Home » Абай əлемі » Абай және Пушкин

Абай және Пушкин

Табиғатына тарта туатын аса дарынды адамдар бірін-бірі естіп-білмесе де орайлас ой кешіп, бірін-бірі байытып, бірін-бірі толықтырып жататыны ғажайып. Қазақ әдебиетіне жаңа үрдіс әкелген Абай орыс әдебиетін 1882жылдардан бастап аудара бастады. Алғашқы аудармасы М.Ю. Лермантовтың “Бородино” атты патриоттық өлеңі. Ең соңғы аудармасы да М.Ю.Лермантовтың “Вадим” атты ұзақ әңгімесінің желісі. «Батар күнге шымылдық көк бұлт кең» аттас туындысынан аударған. Орыс ақынының бітпей қалған романының алғашқы екі тарауын өлеңмен еркін тәржімелеген. Аударманың біраз жері ғана сақталған. Мүрсейіт қолжазбасы негізінде 1933 жылғы жинаққа жарияланған болатын. Абайдың түр жағынан жаңалықтар берген өрнекті, өрісті жырлары 1889 жылдарға ауысады. Бұл жылы өз шығармалары мен аудармаларын қосқанда жиырма жеті өлең жазады. Сөздің сиқырын, сырын, ырғағын, құйылысы мен кестесін сезіп, Тұщына білген Абай мен Пушкин «Евгений Онегин» романы арқылы шүйіркелесіп табысады десе де болады. А.С.Пушкиннің ішкі терең мазмұнымен ұғысып, ұйқас ағысын тапқан Абай оның сегіз өлеңін аударады. «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегин сөзі» т.б. ьолып жеті-сегіз буынды шалыс ұйқас пен 12-13 буындық қара өлең үлгісімен аударады. Абайдың А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан аударған, Онегиннің Татьянаны жұбатып айтқан сөзінің аудармалары. Түпнұсқада 68 жол. Абай аудармасында 76 жол. Ақынның алғашқы 1909 жылғы жинағында жарияланған. Ақын бұл өлеңіне ән шығарған. Әнді музыка зерттеушісі Қ.Жүзбасов 1984 жылы Мәкен Мұхаметжановадан таспаға жазып алып нотаға түсірген. Әуен аралас өлшем ырғақ желісіне түсіп, баяу орындауды қажет етеді. Қарт Шыңғысты мекендеп келе жатқан сол кездегі Тобықты еліне арқа әндерінің дендеп тарай бастағаны да Ұлы Абайдың ән, сән түзеген жастық-бозбалалық шағымен тұспа-тұс келетінін Мұхаң да (М.Әуезов) әріден байыптап суреткерлік творчествосында молынан пайдаланғаны оқырманға «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы белгілі. Абай «Евгений Онегин» романы бойынша Татьяна мен Онегиннің бірнеше хаттарын аударып, ән жазады. «Таңғажайып бұл қалай хат», «Хұп білемін Сізге жақпас» аудармаларына жазған әндерін А.В.Затаевич, А.Жұбановтар нотаға түсіріп, «Қазақтың 1000 әні» жинағына енгізеді.Ән халық арасында кеңінен тарап, жұртшылыққа ерте танымал болды. Қазақстан мәдениетін зерттеуші А.П.Седельников «Абай Құнанбаев қазақ поэзиясындағы жаңа ағымның өкілі, оның қаламынан «Евгений Онегин» дастанының және Лермонтвтың (қазақтарға ең түсінікті болған ақын) көпттеген өлеңдңрінің тамаша аудармасы туды. Семей әншілерінен «Татьяна сөзі» әнін естуге болады» деп жазды. Музыка зерттеушілері, фольклоршылар бұл әннің 6 түрін халық әншілерінің орындауында жазып алды. Абайдың осы жылы Пушкиннен аударған «Амал жоқ қайттым білдірмей» өлеңі — Татьянаның Онегинге жазған хаты. 1889 жылы Абай тудырған нұсқасы 79 жол, түпнұсқада 76 жол. Абай Татьянаның хатының терең мазмұнын толық жеткізуді көздей отырып, бұл мақсатын қазақ жастарының ұғым-түсінігіне орай жүзеге асыру қажеттігін түсінген. Татьянаның мінезін, оның еркіндігін, адалдығын өнеге ету үшін хатты қазақ қыздарының ұғымына сай келтірген. Қазақша нұсқадағы кейбір өзгешеліктер осыдан туған деп қарауымыз керек.

