Home » Мақалалар » АДАМИ КАПИТАЛ САПАСЫН ЖАҚСАРТУДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ РӨЛІ

АДАМИ КАПИТАЛ САПАСЫН ЖАҚСАРТУДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ РӨЛІ

Ж.І.Ізғали
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
АҚ филиалы Атырау облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институты, Деңгейлік бағдарламалар
орталығының жетекшісі, тарих магистрі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында: «Тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таң қалдырады» [1], — деп ХХІ ғасырдағы жаһандық он сын-қатердің бірі тарихи уақыттың жеделдеуін атап көрсеткен еді.
Елбасы осы жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауда: «Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз» [2] десе, оның алдында 25 қаңтардағы елбасы халыққа жасаған үндеуінде: «Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз» [3], — деп сөзін де, ойында қуаттай түскен еді.

         Неліктен өзгеру қажет? Әлем өзгеріп жатқандықтан да өзгеруге тиіспіз. «Әлем өзгергендіктен, сіз де өзгересіз және қазіргі сәтте өзгеріссіз қалу өте қауіпті» [4], — дегендей заман ағымынан қалмай оңды өзгерістерді қабылдауымыз қажет.

Қазақстанның білім беру кеңістігінде оңды өзгерістер орын алып келеді. Бұл өзгерістер Елбасының халыққа Жолдауынан бастау алған міндеттерден шығады. «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс». Бұл міндет өзгермелі уақыттың талабы болып отыр. Бұрынғы жүйе нашар деп ешкім айтпайды. Тек заманның келбеті өзгерді деп жоғарыда айтқанымыздай жаңа инновациялық технологиялардың жаңаша өзгере түсуінен білім беру саласына да жаңа қырмен қарауымыз керек. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова Жолдауды талдау барысында: «Базалық дағдылар бар. Олар – санау, оқу, жазу. Бұл талап күшінде. Мұны мектеп оқытуға міндетті. Бірақ ол жеткіліксіз. Енді оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауды, шығармашылықпен, топпен жұмыс істеуді үйретуіміз керек. Оқушыларға осы уақытқа дейін пайдаланып келген бағдарламалармен білім беруге болмайды. Онда біз Жолдауда берілген тапсырмаларды орындай алмаймыз» [5], — деген ойлары елбасының Жолдаудағы: «Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет»,- деген міндеттерінен шығады. Бұл жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасымен ұштасады.

Қазақстандағы білім беру үдерісіне енген оңды өзгеріс жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы. Бұл заман талабына сәйкес оқушылардың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама болып отыр. Жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы неліктен енгізіліп, жүзеге асырылуы қажет? Себебі, қазіргі уақытта білім беру ісінің жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне кедергі келтіретін мәселелер жетерлік. Сол проблемаларға мыналарды жатқызуға болады:

  • білім беру мазмұны бойынша: мұғалімнің ақпаратты оқушыға дайын күйінде бере салуы, оқушының пәндерді оқуда білімді жәй ғана «қағып алуға» бағдарлануы;
  • оқыту үдерісіндегі қарым-қатынас бойынша: мұғалім мен оқушы арасында қатынасқа субъект – объект сипатының тән болуы, оқушының мұғалімді және оқулықты дайын оқу апараттарының көзі ретінде қабылдауынан енжар келуі;
  • оқыту нәтижелері бойынша: оқушы іс-әрекетінің репродуктивті деңгейі, оқушы игерген пәндік білім-біліктің сандық мөлшерінде бағалануы.

Жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасының қолданыстағы жүйенің осындай кемшілік тұстарын жақсартуға бағытталған [6: 3]. Демек, жаңартылған білім беру жүйесі арқылы оқушылардың ізденіс және шығармашылық, сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыта отыра алған білімдерін өмірде де қолдана алуына ықпал етіледі. Бұл сындарлы оқытуға саяды. Сындарлылық теориясына негізделген оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету [7: 4] болып табылады.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында өзгерістер жетерлік. Солардың бірі тәрбиенің қатар жүруі. «Оқу мен тәрбие егіз» — демекші, тәрбие білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Білім беру саласының жас буынды адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеуде рөлі басым. Қазақстан Республикасының Президенті 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «…Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз» [1] деп тілге тиек еткен еді. 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мәңгілік Ел» бұл барлық қазақстандықтарды біріктіретін жалпыұлттық құндылықтар және еліміздің болашағының іргетасын құрайды» [8] деп айтып көрсеткен еді. Оқу мен тәрбиені қатар алып жүруде және жоспарлауда оқыту үдерісіне ұлттық құндылықтарды кіріктіру мақсатында назарда «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын ұстау көзделген. Орта білім беру сыныптарының барлық пәндеріне «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы кіріктіріледі. Бұл Мәңгілік Елдің мызғымас Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға бағытталған жол.

