Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жергілікті қоғам қайраткерлерінің бастамасымен және облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен ағымдағы жылдың 17-27 қыркүйек аралығында «Абылай ханның қара жолы» жобасы басталатындығын хабарлаған болатынбыз. Жоба шеңберінде 18-ші ғасырдың «Көкшетау – Ақмола – Ұлытау – Түркістан» бағытымен жүріп өту көзделген. Жалпы жолдың қашықтығы шамамен 3500-3700 шақырымды құрайды деп жоспарлануда. «Абылайдың қара жолы бойымен» жүріп өту барысында экспедиция мүшелері жол талғамайтын көліктермен солтүстіктен оңтүстікке қарай Көкшетау, Бурабай, Астана, Қорғалжын, Жәнібек-Шалқар, Баршино, Шұбаркөл, Сабынды, Ұлытау, Жезді, Сәтбаев, Жезқазған, Қызылорда, Шымкент, Түркістан қаласына дейін барып, оңтүстіктен солтүстік бағытқа Түркістан, Шымкент, Шу, Балқаш, Қарағанды, Астана арқылы Көкшетауға қайтып келуді жоспарлап отыр. Шара барысында Абылайдың қара жолы бойындағы көне қорымдарға зиярат етіліп, халық аузында сақталған аңыз-әңгімелер, тарихи маңызды деректер жинақталмақ. Қаржылық демеушілік жасаушылар – жергілікті кәсіпкерлер. Басты мақсат, үш жүздің басын қосқан Абылай бабамыздың ел мен жерді сақтап қалудағы еңбегін паш ету. Экспедицияға белгілі ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер қатысатындығын хабарлаған едік. Маңызды шараға жетекшілік етуші жергілікті қоғам қайраткері, тіл, ұлт жанашыры Мұрат қажы Ыдырысұлы.
Экспедиция мүшелерінің барлығына бірдей арнайы киімдер үлестіріліп, «Абылайханның қара жолы» деген жазуы бар тулармен, жалаушалармен жабдықталды. Жол талғамайтын көліктер де тақырыпқа сай безендірілді. Сонымен қыркүйектің 17-сі күні таң сәріден жолға жиналған экспедиция мүшелері Бурабайдағы Абылай хан алаңынан жол сапарға шығуға бел байлады. Өйткені қасиетті өлкеде 48 жыл хандық құрып, Үш жүздің басын біріктіру жолында салиқалы саясат ұстанған кемеңгер де көсем ханның алаңынан аттанудың өзінде үлкен мән жатыр.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Бибігүл Бейсенбайқызы мен Қизат Табылдин экспедиция күнделігін жазуды қолға алды. Осы жолдан оралғаннан кейін, сол жазбалары бойынша ғылыми еңбек құрастырылмақ. Баспасөз құралдарының өкілдері түсірген бейнежазбалар бойынша арнайы деректі фильм жасалатын болады. Экспедицияны басқарып жүрген қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы Абылай ханның тарихына қатысты зерттеу кітаптарын мектеп оқушылары мен өзге де жергілікті азаматтарға естелік ретінде сыйға тартты. Экспедицияның ендігі бағыты Қарағанды облысына қарасты Нұра өңірінде жалғаспақ. Одан кейін жұмыс тобы Керей мен Жәнібек хандардың ордасы, әрі қазақтың соңғы ханы, Абылай ханның немересі Кенесарыны хан көтерген қасиетті Ұлытаудағы ескі қорымдар мен көне ескерткіштердің терең тарихына зер салмақ.
(жалғасы бар)
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЕРБОЛАТ СЕРІКБАЙ, БЕРГЕН ЖҰМКЕЙ,
БИБІГҮЛ БЕЙСЕМБАЙҚЫЗЫ