Home » Жаңалықтар » Айбындылықты айқындар айлық басталды

Айбындылықты айқындар айлық басталды

Қарағанды қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен №102 мектеп-гимназия қабырғасында қорғаныс-бұқаралық және әскери-патриоттық айлықтық ашылу салтанаты болып өтті. Салтанатты жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының белсенділері, №102, 101, 39, 23 білім ордаларының 400 -ден астам оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты.
Еліміз үшін маңызы мен мәні зор іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған қала  әкімінің орынбасары И.Ю.Любарская Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің абыройын нығайту, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, Отан мүддесін қорғау басты міндетіміз екенін тілге тиек етіп, жиналғандарды мерекемен құттықтаса, тыл еңбеккері М.Р. Тажетденов Отан үшін от кешкен ардагерлеріміздің, ат жалында түнеген батыр бабаларымыздың ерлік істерін еске алып, жас ұрпаққа үлгі — өнеге болатын, өткен күннің еншісінде қалған тағылымы мол естеліктерімен бөлісті.
Ашық аспан астындағы бірлік пен татулықтың ассоциациясын айшықтап тұрған №102 мектеп-гимназия ғимараты атриумының ерекше құрылымын «Волшебная страна» би ансамблінің «Дети солнца» биі одан әрі сұлуландырып, ерекше қимыл-қозғалыстарымен әрбір жанның жүрегіне күннің нұрын сыйлағандай әсер қалдырды. Аталмыш шараға №77 мектеп-балабақша кешенінің кадет сыныптарынан құралған «Жас бүркіт» үгіт-насихат тобы да өз үлестерін қосып, ұлттық рухқа толы ұрандарын айтып, жігерлері жырлардан өлең оқып, әсем әннен тарту сыйлады.
Шараның соңы қазақтың бар байлығын, кең даласын бір әннің бойына сыйдырған Бекболат Тілеуханның әрбір жанға рух беретін жалынды «Жерім менің» әнімен А.Акишевтің орындауында аяқталды. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі келер ұрпаққа аманат. Осындай маңызды іс-шаралардың жас буынның қатысуымен өтуі бүгінгі жас ұрпақтың бойына рухани мәдениеттілікті қалыптастыруға және Отанға деген шексіз қызмет етудің өнегесі болып табылатыны сөзсіз.

Әсел  Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.