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негіздемесі жеті негізгі мемлекет құрушы жалпыұлттық құндылықтар болып табылады.

Қазақстандық қоғамның барша қазақстандықтарды біріктіретін, қоғамдық келісімнің негізін қалайтын басты құндылықтары:

  1. Қазақстанның Тәуелсіздігі және Астана;
  2. Қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім;
  3. Зайырлы қоғам және жоғары руханят;
  4. Индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсу;
  5. Жалпыға бірдей еңбек қоғамы;
  6. Тарихтың, мәдениет пен тілдің біртұтастығы;
  7. Ұлттық қауіпсіздік және еліміздің бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді

шешуге жаһандық тұрғыдан қатысу [6: 5].

Жалпыұлттық идеяның миссиясы мен құндылықтары оқу-тәрбие жұмысының барлық түрлері арқылы кешенді түрде жүзеге асырылады. Білім беру үдерісін ұйымдастырудың басты ерекшелігі білім беру мен тәрбиенің бірлігі болып табылады [6: 6]. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген сөзіне саяды. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруда мектептердің рөлі аса маңызды болса, тарих пәндерін оқытудың да мағызы бар.

Жалпыұлттық идеяның құндылықтарын білім беру мазмұны арқылы жүзеге асыруда оқу пәні бойынша бөлімдер мен тараулардың мазмұны, оқу мақсаттары және оқу жаттығулары назарға алынады [6: 6]. Мысалы төмендегі кестелерге назар аударсақ:

 

Құндылық: Қазақстанның Тәуелсіздігі және Астана
МазмұнМақсатОқу жаттығулары
Қазақстан тарихы

5 сынып

Астана – Қазақстанның бас қаласы

Қаланың тарихы мен елорда болып қалыптасуын білуАстананың орынында болған ежелгі қала тарихын талқылайды;

Қазақстан астаналарын салыстырады.

 

Құндылық: Зайырлы қоғам және жоғары руханят
МазмұнМақсатОқу жаттығулары
Қазақстан тарихы

5 сынып

Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы

ҚР Ата заңының қабылдану тарихын түсінуКонституцияның қабылдану кезеңдерін түсіндіреді;

1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституцияның бөлімдерін ретімен орналастырады.

 

Қазақстан тарихы арқылы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын жас ұрпаққа жеткізе отыра қазақстандық патриотизімді, толеранттылық сананы, өз елінің тарихи өткенін, ата-бабалар мәдениеті мен әдет-ғұрыптарына құрмет көрсетуді жүзеге асыруды көздейді.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясындағы оңды өзгерістерді қабылдай отыра, елбасы Жолдауында көзделгендей жаһандық бәсекеде қабілетті ұрпақ дайындау және алған білімі мектеп ішінде ғана қалмай, мектептен тыс өмірде қолдана алатындай ұрпақ тәрбиелеу басты назарда болуы тиіс.

 

Әдебиеттер:

  1. ҚР-ның Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». 14.12.2012. akorda.kz.
  2. ҚР-ның Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік». 31.01.2017. akorda.kz
  3. Үндеу
  4. Үлестірмелі материал. 1 апта, 1 күн. Мұғалімдер неліктен өзгеруі керек?
  5. К.Шәмшиденова. Енді оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауды үйретуіміз керек. 08.02.2017. kz
  6. Мұғалімге арналған үлестірме материалдар. Білім беру бағдарламасын жаңартудың алғышарттары. 1 күн. Астана. 2016.
  7. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (базалық) деңгей. «НЗМ» ДББҰ. ПШО. 2016.
  8. ҚР-ның Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». 17.01.2014. akorda.kz.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.