Ауыл молдасынан 4-5 жасында сауат ашып, Ахмет-Риза медресінде оқып жүрген Абайды 14-15 жасынан бастап ел басқару ісіне араластырған Құнанбайдың ықпалын көріп ерте есейген Абайдың қайраткерлік қызметі 20-21 жасынан басталады. Орыс тілінде еркін сөйлеп, сауатты жаза білген Абай Күшік тобықты еліне, 1876 жылы, отыз жасында Қоңыр -Көкше еліне болыс болып сайланған кезде рапортты орыс тілінде жазып, орыс тілінде қол қойғанын архиф құжаттары дәлелдейді. Сол 1875-78 жылдардың арасында болыстық қызметке сайланған жылдардан бастап, архив деректері қайраткер Абайды, ағартушы Абайды, демократ Абайды әр қырынан тереңірек таныта түсіп отырады. Әкімшілік қызмет атқару арқылы да өзінің ағартушылық идеясын жүзеге асырып, туған халқының арман-тілегіне пайдасын тигізуді мақсат еткен ақын елдің мінезіндегі жағымсыз қылықтарды құртып, оларды түзу жолға салуды басты бағыты етеді.
Түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып — деген өлең шумақтарынан қоғамдық өмірге, ел басқару ісіне кірісуіне оның ес білгеннен-ақ салмақтай бастағанын көрсетеді. Аз уақыт, үш жыл болыс болып атқарған қызметі, ел ішіндегі қайшылық, дау-дамайдан қажыған Абай өз еркімен болыстықтан босайды. Заман қайшылығы Абайдың қайратын,қоғамдық күресін, озық ойын одан әрі дамыта түседі.Абайдың төтенше сьездерге қатысуы, жер дауы, жесір дауына билік айтуы, орыс әкімдерімен кездесуі, заң ережелерін жасауға, ағарту ісіне қатысы туралы архив деректері Абайды әр қырынан көрсете түседі.
1885 жылдары Абай қазақ елінің әдет-салтын, жете зерттей отырып, заң ережелерін жасауға белсене қатысады. Осы жылы Қарамола сьезіне заң ережесі жасалып, билер талқысынан өтеді. Абай сьезде төбе би сайланып, заң ережесін жасау тапсырылады.
Бұл қазақтар үшін жасалған заң ережесі 1886 жылы генерал-губернатордың бұйрығымен Қазан қаласында басылып шығады. Ереже 74 баптан, яғни 74 статьядан тұрады. Абайдың қатысымен, басшылығымен жасалған заң ережесі қай жағынан болса да бұрынғы қолданып жүрген әдет-заң жоралғылардан әлдеқайда демократтық жағынан көзге түседі. Және, Ресей заңдарымен сәйкестендіре жасалады. Бекітілген заңды қазақ елінде жүзеге асыру ісіне Абай ерекше үлес қосады.
Осы жылдары Абай ақындық еңбекке де беріліп, құнды көркем өлеңдер тудырады. 1886 жылы 18 өлең, 1887-88 бірнеше өлең, 1889 жылы 27 өлең жазады. Оның ішінде «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қалың елім қазағым, қайран жұртым», «Интернатта оқып жүр», «Мәз болады болысың», «Болыс болдым мінеки» сияқты әлеуметтік өлеңдері мен Пушкин, Лермонтовтан аударған аудармалары да осы кезде лүниеге келеді. Мұхтар Әуезов Абайдың осы жылдардағы өлеңдерін зерттей отырып, «өз заманына да, біздің дәуірімізге де Абайды қадірлі дана, анық классик етіп танитын ақындық жолдың нақтылы арналары осы жылдарда салынған» деп нақты тұжырым жасайды.
Абайдың 1880-жылдардағы қоғамдық қызметін сөз еткенде ақынның көзқарасының дұрыс қалыптасуына белгілі дәрежеде ықпал еткен «саяси қылмысты» деп табылған патша үкіметінен қуғын көріп, Семей қаласына келген әртүрлі ұлттардың өкілдерімен жақындасуын анық байқаймыз.
