түбір сөзге жұрнақ жалғану арқылы пайда болған жаңа мағыналы сөздерді біз «туынды сөздер» деп атаймыз. М: қапшық, қалашық, оқулық, білім, балапан.
1.«Балық аулау» ойыны.
Ойынның шарты: 3 топқа тапсырма беріледі. Әр топ өздеріне берілген балықтар арасынан
1 –топ: түбір сөз
2 –топ: жұрнақ жалғанған сөздер
3 –топ: жалғау жалғанған сөздерді тауып өз шелектеріне салу. Қай топ жылдам аяқтайды сол жеңіске жетеді. (әр тапсырма орындалып біткен сайын топтар жалаушаны көтеріп белгі береді, топтарға суқұйғыш беріліп отырады)
2. «Тапқырдың тілегі» «ҚАЗАҚСТАН» сөзінің бар әріптерінен жаңа сөздер құрау. Ол сөздердің түбір немесе туынды сөз екенін анықтайды.
Мысалы:
Қ –қадірлі бол!
А –ардақты бол!
З –зейінді бол!
А –Ақылды бол!
Қ –құрметті бол!
С –Сабырлы бол!
Т –Тәрбиелі бол!
А –Абыройлы бол!
Н –Намысты бол!
(әр тапсырма орындалып біткен сайын топтар жалаушаны көтеріп белгі береді, топтарға суқұйғыш беріліп отырады)
Сергіту сәті. Видеодан «Аяқпенен топ –топ -топ» өлеңіне қосылып жаттығу жасалады.
3.«Кім тапқыр» ойыны.
А.Құнанбаевтың «Қыс» атты өлеңінің әр
шумағын әр топқа беріп, сол шумақтардан түбір жән туынды сөздерді тапқызу. Видеороликтен А.Құнанбаевтың «Қыс» өлеңі оқылады. Көрсетілген видеороликке және оқылған өлеңге байланысты қыс бейнесін сипаттайтын төрт сөйлемнен тұратын мәтін құрастырайық. (әр тапсырма орындалып біткен сайын топтарға суқұйғыш беріліп отырады)
4.Семантикалық картамен жұмыс. Әр топ оқушыларына жеке –жеке семантикалық карталар таратылып беріледі. (әр тапсырма орындалып біткен сайын топтар жалаушаны көтеріп белгі береді,топтарға суқұйғыш беріліп отырады)
5.Сәйкестендіру тесті.
Оқушылар өздеріне берілген карточкалардағы сөздер мен олардың тұсындағы жүрнақ немесе жалғауларды сәйкесінше сызып көрсетеді. (әр тапсырма орындалып біткен сайын топтар жалаушаны көтеріп белгі береді, топтарға суқұйғыш беріліп отырады)
Қорытынды. Балалар,алыс елден келген хатты оқиды.
— Сендерге бүгінгі сабақ ұнады ма? Бүгінгі сабақтан түсінбеген тұстарың болды ма?
Үйге тапсырма. «Менің арманым» тақырыбында шағын шығарма жазуға беріледі.
Аймаханова Жанар,
№19 Дінмұхамед Қонаев атындағы
мектеп-гимназияның
бастауыш сынып мұғалімі