Мысалы;
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Ұмтылған шығар айға алыс – деген шумақтағы қыз жүрегін аспандағы айға саусағын жайып тұрған жанды бейне кейпінде алып сипаттағаны – Абайдың өзі тапқан көркемдік тәсіл. Өлең терең мағналы болуымен бірге көңілге қонымды, тілге жеңіл болып шыққан. Оған Абайдың өзі әдемі ән шығарып, ел арасында кең тарап айтылып келгені мәлім. Өлең 7-8 буынды шалыс ұйқас. Абайдың алғашқы өлеңдер жинағына енгізілген. Қазақ оқушысына көптен мәлім ақынның бұл аудармалары Пушкиннің текстіне үнемі ұқсас келіп отырмайды. Аударып отырған өлеңінің мағынасын бастан аяқ дәл, тура жеткізуге үнемі ұмтыла да бермейді. Шығыс поэзиясына тән нәзира дәстүрі бойынша кейбір үзінділерін алып, кейде жақын, кейде жанай отырып еркін тәржімелеген. Ал 1889 жылы Абай «Жарым жақсы киім киіп…» (Онегиннің өлердегі сөзі) өлеңін түгелдей өз жанынан шығарған деуге болады. Көлемі 18 жол. «Евгений Онегин» романында Онегиннің өлімі жайында дәл ештеме айтылмайды. Онегиннің;
Атам, анам қара жер,
Сен аша бер қойныңды.
Сенен басқа еш жерден,
Таба алмадым орнымды. – деп өмірмен қоштасуы – Абайдың өзі тапқан көркемдік шешімі. Онегин тағдырын Абай трагедиялық бояуын қоюлатып, қиянатты көп көрген, азап шеккен адам етіп көрсетуге ұмтылған. Онегиннің Татьянаға жазған хатындағы;
Сорлы адаммын жер жүзінде,
Бір қуаныш көрмедім.
Не қыласың, ерік өзіңде,
Қайғысы асқан шерлі едім – дейді.
«Түзеле алман» дегеннің мағнасы «өмірден бір қуаныш көрмедім», «шерлі едім» дегенімен астасып жатқанын аңғарамыз.
Туынды 7-8 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Ақынның 1909 ж. жинағына жарияланған. Абай бұл өлеңіне ән шығарған. Ән – Абай әндерінің ішінде сирек орындалатын әндердің бірі. Әуен иірімдері квинталық диапазонда құрылған. Әнді алғаш рет 1984 жылы Мәкен Мұхаметжановадан  Қ. Жүзбасов нотаға түсіріп, таспаға жазған. Сондықтан да Абайдың аударма өлеңдерін түпнұсқаға жақын аударма және еркін тәржімаланған аударма деп екі топқа жіктеудің қисыны бар. Кәзіргі аудармашылардай түп нұсқаны сол қалпында жеткізуді мақсат етпеген ақынның алдымен Пушкинге назар аударғаны тегін емес. Орыс әдебиетіндегі жаңа дәуірдің мазмұны, тақырып идеялары мен көркемдік сапасы классикалық әдебиеттің басы болды. А.С.Пушкин қазақ жерінде Орынбор, Орал қалаларында болған кезінде қазақ халқына сүйіспеншілік сезіммен қарады. Әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды. Қазақ халқының бай сөз өнеріне құмарта қызығып, ауыз әдебиетінің асыл нұсқаларының бірі « Қозы Көрпеш Баян сұлу» дастанын жаздырып алды. Рухы бай адамдарға рухани үндестік, көзге көрінбей, ғайыптың тірлігіндей болып осылай жалғасын тапты. Бөлек-бөлек үзінділер түрінде аударған Абай жеті бөлек жекеше тақырыппен Пушкинге жақын келе отырып, екі жас арасындағы махаббаттың хал-құбылыстарын қазақ мәдениетіне жақын қылып көрсетеді. Пушкин қолданған теңеулерді дәл, шебер етіп жеткізе отырып, өз жанынан қосылған шумақтар мен ой-сезімдерін үйлестіре жеткізеді.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс, — деп Пушкиннің өзіне жақын келіп шеберлік көрсетсе, енді бірде:
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем, — деп Пушкинде жоқ кейбір жайларды қазақы тілмен, шебер көркемдікпен қазақ қызына тән тамаша теңеуді қолданады:
Разверять, заставить верит,
Казаться мрачным изнывать – деген жолдарды:
Нанасың, не айтса да амалың жоқ,
Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген, — деп түпнұсқаға сай етіп аударады. Бұл жөнінде М. Әуезовтың «Пушкинді дәл аударушылар бола берер бірақ, оның романының ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру көп табыла бермес» дегені бар.
Осындай шеберлікке жету үшін Абай неше алуан теңеуді, шешендікті, қазақтың төл теңеулерін түгел қолданады. Сөйтіп Пушкиннің аса көркем халықтық шығармасына қазақ ақыны бірталай еркіндік жасайды.
«Онегиннің өлердегі сөзі» атты өлеңін Абай өз жанынан шығарып, Онегин бейнесін сол кездегі қазақ жұртшылығына жақсы таныс шығыс поэзиясының дәстүріне жақындата, Пушкиннің сипаттауымен басқаша баяндайды.
Куда, куда вы удалились – деп басталатын Ленскийдің сөзін көп өзгертпей жеткізуге ұмтылғанымен Онегинді өмірімен қоштастырып:
Атам, анам, қара жер,
Сен аша бер қойныңды – деп өзі шығарып, «өлердегі сөзін» айтқызады.
Татьянаны қазақша ойлатып, Пушкиннің Татьянасынан да аса алшақтатпай:
Сен шошыдың ғашығыңнан,
Өзге жұрттан қамшы жеп – дейді.
Сол кездегі қазақ қауымының ұғым-түсінігіне сай, көңілге қонатын сөздер айтады. М. Әуезов айтқан «Хат түріндегі эпистолярлық роман» болғанымен тұтастай алғанда бір желіге түсірілген лирикалық драма.
Қалай айтсақ та, Абай мен Пушкиннің біртұтастығының сарынымен жазылған ұлылықтың ажырамас жарқын көрінісі М. Әуезовы пікірінің құндылығы да осында.
Абай ғұмырнамасына жүгінсек, 42-44 жасында жазған әдебиеттегі таусылып бітпейтін мәңгілік тақырып – махаббат, ғашықтық әлемінде бірде от, бірде мұз болып күйі-жанып жүрген кезіңде туғызған Татьяна мен Онегиннің сырла асыл сөздері арқылы мұңын шерін сыртқа шығаруға күш салатыны ғажайып.
Пушкиннің ойын, сезім сиқырын қазақ ұғымына, қазақтың күйініш-сүйініш танымына бұра сипаттайтыны кімді де болса тамсандырады.
Екі алып ақынның ішкі сезім үндестігі шығармашылық байласының сиқырлы сыры да осы.

Алмахан Мұхаметқалиқызы 

Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.