Ол кезде саяси қылмысты деп танылып, Сібірге жер аударылған орыс, украина, белорус, поляк, және тағы басқа ұллтардың зиялы қауымының үлкен тобы Семей қаласында болатын. Бұлардың көпшілігі Ресейдің ірі қалаларындағы жоғары дәрежелі оқу орындарында әрқайсысы әртүрлі мамандық алуға даярланып жүрген алдыңғы қатардағы студенттер еді.
1878 жылы Семей облыстық Стаистика Комитеті құрылады. Ол кезде Семей облысына: Семей, Кереку (Павлодар), Зайсан және Қарқаралы уйездері қарайтын. Осы кең байтақ аймақты мекен еткен халықтың тұрмысын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін, облыстың жағрафиялық жағдайын зерттейтін, ол замандағы бірден-бір ғылыми мекеме — Семей облыстық Статистика Комитеті болды.
Семейде 1878 жылы облыстық Статистика Комитетінің тұңғыш ғылыми хатшысы осы Е.П. Михаэлистің Абаймен танысып, достасуы 1871-72 жылдардан басталады. Абайдың өмірінде Михаэлистің алатын орны ерекше. Ол жөнінде Абайдың немере інісі Кәкітай Ысқақов Өзінің естелігінде: «Абайды орыстың белгілі жазушылары Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Салтыков-Щедрин, Тургенов, Белинский, Добтолюбов, Крылов, шығармаларымен таныстырған адам – Михаэлис еді. Ол туған әкемнен де артық еңбек етіп, менің дүниеге көзімді ашты деп отырушы еді» дейді.
Статистика Комитеті 1883 — жылы 24 сентябрьде (ескіше 11 сентябрь) Семейдегі тұңғыш мәдени-ағарту мекеме — облыстық өлкетану музейін ашып, оның жанынан қоғамдық кітапхана ұйымдастырады.
1884-1887 жылдырдың арасында саяси қуғын көргендер Семейге келгенде Абай 40 жастан жаңа асқан еді. Әрқайсысы 2-3 жылдан артық бұл өңірде тұра алмай басқа жаққа ауысып, Абай олардан ерте қол үзіп қалады. Әйтсе де, кемеліне әбден келген, орысша сауатты, батыстың, шығыстың классикалық әдебиетінің озық үлгілерімен таныс, қоғамдық өмірге белсене араласқан Абай жан-жақты қазақ екеніне таң қалдырады. Білімді қазақпен кезедесіп, достық жағдайда қарым-қатынас жасағандарына дән риза болады.
1883-1884 жылдары Абай және оның балалары Ақылбай мен Мағауия Семей қаласында өздері ұйымдастырған «Елге бастауыш білім беру» қоғамына мүше болып қабылданады. 1886 жылдан бастап Абайды қаладағы статистикалық комитетттің мүшесі етіп сайлайды, Абай өмірінің соңына дейін осы комитетке мүше болады.
Абай Михаэлиспен бірге Статистика Комитетінің жұмысына белсене араласады. Әсіресе Семей облыстық өлкетану музейін ашу және қоғамдық кітапхана ашу жұмысын ұйымдастыру мәселесіне ат салысып, іс жүзінде көмек көрсетеді. Мысалы, музейге, жасау — жабдығымен қазақ үй бастатқан, елуден астам зат тапсырады. Қазақтың тұрмыс — салтын, әдет-ғұрпын, мәдениетін көрнекті түрде бейнелейтін, Абайдың сый ретінде тапсырған заттары негізінде, музейдің этнография бөлімі құрылады.
Абайды ағартушы дегенде, ақынның халықты өнер-білімге шақырған өлеңдерін, насихат сөздерін ғана айтып жүрміз. Абайдың музей құруға белсене қатысқанын, статистика комитетінің және бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын қоғамның толық мүшесі болып, ол ұйымдардың жұмысына араласқанын анықтап, зерттеп еске алғанда ағартушы — Абайдың іс жүзіне еткен еңбегін айқын көреміз.
Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Қазақстан-Ресей университеті,
Абайтану ғылыми-танымдық орталығының директоры